Жыл сайын қазақстандықтар қаржы пирамидасын құрған адамдарға миллиардтаған теңгені өз қолымен «жинап беретіні» шын. Алданғандар, соңынан зар еңірегендер жетерлік. Оның үстіне, заңсыз ұйымдарға берген ақша кері қайтпайды. Бірақ осындай ушыққан жағдайға қарамастан қаржы пирамидаларының дәурені әлі жүріп тұр. Елде жыл сайын жүзге жуығы ашылады екен. Ал заң бұларға қалай мүмкіндік беріп қойды? Азаматтар неге алдана береді?
Өз-өзіне қол жұмсауға апарды
Таяуда қаржы пирамидасынан алданған әйел Нұр-Сұлтан қаласындағы Ішкі істер министрлігінің ғимараты жанында өз-өзін өртеді. Абырой болғанда 32 жастағы Бағила Досмаилова тірі қалып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, әйелдің жағдайы ауыр, аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған. Енді осы оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып жатыр. Әңгіме елді әбігерге түсірген Mudarabah Capital қаржы пирамидасына байланысты болып тұр. Қозғалған қылмыстық істе зардап шеккен адам ретінде танылған Досмаилова өз-өзіне от қоярдан бұрын Instagram парақшасына «егер өлсем, істі жабуға тырысып отырған Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Әбдірахманов кінәлі» деп жазған. Осы Әбдірахманов қаржы пирамидаларына қатысты істерде көп аталады. Досмаилова өз-өзін өртегеннен кейін Рустам Әбдірахманов Facebook парақшасына «Қаржы пирамидасына байланысты қылмыстық іс бойынша күдікті 14 адам бар, оның екеуіне халықаралық іздеу жарияланды» деп ақталғандай болды. Ал бұдан өзге 6 күдікті қамауға алынған, 3 адам сот шешімі бойынша кепілдікпен бостандыққа шыққан. Тағы екі адам үйқамақта, бір адам ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен еркіндікте жүрген көрінеді. Алда қылмыстық іс сотқа жіберіледі. Әйел жазалауды сұраған адамдар – сол баяғы вайнерлер. Әуелде Досмаилова Mudarabah Capital компаниясын жарнамалаған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты жауапқа тартуды талап еткен. Вайнерлер қаржы пирамидасы бойынша іске күдікті ретінде тартылса да 3 миллион теңгесін кепілге қойып, бостандықта жүр. Алғашқыда 5-10 жылға сотталуы мүмкін деген еді.
Әйел қаржы пирамидасына 20 миллион теңгесін берген. Негізі, осы оқиғаның алдында да алданған үлескерлер Алматы полициясына барып, тергеу әділетсіз өтіп жатқанын айтып, полицейлерді айыптаған. Міне, тілегі орындалмай, ашынған жанның ақыры қандай әрекетке барғанын көріп отырмыз. Ал Mudarabah Capital Досмаилованы ғана емес, 160 салымшыдан 2 млрд теңгеге жуық ақша жинап, бәрін сан соқтырып отыр. Рас, кейінгі жылдары Қазақстанда қаржы пирамидасына байланысты қылмыстық істер көбейді. Кейбір жеке компаниялардың өкілдері миллиардтап қаржы жымқырды. Тергеулер шамамен 10 мыңнан астам адамның алданғанын көрсетіпті.
