Он жыл бұрын салынған мектеп жабылды. Неге?
Он жыл бұрын салынған мектеп жабылды. Неге?
254
оқылды
Мемлекеттік «Нұрлы көш» бағдарламасымен бой көтерген Өскеменнің іргесіндегі Шығыс ауылында осыдан 11 жыл бұрын ғана салынған Абай атындағы №33 мектеп жабылып қалды. Білім ордасындағы 796 оқушының 492-сі басқа мектептерге ауыстырылса, қалғаны амалсыздан онлайн оқуға көшкен көрінеді. Карантинге байланысты балаларын онлайн оқытып, опық жеген ата-аналар қашықтан оқуға қарсы болып отыр. Сыртынан қарасаң жарқырап тұрған жап-жаңа мектептің жарамсыз күйге түскеніне ішіне кіргенде көзіңіз жетеді. Мұндағы алғашқы ақау өткен жылы байқалыпты. Күзде қар аралас жаңбыр жауғанда төбеден су тамшылап, асхананың қабырғасы қақырай бастаған. Мектеп директоры Есімхан Әкітбаевтың айтуынша, нысанда жертөле жүйесі жоқ. Еденнің астында орналасқан су құбырлары дұрыс көрінбейді екен. Содан да болар, мектептегілер топырақтың отырғанын аңғармаған көрінеді. «Желтоқсан айында су құбыры жарылды. Сол кезде төтенше қызмет өкілдерін шақырдық. Кейін инженерлер келіп тексерді. Құбырлар дәліздің және асхана еденінің астымен тартылған екен. Тәуелсіз сарапшылар жіті тексеру жүргізіп: «су құбырының жарылуынан мектептің асхана, дәлізіндегі едендері отырып және қабырғалары жарылды» деген баға берді. Жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша ғимараттың қауіпсіз және ақаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бірінші қабаттың еденін жаңа материалды қосу арқылы қолданыстағы негізгі топырақты нығыздау және еденді торлы арматурамен қайта жабу керек екен. Сондай-ақ сумен жабдықтау желілерін де ауыстыру қажет. Мектептің жағдайын арнайы зерттеген сараптамалық топтың қорытындысы бойынша мектеп апаттық жағдайда деп танылған жоқ. Тек қабырғаларының сетінеген жерлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды», – дейді мектеп директоры. Негізінен мектептің асхана бөлігі апатты деп танылған. Бастапқыда қабырғаға жай ғана сызық түссе, қазір кей жердегі жарықтар 3 сантиметрге дейін жетіпті. Жағдайдың күннен-күнге ушығып бара жатқанын байқаған мектеп басшылығы төртінші тоқсан басталған соң нысанды жабуға мәжбүр болыпты. «Қазір 315 оқушы Ново-Явленка ауылындағы мектепте оқып жатыр. 4, 9, 11 сынып оқушылары (олардың саны – 115) Ахмер ауылындағы №49 мектепке екі автобуспен жеткізілуде. Екі мектепке сыймаған 304 оқушы онлайн оқып жатыр. Мұғалімдер екі мектепке бөлініп, жұмыстарын жалғастыруда», – дейді Есімхан Әкітбаев. Ата-аналар онлайн оқудың қиынға соғып жатқанын айтады. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен» демекші, ауылдағы интернеттің нашарлығы да оқуға кедергі. «Онлайн оқудың қандай екенін карантин кезінде көрдік қой. Балалардың білімі төмендеп кетті. Айдың-күннің аманында тағы да онлайн оқып жатырмыз. Ауылда интернет нашар. Оның үстіне бір үйде сабақ оқитын бес-алты бала бар. Олардың жағдайын жасап, интернет тауып беру қалтаға да салмақ салады», – дейді Шығыс ауылының тұрғыны Айнұр Нұрмұхамбетова. Осы ауылдың тұрғыны Мира Сәкеннің үш баласы мектеп жасында. Қазір үлкені №49 мектепте, қалған екі баласы үйде оқып жатыр. «Онлайн оқу бала тұрмақ, ата-анаға да қиын. Екі баланы оқыту тіпті қиын. Сақылдап тұрған интернетің болса бір сәрі. Мектеп тезірек ашылса екен», – дейді ол. Сонымен мектепте жөндеу жұмыстары қашан басталады? Мектеп директоры Есімхан Әкітбаевтың сөзіне сенсек, ғимараттың апатты деп танылған бөлігіне мамандар сараптама жасаған. Сол сараптама негізінде бюджеттік өтінім берілген. Соның негізінде қалалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге 10 миллион теңге бөлініпті. Мектепке жөндеу жұмыстарының нақты қай уақытта басталатыны, оған қанша қаражат жұмсалатыны әзірге белгісіз. «Барлық техникалық қажетті жұмыстар жүргізілгеннен кейін жөндеу жұмыстарының көлемі белгілі болады. Қанша қаражат жұмсалатыны да сол кезде анықталады», – дейді Өскемен қалалық Білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагөзова. Айта кетейік, бұл мектеп 2011 жылы 1 қыркүйекте пайдалануға берілген. Білім ордасын салған – «Құмаров және компания» құры­лыс фирмасы. Ашық дереккөздеріндегі ақпараттарға сүйенсек, компания басшысы 2013 жылы қамауға алынған.

ТҮЙІН.

Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының аумағында 647 мектеп бар. Оның 154-і қалада, 493-і ауылда орналасқан. Ал олардың қаншасы апаттық жағдайда? Шығыс Қазақстан облысы Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің ұсынған мәліметтеріне сенсек, өңірде апаттық жағдайдағы 9 және үш ауысыммен оқытуға көшу қаупі бар 2 мектеп бар. «Қазір облыс әкімдігінде аталған мәселені шешу бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Нақты айтқанда, апатты деп танылған мектептердің орнына жаңа білім ордалары салынады», – дейді департамент басшысы Зейнеп Махсұтова.

Шығыс Қазақстан облысы