Түркістан облысының Шәуілдір ауылындағы балабақшада 1 жарым жасар баланы көлік қағып кеткен. Орташа ауыр дене жарақатын алған балаға Шымкент қаласындағы облыстық ауруханада ота жасалды. Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде бұл оқиғаға қатысты ақпарат басқаша тараған.
Отырар ауданы Шәуілдір ауылындағы «Болашақ» балабақшасының балаларды тасымалдайтын көлігі таңғы уақытта әдеттегідей балаларды жинап кетеді. Оның ішінде 1,5 жасар Хан Дидарұлы да бар. Сағат 11-лерде баланың анасы Ажар Пернебекке балабақшада баласының құлап қалғаны жөнінде хабар келген. Алып-ұшып жеткен ана баласының жамбасының ісіп кеткенін, басы мен бетінің сырылғанын көреді. Бүлдіршіннің анасының айтуынша, балабақша тәрбиешілері алғашында баласының жараланғанын жасырып, жақын маңдағы емшілерге алып барған. Кейін онысынан нәтиже болмай, бала шырқырап бара жатқан соң ғана анасына хабар беріпті. Тәрбиешілер балабақшаға жеткен бойда көліктен құлап түсті деп айтқан. Баланың түр-тұлғасын көрген ана оның құлап қалғанына сенбеді.
«Балам түсіп үлгермей жатып көлік сүйреп әкеткен сияқты. Өйткені алған жарақаты жай құлағанға ұқсамайды. Беті, иығы, аяқ-қолы сырылған. Жамбас тұсы сынған», – дейді Ажар Пернебек. Дереу жедел жәрдем шақырып, аудандық ауруханаға алып барған. Ондағылар шұғыл түрде ота жасау керек екенін айтып, облыстық ауруханаға жіберіпті. Ота жасаған дәрігерлер де баланы періште қаққанын айтады. Жағдайы орташа ауырлық дәрежеде екенін айтқан мамандар оның миы шайқалғанын, жарты жылдан соң тағы операция жасау қажет екенін ескертті.
«Сан сүйегінің жабық сынығы, жоғары үштен бір бөлігінен ығысуымен сынған. Сонымен бірге басы, бет аймағы мен иықтары, жамбас тұстарының сырылған жарақаттарымен келіп түсті. Баланың жамбасына операция жасалып, екі титан салынды. Жамбасына салынған темірді 6-8 айдан соң тағы бір операция арқылы аламыз», – дейді облыстық балалар ауруханасы жарақат бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Ғалым Байтөре.
Түркістан облысы