Кітапты сатып алу құқығы кімде?
Сөзіміздің әлқисасын әріден бастасақ. Жалпы, бізде әдебиетті мемлекеттік тапсырыспен шығарудың мынадай жолдары бар. Оның бірі – әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату. Бұған баспалар өздері тапсырыс беріп, авторды да өздері ұсынуға тырысады. Одан бөлек, қоғамдық маңызы бар деген кітаптарды іріктеп, бөліп, сарапқа салатын арнайы комиссия бар. Министрлік қоғамдық маңызы бар әдебиетті іріктеудің барынша ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдерді қабылдап алады және іріктейді. Ол үшін тіпті онлайн платформа да құрылған. Ең көп оң пікірге ие болған әдебиет белгілі бір мерзімге қоғамдық маңызы бар әдебиетке және оны басып шығаруға мүліктік құқықтарды сатып алу бойынша сараптама комиссиясының қарауына жіберіледі. Олар кітапты шығаруға бола ма, көркемдік құндылығы қандай, өзектілігін сарапқа салып, одан кейін ғана қорытынды шығара алады. Ол кітап қашан шығады, қай уақытқа жоспарланады, ол енді Мәдениет министрлігінің құзыретіндегі дүние. Біз хабарласқан баспагерлердің бірі (аты-жөнін көрсеткісі келмеді) кітап шығару ісі екі бағытта жүзеге асатынын жеткізді. Мәселен, әр жылдың соңына қарай баспалар өздері шығарғысы келетін ақын-жазушылардың тізімін ұсынады. Сөйтіп министрлік арқылы тендерге қатысып, жеңіп алады да, өзі ұсынған кітабын шығара бастайды. Ол кітапқа қаламақы беру мәселесін де баспагер өзі белгілейді. Өйткені бұған дейін әр кітаптың таралымы 2 мыңнан асқан жоқ. Мемлекеттік тапсырыспен шығарылған бұл кітап еліміздегі кітапханаларға тегін таратылады. Ал авторға болар-болмас қаламақы белгіленеді. Кей авторлар тіпті баспамен келісіп, қаламақыдан бас тартады да, оның орнына кітабын сатып алады. Яғни, қазақша «бартер» жасайды. «Ал кітап шығарудың екінші жолы – онлайн платформа арқылы дауыс беру. Дауыс көп жинаған әдебиет сараптама комиссиясының талқылауына түседі. Талқылаудан өткен кітапты сатып алады. Ол кітаптың құны белгіленеді, сол бойынша авторға қаламақы төленеді. Авторлық құқықты сатып алғаннан кейін оның құқығы авторға тиесілі емес. Әрі ол кітапты қай уақытта шығаратынын да мемлекет өзі біледі», – дейді баспагер.Мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптарға сүзгі жоқ
Ал сыншы Анар Қабдуллина «заң қабылданбаса, бәрі негізсіз» деп санайды. Оның пайымдауынша, «ҚР Мәдениет туралы Заңында» көркем әдебиет, баспа ісі туралы бір ауыз сөз жоқ. Жыл сайын әдебиетке мемлекеттен қыруар ақша бөлінеді, егер көркем әдебиет, баспа ісі саласының заң шеңберінде «сайда саны, құмда ізі жоқ» болса, ол ақшалар қандай негізде, не мақсатта бөлініп отыр деп күйінеді. «Былтыр «Балалар әдебиеті жылына» деген 127 млн сол күйі қайда кеткенін білмедік. Әрине, заң жоқ болса, сұрауы да жоқ. Экс-министр Ақтоты Райымқұлова: «Балалар жазушыларына грант бөлінеді» деп емексітіп бір қойған. Нендей ақша бөлінсе де, ол қаламгер қолына тиер-тимесі неғайбіл, себебі, сол грант пен қаламақы қай негізде берілмек? Ресейдің Мәдениет Заңымен салыстырып отырып қарадым, екеуі өте ұқсас дегенмен, біздің Заңнан неге «көркем әдебиет», «баспа ісі» алынып тасталған, ал оларда тайға таңба басқандай анық көрсетілген? Жыл сайын әдебиетке деп млрд тақау ақша бөлінеді, кітап шықты, кітапханаларға тегін таратылды» дегенді ғана естиміз», – дейді сыншы. Шығып жатқан кітаптардың да сүзгіден өтіп жатпағанын, оған ешқандай сын-пікірлер айтылмайтынын да жоққа шығармайды. Кейбір ақын-жазушылар мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың авторды емес, баспагерлерді байытып отырғанын айтады. Ал баспагерлер болса, «кітап шығару ісіне реформа керек» деп шырылдап жүр. Өйткені отандық баспалардың дені мемлекеттік бағдарламаға арқа сүйеп отыр. Жылына бірлі-екілі кітабын шығарса, соның өзі оларға демеу. Соңғы 30 жылда баспа нарығы қалыптасқан жоқ. Рас, еліміздегі баспалардың көбі жекеменшік. Мемлекеттік баспа да, баспахана да жоқ. Солай бола тұра, жекеменшік баспалар да мемлекеттік тапсырыспен күнелтіп отыр. Бүгінге дейін қазақтілді кітаптар қолжетімсіз екенін айтып та, жазып та келдік. Тың шығармалардың, авторлардың да насихаты кемшін. Кей авторлар жекелеген қаржысына немесе демеушілердің қолдауымен кітап шығарады. Отандық баспа нарығында қазақтілді кітаптардың көсегесі көгеріп отырса, ол да осы саланың жанашырларының арқасы. Сонда олқылық қайдан кетіп жатыр? Әрине, әлеуметтік желіде пікір қайшылығы туындап жатса, ол кітапты шығармау керек деген сөз емес. Мәселе – қандай кітапты және қай бағаға шығаруда болып тұр. Яғни, «әлеуметтік маңызы бар әдебиетті» анықтау...Ішкі мазмұны мен көркемделуі сай келсе...
Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса мемлекеттік тапсырыспен басылып шығатын қоғамдық маңызы бар әдебиет бойынша екі түрлі бағдарлама барын, оның біреусі – осы санаттағы кітаптарды басып шығару және тарату болса, екіншісі, сатып алу, басып шығару және тарату екенін айтып отыр. «Мемлекеттен бөлінетін қаражат бойынша тендер ұтып алатын баспалардың жауапкершілігі жоқ деген сын жиі айтылып жүр. Қаламгерлер тарапынан келіспеушілік, баспалардың немқұрайлығы туралы жиі айтылады. Бұл мәселелер министрлікте өткен жиналыс барысында да қозғалды. Өткен жылы да «баспаға жауапкершілікті күшейту керек екенін» сөз еткенбіз. Себебі баспалар кітапты республикалық кітапханаларға таратуды ғана көздемеуі керек, нарыққа шығуды да ойластырған жөн. Нарыққа шығу үшін ең алдымен сапа болуы керек. Ішкі мазмұны мен көркемделуі сай болуы тиіс. Осы тараптан бірқатар ескертпелер берілген еді», – дейді депутат. Мәжіліс депутатының айтуынша, классикалық шығармаларды насихаттау үшін оларды жас ақын-жазушылардың шығармаларымен қатар қойып, дауыс берген дұрыс емес. Классикалық бағытты бір бөлек, жаңа шығармаларға жаңаша серпін берген жөн. «Мемлекеттік тапсырыспен шығарылатын кітаптардың жиі қайталанбауын ескерген ләзім. «Министрлік кітаптарды неге өзі сараптайды? Мұны да Кітап палатасы, не болмаса Жазушылар одағы реттеу керек» деген де пікірлер бар. Сондықтан қоғам тарапынан түсіп жатқан ұсыныстарға бей-жай қарай алмаймыз. Бұл мәселені де алдағы уақыттарда талқылайтын боламыз. Мүмкін тәуелсіз сарапшылар тобын құрған дұрыс болар», – дейді Мақпал Мыса. Министрлік әлеуметтік маңызы бар әдебиетті іріктеуге байланысты сауалымызға: «Елімізде баспа ісін қолдау, әдебиетті сатып алу, басып шығару тәртібін жетілдіру, баспа саласында көрсетілетін қызметтердің ашықтығын көрсету мақсатында 2020 жылғы 2 қарашада «Мәдениет туралы» Заңның 24-1-бабының 4-1), 4-2) - тармақтарына толықтырулар енгізілді, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығарудың критерийлері белгіленді. Олар:- Көркемдік құндылықтың болуы;
- Зияткерлік-білім беру және танымдық мазмұны;
- Рухани-адамгершілік мәдениетті тәрбиелеу;
- Тарихи шынайылық;
- Берілген тақырыпқа сәйкес келетін сапалы иллюстрациялық және бейнелеу материалдар (болған жағдайда);
- Аударманың әдебиеттің түпнұсқасына сәйкестігі» дейді. Министрліктің айтуынша, 2021 жылдан бастап қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және таратуда жеке және заңды тұлғалардың (авторлар немесе баспалар тарапынан ұсынылған өтінімдер) өтінімдерін қабылдау қызметін Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы (бұдан әрі – Кітап палатасы) жүзеге асыруда.
АЙЫМ БЕКТҰР