Есеп ес жиғызбай тұр
Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі 2021 жылы 31 мыңнан астам қазақстандық қаржы пирамидасының құрбаны болғанын ресми хабарлады. Олар 54 млрд теңгеден астам қаржысын жоғалтқан. «Біз де қарап отырғанымыз жоқ» дегісі келді ме, әйтеуір ведомство өздерінде 65 қылмыстық іс жатқанын, 3 мыңнан астам жәбірленуші табылғанын мәлім етті. Бір қызығы, министрлік осы уақытқа дейін алданғандардың көп болу себебін «қылмыскерлердің қызметі экономикалық белсенділіктің жоғарылауымен, халықтың инвестицияға қызығушылық таныта бастауымен байланысты, сұраныс ұсынысты тудырады» депті. Біріншіден, қаржы пирамидаларына қаржы салуды инвестицияға балағаны түсініксіз. Екіншіден, шынайы жағдайды «халықтың қызығушылығымен» бағалауға болмас. Қызығушылықтан бұрын бұл әрекет «тез байып кетемін» деген дәмеден шығады. Шамасы, ведомство өкілдері де өздерін «инновациялық жоба», «тиімділігі жоғары бизнес», «бірегей», «аса тиімді», «табысқа кепілдік береміз» деп жарнамалаған қаржы пирамидаларына иланатын секілді.
2015-2020 жылдары елімізде «Қаржы пирамидасын құру» бабы бойынша 555 іс қозғалған. Сондағы 13,6 миллиард теңге шығынның бар болғаны 3 пайызы, яғни 399,7 миллион теңгесі ғана салымшыларға қайтарылған.
Психика құрылымын өзгерте алмаймыз
Иә, қаржы пирамидаларының жұмыс істеу механизмдері өте көп. Көбіне әр қатысушыдан өзімен бірге жаңа адам әкелуді талап ететін классикалық көпдеңгейлі қаржы пирамидалары танымал. Барлық қатысушы ортаға ақша салады, ал бұл ақша олардың өз арасында бөлінеді. Адамдарға тартымды көрінетін «қыруар пайда» осылай түзіледі. Мұндай пирамида ерте ме, кеш пе, бәрібір құлайды. Өйткені оның жұмысы жалғасуы үшін «инвесторлар» үздіксіз көбейіп, үнемі өсіп отыруы керек. Соңғы кездері пирамиданың негізін қалаушылар «алтын, мұнай, криптовалюта сатамын» дейтін әдет шығарған. Олар құрған механизм бірнеше айда құлауы да, өте ұзақ уақыт жұмыс істеуі де мүмкін. Мұның барлығы бұрын да айтылған. Алайда адамдар осындай жалған ұйымдарға неге алданып қала береді? Әйтпесе, ескертудің кемі жоқ. Кей адамдар осы әрекетке саналы түрде баратындай көрінеді. Мәселен, бір қаржы пирамидасы жаңадан құрылғанын білсе де жарна төлеп, кіреді. Неге? Өйткені алғаш кіргендер ақшасын өндіріп алады, алданатын кейін кіргендер деген де түсінік бар. Психолог Балабек Сақтағанов «тез баю» деген ойға адамдар саналы түрде алдана беретінін айтады.
– Психиканың құрылымы өзгермейді. Яғни, адам бәрібір тез арада оңай ақша тапқысы, байып кеткісі келіп тұрады. Осындай түсінік жан-жақты ойлауға таңдау қалдырмайды. Ал өмірде мұның бәрі керісінше болып жатқанына мән бермейді. Тіпті, қаржы пирамидасына алданғанын жақындарынан жасырып, айналам «мазақ қылмасын» деп оны айтпай жүретін адамдар көп. Экономиканың адам психологиясына әсерін ескерген жөн. Егер қазіргідей уақытта қарасақ, жұрттың қарызы көп, кредиті жетіп артылады, осы хал адамға тез байып кетуді ойлантады. Мысалы, мен өз тәжірибемнен бірнеше адамды көрдім. Қаржы пирамидаларына бір рет емес, бірнеше рет алданғандар бар. 4 рет, тіпті 5 рет бас сұғып, ақырында алданып, қарызға батып, депрессиялық жағдайға түскендер жүр. Яғни, адам мұндайға саналы түрде барады. Екінші мәселе – жұмыссыздық. Жұмысы барлардың өзі еңбектенгісі келмей, айналып келіп, тез баюды ойлайды. Қаржы пирамидаларына адамның санасын жаулап алу үшін аса бір керемет техника керек жоқ. Ел танитын 1-2 адамды көрсетсе, соның аузынан шықса, өзі де бейімделіп тұрған адам тез алданады. Елімізде пирамидалар құрылғалы бері барлығының жұмыс істеу схемасын қарап отырмыз. Бір-бірінен еш айырмасы жоқ. Айтатын сөзі мен жарнамасы, жүйесі бірдей. Қорыта айтқанда, бір елде халықтың күнкөріс деңгейі төмен болған сайын, осындай жалған ұйымдарға алданатындар да көбейе береді, – дейді ол.
