Елімізде жалпы білім беретін 7 440 мектеп бар. Оның ішінде 3 809-ы қазақ тілінде, 1 287-сі орыс тілінде білім берсе, қалған 2 319-ы – аралас мектептер. Осы аралас мектептерге қатысты түйткілді мәселе бір топ зиялы қауым мен ұлт жанашырлары бас қосқан дөңгелек үстелде кеңінен сөз болды.
Көш басында – Нұр-Сұлтан мен Алматы
Аралас мектептердің саны жағынан еліміздегі ең ірі екі қала Нұр-Сұлтан мен Алматы көш бастап тұр. Нақты сандарды сөйлетсек, елордамыздағы 99 мектептің 35-і – қазақ, 8-і орыс болса, қалған 56 білім ошағы аралас мектеп мәртебесін иеленген. Бір қызығы, осы аралас мектептердегі орыс сыныптарындағы оқушы санының көп бөлігін қазақ балалары құрап отыр. Дөңгелек үстелді ұйымдастырушылар келтірген мәліметке сүйенсек, ел астанасында қазақ тілінде оқитын оқушылар саны – 114 442 бала. Пайызға шаққанда, қаладағы жалпы оқушы санының 54,8 пайызын құрап отыр. Ал орыс тілінде 93 312 оқушы білім алып жүр. Бұл – астаналық оқушылардың 44,7 пайызы. Ең қызығы, осы орыс тілінде білім алатын оқушылардың дені – қазақ балалары. Нақты цифрмен келтірер болсақ, 62 398 қаракөзіміз орыс сыныптарында отыр. Нұр-Сұлтан қаласында бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндердің 52 пайызы қазақ, 48 пайызы орыс сыныптарын таңдайды екен. Алматы аралас мектептер саны жағынан алдыңғы шепте тұр. Мегаполисте 207 мемлекеттік мектеп бар. Оның 70-і 100 пайыз қазақ сыныптарымен қамтылғандар. Шаһардағы орыс тілінде білім беретін мектептердің саны 64-ті құрайды. Сонымен қатар ұйғыр тілінде білім беретін 3 білім ошағы бар. Ал аралас мектептердің үлесі қазақ мектептерімен тең болып тұр. Алматыда 70 аралас мектеп бар. Бұған қоса, оңтүстік астанада 60-тан аса жекеменшік мектеп бар. Дөңгелек үстелге қатысқан тіл жанашырларының пікірінше, олар да өз кезегінде аралас білім беретін ошақтардың санын арттырып отырған көрінеді. «Еліміздегі ең үлкен екі қаладағы осындай қысқаша статистикалық мәліметтерден-ақ, аралас мектептердің мемлекеттік тілді дамытуға қаншалықты кесірі тиіп отырғанын бағамдауға болады», – дейді дөңгелек үстелге қатысқан, Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.Қазақ мектебі бөлек, орыс мектебі бөлек болсын
Белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелді, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов,қоғам қайраткері Амалбек Тшанов, публицист, жазушы Марат Тоқашбай, саясаткер Дос Көшім бастаған бір топ тұлғалар қатысқан жиында түрлі пікірлер мен ұсыныстар айтылды. Кейбір қатысушылар еліміздегі «орыс мектептері мен сыныптарын біржолата жабу керек» деген де пікірін айтып қалды. «Аралас мектептің қазақ сыныбында оқыған бала бәрібір орыс тілінде қарым-қатынас жасайтыны бұл күнде дәлелденіп отыр. Бұл үрдіс көптеген қара көздеріміздің ұлттық рухтан алыс болып өсуіне өз әсерін тигізеді», – дейді публицист Марат Тоқашбай. Ұйымдастырушылардың айтуынша, талқылауда көтерілген барлық ұсыныс-пікірлер негізінде қаулы қабылданатын болады. Ол қаулы ары қарай шешім шығару үшін Президентке, Үкіметке, Парламентке жолданбақ.Талғардан тағы бір аралас мектеп ашылмақ
