Павлодар тұрғыны 40 млн теңгесін алаяқтарға аударған
Павлодар тұрғыны 40 млн теңгесін алаяқтарға аударған
© newsroom.kz
202
оқылды
Ол қылмыскерлерге өз картасының барлық деректерін берген, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында  облыстық Полиция департаменті  қылмыстық полиция басқармасының жедел уәкілі Аман Әубәкіров мәлім етті.
«Өңір тұрғындарына алаяқтар келтірген шығын көлемі 200 мың теңгеден 40 млн теңгеге дейін сома. Өткен жылы алдау жолымен Павлодар тұрғынының шотынан 40 млн теңге алған. Қылмыскерлер әлі ұсталған жоқ. Сол бір схема бойынша қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері деп таныстырған. Олар оның шотында ақша бар ма деп сұрады. Жәбірленушінің өзі оларға өз шотындағы және депозитіндегі нақты соманы айтып берген. Содан кейін алаяқтар оған барлық соманы аудару қажет болатын қауіпсіз шот дайындағанын айтты. Жәбірленуші барлық соманы аударған», – деді полиция майоры Аман Әубәкіров.
Оның айтуынша, ақша Украинаның банктерінің біріне кеткен. Аталған іс бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
«Егер сізге қауіпсіздік қызметінен немесе тіпті банктің «жеке менеджерінен» қоңырау түссе, сөйлесуді дереу тоқтатып, телефонды қою керек. Банк қызметкері бұл деректерді ешқашан сұрамайды және бірінші болып қоңырау шалмайды», – деп түсіндірді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Павлодар қаласы өңірлік өкілдер басқармасының басшысы Толқын Нұрмахин.
Банкте толық қаржылық деректер және несие тарихы бар. Сондықтан банк қызметкерлері бұл мәселелерді ешқашан телефонмен шешпейді. Бұл ақпарат тек алаяқтар үшін құнды.
«Егер сіздің картаңыз немесе шотыңыз бойынша күдікті операциялар орын алған жағдайда банк картаңызды бұғаттайды. Бұл туралы сізге мобильді қосымшада немесе SMS арқылы хабарлайды», – деді басқарма басшысы.
Егер қандай да бір мәселе болған жағдайда шотыңыз бойынша операциялар соңғы рет қашан жасалғанын банктен нақтылауға болады. Егер алаяқтар картадан қаражат алып үлгерсе немесе біреудің атына «бөтен» несие ресімдеген болса, онда банкке ішкі қызметтік тергеу жүргізу туралы өтініш жазу қажет. Осы өтінішке құқық қорғау органдарына өтініштің көшірмесін қоса беру керек. Спикер тұрғындарды тіркеу нөмірі бар өтініштің көшірмесін сақтауды ұмытпауға шақырады, өйткені егер алаяқтар біреуге несие алуға тырысса, ол адам оған қатыспағанын дәлелдей алады. Сондай-ақ, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге болады.