Жалған қаржылық ұйымдар құзырында депозиттерді қабылдауға рұқсат беретін Ұлттық банктің лицензиясы, жарғысы және мемлекеттік тіркеуден өткен реттік нөмірі жоқ болса да, ел аумағында емін-еркін жарнамасын жүргізе беретіні қызық-ақ. Қаржылық капиталы туралы мәлімет те жоқ. Сөйте тұра, ұйымға келгендерге мүшелік жарна төлеуді міндеттейді. Сонда мұның бәріне заң жүзінде рұқсат беріп қойғанбыз ба?
Заңның осал тұсы қайсы?
Жалған ұйымдар түрлі жолмен ашыла береді. Қаржы ұйымы ретінде, тұрғын үй нарығындағы компания болып немесе тұтыну кооперациясы атанады. Әрі қарай заңсыз ісін дөңгелете жөнеледі. Көптеген мемлекетте осындай қитұрқы алаяқтық іспен шұғылданатын компанияларға, қаржылық пирамиданы құратындарға заңмен тыйым бар. Бізде де Қылмыстық кодекске 2014 жылы түзету енгізілген. Заңға қайшы келгендер 7-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Жарнама туралы қолданыстағы заңның 13-бабында «қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады» деп те жазылған. Бұл тікелей жаңағы вайнерлерге қатысты тармақ.
Бірақ қаржы пирамидаларын әшкере еткенімізбен, оларды еліміздің заңы бойынша жазалау мүмкін емес. Басым көпшілігінің бас кеңсесі АҚШ, батыс елдерінде немесе Ресейде орналасады. Қолдан келер қайран – жұмысын тоқтату. Болды. Қылмыстық кодекстің аталған бабымен олардың бәрін қамту қиын. Яғни, Қазақстанның «қаржы пирамидаларына» шектеу қоятын заңды жетілдіру қажет. Заңгер, елге белгілі адвокат Абзал Құспан да қоғамда қаржы пирамидаларының ықпалы артып бара жатқанын айтады.
– Бұл мәселені бір жағына шығаратын кез келді. Әзірге осы проблема негізінде заң шығару процесіне белсенді араласпақ ниеттеміз. Жалпы, мәселені шешудің екі түрлі бағытын қолға алған жөн. Біріншісі, қазір қолданыстағы салалық заңнаманың кем-кетік тұстарын түзеп, жетілдіру керек. Екіншіден, азаматтарға барлық мән-жайды ашып көрсетіп, түсіндірген дұрыс, – дейді маман.
Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігі 2-тармағы («Қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету») бойынша ел аумағында қаржы пирамидаларының бөлімін ашып, оған жетекшілік еткендер айыпталады. Алайда заңсыз ұйымды түбімен құртпайды. Міне, осал тұсымыз – осы. Жалпы, соңғы 3 жылда сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде Қылмыстық кодекстің 217-бабы (қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету) бойынша 365 материал тіркелген. 126 адам жауапқа тартылып, 38-і сотталып, қалғанына қатысты тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
ТҮЙІН:
Жақында Мәжіліс депутаттары да бір мезет бас көтеріп, қаржы пирамидаларына қатысты мәселені жөнге келтірудің қажеттігін айтып, үн қосты. Бірақ уақытша дүние болып, бұрынғыдай ұмытылған көп мәселенің бірі болып қалмаса дейміз. Әйтпесе, алданған азаматтар күн сайын өспесе, кемімейтін тәрізді. Ал мұның артында әркімнің тағдыры тұрғаны аян.