Дөңгелек үстел барысында қаралған екінші мәселе – Алматы облысы Талғар қаласындағы №9 мектептің жағдайына қатысты. Жалпы, осы білім ошағының жайы біраздан бері біршама БАҚ беттерінде айтылып, жазылып жүр. 1992 жылы салынған жалпы білім беретін қазақ мектебі бұл күнде барлық жағынан тозығы жеткен. Бұған дейін неше рет жазылған арыз-шағымдар мен талқылаулардан кейін тиісті орындар №9 мектептің орнына жаңа мектеп салуға уәде берген. Тіпті, жергілікті әкімдік соңғы уақыттарға дейін қаладағы тау баурайынан салынып, пайдалануға берілгелі тұрған жаңа мектепті «осы ескірген білім ошағының орнына салып жатырмыз» деген еді. Алайда мектеп құрылысы бітуге жақындағанда барлығы басқаша өрбіген. Бұл мектепті аудан басшылары аралас мектеп ретінде ашатынын мәлімдеген. Яғни, жыр болған №9 мектеп тозығы жеткен ескі ғимаратта қала бермек. Осы жиынға қатысқан ата-аналар мен ұстаздар, жауапты тұлғалар «жаңа мектепті бізге қимай отыр» дегенді айтты. «Талғар қаласында жоғары тау баурайында салынған жаңа мектепті Т.Рысқұлов атындағы №9 мектеп ұжымы мен оқушылары асыға күтіп отыр едік. Мектеп құрылысы бітіп, жақында қолданысқа берілетіні қуантса да, «аралас мектеп болады» деген жаңалық қуанышымызды су сепкендей басып тастады. Осы мәселені айтып жүргенімізге жарты жылдай болып қалды. Ең соңғы технологиямен жабдықталған жаңа білім ошағын қазақ мектебіне бермей отыр. Біздің оқушыларымыздың құқығын кім қорғайды», – деді аталған мектептен келген ұстаз Сәния Нүсіпәлі.Оқушы жинауға басшылар кедергі келтіріп отыр
Жергілікті басшылардың жаңа мектепті тозығы жеткен №9 мектепке бермеудегі айтқан себептерінің бірі – жаңа мектепке көшу үшін бала саны сәйкес келмейді. «Жаңа білім ошағы – 1 200 орындық. Сендерде бала саны аз. Сондықтан оқушы санының жетпеуіне байланысты бере алмаймыз» дейтін көрінеді. Ал мектеп ұстаздары болса, жетпей тұрған аз баланың орнын толтыру ешқандай қиын емесін, тек бала жинауға шенеуніктердің өзі кедергі жасап отырғанын айтады. «Қажетті деген 1 200 оқушыны жинау – ешқандай мәселе емес. Қазірдің өзінде 800-дей оқушының арызы жиналып тұр. Ал мектеп ашылса, аралас мектептерге амалсыз барып жүрген оқушылар өздері-ақ қуана-қуана келеді. Осылайша, жоспарланған орын санын тез толтыруға болады. Қиналып отырғанымыз – басшылардың өздері оқушы жинауға кедергі жасап отыр. Мәселен, «Алматы облыстық мәслихатының хатшысы Жанболат Жөргембаевтың «Ешқандай қазақ мектебі ашылмайды, аралас мектеп болады! Мектепке оқушы қабылдау туралы хабарламаны таратуды тоқтатыңдар!» дегенін қалай түсінуге болады?» – дейді Талғардан келген мектеп ұстаздары. Демек, аралас мектептің ашылуына мүдделі болып отырған өзіміз секілді. Әйтпесе, қазақ мектебі ашылса, баласын сол мектепке апарудан қашпайтын ата-аналар да жетерлік. Сондықтан жұрт болып жұмыла кірісіп, аралас мектептің санын азайтуды қолға алсақ, игі еді.Алматы қаласы