Аралас мектептер азайған жоқ
Аралас мектептер азайған жоқ
448
оқылды

Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің әлі де болса тұғыры­на қона алмай тұрғанына себепші болатын бірқатар фактор бар. Солардың бірі – аралас мектептер. Әрине, бұл ең алдымен қазақ отбасыларының санасына «орыс сыныптарында білім сапалы» деген ескі түсініктің берік орнығуы­ның салдары болар.

Отарлықтан кейін де оңалмай отырмыз

1937-1938 жылдары елімізде 478 аралас мектеп болғанын ескерген белгілі ғалым Мекемтас Мырзах­мет­ұлы: «Аралас мектеп – отарлық саясаттың классикалық түрі» деген тоқтамға келген. Ал журналист-жазушы Қайым-Мұнар Табеевтің естелігіне сүйенсек, өткен ғасыр­дың 60-80-жылдары елде 700-ден ас­там қазақ мектебі жабылып, Ал­ма­тыда қазақтілді 3-ақ білім ошағы қалыпты. Бірақ көршілес өзбек, түркімен, тәжік мектептеріне ондай нәубет төнбеген. Кейін тәуелсіздік тұғырына ту тігіп, етек-жеңімізді жиғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін «үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы» деп атап көрсетті. 2012 жылғы Жол­дауын­да да: «2020 жылға қарай мем­лекеттік тілді меңгергендердің қа­тары 95 пайызға дейін жететін бо­лады» деген еді. Қазір сол белгі­ленген уақыттан кейін бір жыл өтті. Мектеп ауласында ойнап жүрген қазақ балалар мен оларды алып кетуге келген ата-аналардың Ре­сей­дің мемлекеттік тілінде шүйір­ке­­лесуінен көзделген межеге жету­дің ауылы алыс екені аңғарылады. Сон­­­­дықтан қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы орыс сыны­­бында оқитын балалардың қазақ тілін білмейтінін айтып, қазіргі білім саласы басшыларына аралас мектептердегі идеологияның да бөлек екенін ескертті. Енді ресми статистикаға жү­гініп көрсек, елімізде 3,5 миллион­нан астам оқушы бар екен. Оның 2 мил­лион 650 мыңнан астамы – қазақ, 403 мыңдайы – орыс, 141 мың­дайы – өзбек, 55,6 мыңы – ұйғыр, 31,4 мыңы – украин, 29 мыңы – неміс, 25,3 мыңы – әзер­байжан. Осы ұлт­тық құрам бо­йынша қазақ оқушы­лардың саны басым бола тұра, 1,5 миллионға жуық бала 2 047 аралас тілді мектепте білім алып жатыр. БҒМ Ұлттық білім беру де­ректері қоры­ның биылғы мәліме­тінше, аралас мектептері басым өңірлердің көшін Алматы облысы бастап тұр. Ондағы 306 аралас мектепте 256 020 оқушы бар.

Он жылда оңбай қалдық

2020-2021 оқу жылдары елімізде жалпы саны 7 440 мектеп жұмыс істеді. Міне, осы 7,5 мыңдай білім ордасының тек 3 809-ы немесе 51,2 пайызы ғана таза мемлекеттік тілде білім береді. Бұл ретте қалаларда тек 744 қазақ мектебі орналасқан. Ал орыс тілінде білім беретін 1 287 мектеп бар десек, қалған 2 319-ы – аралас-құралас. Ең сора­қы­сы, сол аралас мектептердің 1 343-і ауыл­­дарда жұмыс істеп тұр. Қазақша білім ұйымдарының үлесі соңғы онжылдықта күрт қысқарған. Мыса­лы, 2010 жылы Қазақстандағы мектептердің 68,5 пайызы қазақтілді болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 51,2 пайызға дейін құлды­рапты. Солтүстік өңірлердегі өзге ұлт өкіл­дері тарихи Отанына үдере көшіп, жылына жүздеген ауылдың жабылып жатқанын ескер­сек, бұл енді орысша оқытатын 1-сы­ны­пқа өзіміздің қаракөздер ағылуда деген сөз. Өйткені аралас мектептердің саны сол 10 жыл бұрынғы 2 164-тен 2 319-ға дейін артқан. Оны білім саласына жауапты м­а­ман­дар «орыс мектептеріндегі балалар си­реп қалғандықтан, солардың ішінен қа­зақ сыныптарын ашып жатырмыз» деп түсіндіруге тырысты. Бірақ сарапшылар «Мәселе аралас мектептердегі қазақ және орыс сыныптарын ажыратып, бірыңғай орыс не қазақтілді мектепке айналдыруда болып тұр» деседі. Осы уәждің жаны бар сия­қты. Себебі орыс және аралас мектеп­терде тек орыс тілінде білім алатын бала­лардың саны 10 жыл бұрынғы 857 308 ба­ла­дан әлдеқайда артқан.
Қазір елорда қазақтарының өзі әкім­діктен қазақ мектептерін орысшаға не ара­ласқа айналдыруды талап етуде. Мы­салы, таяуда Бауыржан Момышұлы даң­ғылы бойында №92 жаңа мектеп-гимназия іске қосылды. Ол биылғы қыркүйекте оқу­­шы­лар қабылдауға дайын. «Жаңа мек­тептің әкімшілігі оның оқыту тілі қазақша болатынын хабарлады. Бірақ оның айна­ласындағы тұрғын үй кешендерінде орыс тілінде оқитын балалар да тұрып жатыр. Олар іргеде мектеп тұрғанына қарамастан, бә­рібір қаланың әр түкпіріне ағылуға мәж­бүр болады. Жолдың арғы жағындағы ескі №70 гимназия онсыз да 100 пайыз қазақша оқытады. Сол себепті біз жаңа мектептегі сыныптардың жартысын орыс тілінде оқытуға көшіруді сұрап отырмыз. Біздің балаларымыздың да орыс тілінде білім алуға мүмкіндігі болуы керек», – дейді Дина Сарбасова деген тұрғын. Сондай-ақ орыстілді қазақтары ба­сым сол жағалау тұрғындары басында қазақ­тілді болып жұмысын бастаған №89 мектепті аралас мектепке айналдырып тынған болатын. Ол туралы Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқар­масы­ның басшысы Шәкәрім Сейсенбай мәлімдеді. «Қазір қалада 91 мемлекеттік мектеп бар. Соның ішінде 31-і таза қазақ, 8-і орыс мектебі бол­са, қалған мектептердің бәрі аралас. Ата-аналар Білім басқармасына келіп, орыс тілінде оқытатын сыныпты қажет етеді», – дейді ол.

