Әйгілі «Той жырының» авторы Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

Әйгілі «Той жырының» авторы Ұлықпан Сыдықов атындағы шығармашылық орталық ашылды

Алматыдағы Қаныш Сәтбаев атындағы ұлттық ғылыми зерттеу университетінде әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушылардың бірі, Ұлықпан  Сыдықов атындағы шығармашылық  орталық ашылды.  Орталықтың  ашылуына елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, оқу орнының басшылығымен қатар студенттері қатысты.   Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар арасынан  Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Темірхан Медетбек,  «Алаш» әдеби сыйлығының  лауреаттары  Ғұсман Жандыбаев пен  Бауыржан Жақып жыр оқыды.   Артынан айтыскер ақын Ринат Зайытов арнау арнаса,  әнші Мұқасан  Шаһзадаев әннен шашу шашты. Аталған өнер орталығының ашылуы негізінен Ұлықпан Сыдықовтың биылғы 75 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып отыр. Мерейтой иесі 1965 жылы сол кездегі  Қазақ политехникалық институтының Автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түскен. Содан бергі  бүкіл білім, ғылым және ұстаздық жолы осы қасиетті оқу орны, бүгінгі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде  өтіп келеді. Ұлықпан Сыдықов  аты аңызға айналған  «Дос-Мұқасан» өнер ұжымының бойтұмарына айналған «Той жыры» әнінің сөзін жазған авторы. Өнер мен ғылымды қатар алып келе жатқан  тұлға бұл күнде Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Педагогика ғылымдар академиясының академигі, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі. «Қазақ эстрадасының аңызы» халықтық атағының иегері.   Сонымен қатар ол  қазақ эстрадасының  қарлығашы  «Дос-Мұқасан» ансамблін ұйымдастырған азаматтардың қатарында болып, осы өнер ұжымының қаз тұрып, қанат қағуына, өз бет-бейнесін айқындауына, репертуарын байытуға үлкен үлес қосты. Ұлықпан Сыдықов  осы оқу орнында оқытушылықтан бастап проректорлыққа дейінгі еңбек жолынан өтті. Ол  22 жыл бойы проректор қызметін абыроймен атқарды.  Бұл күнде университеттің әйгілі ғалым ұстаздарынан құралған «Ақсақалдар алқасының» төрағасы, ректор кеңесшісі болып қызмет етуде. Оқу орнының қабырғасынан шымылдығын бүгін ашқан жаңа  шығармашылық орталық жастар үшін  бас қосатын  алаң ретінде ұйымдастырылып отыр. Орталықта  түрлі  конференция, шеберлік сабақтары, тренинг, семинар, сонымен қатар шығармашылық кездесулер өтетін болады.

   Алматы