Аймақтардағы ахуал қалай?

Биыл еліміздің 3 мегаполисінде мектеп оқушыларының қай тілде білім алып жатқаны белгілі болды. 2020-2021 оқу жылында елордада қазақ сыныптарында – 108 мың, орыс сыныптарында 85 мың бала оқыған. Ал Шымкентте қазақ сынып­тарын­да – 152 мың, орыс сыныптарында – 54 мың, тіпті өзбек сыныптарында 20 мың бала білім алыпты. Алматыда қазақ сыныптарындағы (140 мың) оқушылардан орыс сынып­тарын­дағылар (153 мың) басым болып шық­­ты. Ақмола облысында да сол, 555 жалпы білім беретін мектептің 159-ы ғана қазақша, 218-і аралас. Бір қызығы, Тәуел­сіздік алғалы Көкшетауда жаңа қазақ мек­тебі 2018 жылы бір-ақ салынған. Соны қос­қанның өзінде қалада мемлекеттік тілде білім беретін 4-ақ мектеп бар. Ал аралас мектептерде оқушы­лар үшін қазақ тілі – тек 45 минуттық тіл.
Сонымен қатар былтыр Қостанай об­лысы­ның Қарасу ауданында алғаш рет 320 орындық қазақ мектебі салынып жатыр деп бөркімізді аспанға аттық. Ол – өңірдегі жер көлемі, халық саны жағынан да іргелі ау­дандардың бірі. Әйтпесе, Қостанай қала­сының өзінде 17 орыс, 10 аралас мектептің арасында 6-ақ қазақ мектебі бар. Жалпы, облыста қазақша оқып жатқан балалардың үлесі барлық оқушының 3/1 бөлігін де толтыра алмай отыр. Ал ондағы халықтың 40 пайызы – қазақ. Демек, қазақ мектеп­терінде баласын оқытуға құлықсыз ата-аналар баршылық. «Мен бір қызық айта­йын, қаймағы бұзылмаған Торғай өңірінде қалың қазақ отыратын Жангелдин ауда­нында бірде-бір орыс жоқ. Бір-екі орыс болса, олардың өзі қазақша сөйлейді. Сон­да Иванов атындағы мектеп бар. Бұдан 15 жыл бұрын сол мектепте 400 оқушы, 40-50 мұғалім болатын. Бәрі қазақша сөй­лей­ді. Орыс мектебі деген аты болмаса, оқу­шылары орыс тілінде диктантты екіге жа­зады», – дейді жер­гілікті қаламгер Ақылбек Шаяхмет. Қазір жарты миллион халқы бар Қара­ғанды қаласында да 12 мектеп таза орыс тілін­де білім берсе, 10 мектеп қана мем­лекеттік тілде оқытады. Ал аралас мектеп­тердің саны – 56. Жергілікті 30 мыңнан астам қазақ баланың 10 мыңнан астамы орыс мектептеріне барып жүр. 2007 жылдан бері бірде-бір білім үйі салынбаған Петропавл қаласында 2019 жылы 3 қабатты нысан тұрғызылды. Бұл 6-шы қазақ мектебі еді. Алайда жалпы СҚО бойынша да 259 орыс, 114 қазақ және 95 аралас мектеп бар. Қазақ мектептерінде оқитын 12 мың баладан орысша білім алатын балалар саны 3 есе артық екен. Ал көрші Павлодар облысына тоқталсақ, «Павлодар қаласында 7 қазақ, 12 орыс мектебі бар. Қалған 18-і – аралас мектеп. Яғни, орыс мектебі қазақ мектебінен 1,5 есе көп. Екібастұзда жалғыз қазақ қыздар гимназиясы бар еді, оны да жауып тынды», – дейді қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі.

Еркеғали БЕЙСЕН