Мемлекет басшысы, Партия Төрағасы Қ.Тоқаев партияның кезектен тыс ХХI съезінде депутаттардың халықпен тікелей кездесуінің маңызын атап өткен еді. Осыған орай жоғарғы заң шығарушы орган өкілдері 17-26 ақпан аралығында ел ішін аралап, көпшіліктің мұң-мұқтажымен жіті танысып қайтты.
Есепті мерзім ішінде Парламент Мәжілісіндегі «AMANAT» фракциясының мүшелері 766 елді мекенде болып, 1 200-ден астам кездесу өткізді. Олар халыққа заң шығару қызметін түсіндірумен қатар, жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, азаматтарды қабылдады. Осы сапар барысында барлығы 2,5 мыңнан астам өтініш қаралып, олардың 321-i қолма-қол оң шешімін тапты. Бұл туралы «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында Мәжіліс депутаттары Берік Оспанов, Жұлдыз Сүлейменова, Альберт Pay және Екатерина Смышляева әңгімелеп берді.
Депутаттардың айтуынша, халықпен кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындарды жиі толғандыратын 1 209 түйінді мәселе анықталған. Олардың 40 пайызы әлеуметтік саланы қамтиды: денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және еңбекті қорғау. Сондай-ақ арыз-шағымның 30 пайызы заң шығару ісі және 21 пайызы экономиканың базалық салалары бойынша қойылған.
Баспасөз конференциясында Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова кездесулер кезінде көтерілген мәселелерді үш топқа бөлуге болатынын айтты: біріншісі, жергілікті биліктің құзырындағы тез шешілетін іс; екіншісі, ортамерзімді кезеңде шешімін күткен мәселелер; үшіншісі, Үкіметтің пәрменін немесе Парламенттің заң шығару қызметін қажет ететін күрделі проблемалар.
Депутаттар бұл күндері 40 мыңнан астам сайлаушымен кездесті. Азаматтарды қабылдау тек облыс, аудан орталықтарында ғана емес, шалғай ауылдарда да ұйымдастырылды. Олар қоғамдағы әрбір әлеуметтік топ өкілдерімен кездесті. Оның ішінде көпбалалы аналар да, мұқтаждығы ерекше жандар да, жұмыссыздар, басқалары да бар. Сапар барысында айтылған арыз-шағымдардың бәрі жинақталып, жүйеленіп-жіктелді. Енді әр бағыт бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
«Мәселен, бізге оқулықтардың авторлары, мектеп ұжымдары мен ата-аналар келіп, оқу әдебиетiнiң сапасына қатысты наразылығын білдірді. Өйткені оқулықты таңдау құқы берілгенімен, оның заңды механизмі жасалмаған. Осыған байланысты депутаттар тиісті заңға түзетулер енгiздi, ол қазір Сенаттың қарауында жатыр», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының баспасөз орталығында өткен жиында мәжілісмендер кездесулерде азаматтар ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қолдау, инженерлік инфрақұрылымды дамыту және т.б. мәселелерді көптеп көтергеніне де назар аударды. Жаппай қымбатшылыққа шағымданғандар да болған. Соның ішінде тұрғын үй бағасының күрт көтерілуі сөз болды. Бұл жерде қымбатшылықты нарықтың өзі тудырып отыр ма әлде ірі құрылыс компаниялары баға бойынша өзара сөз байласты ма деген де күмән тууы кәдік. Бұл туралы баспасөз конференциясында мәжілісмен Альберт Рау мәлімдеді:
«Мысалы, жекелеген материалдар туралы айтатын болсақ, отандық кәсіпорындар цементті ішкі нарыққа қажетті көлемнен екі есе артық өндіреді. Яғни оның қымбаттауына еш негіз жоқ. Сондай-ақ арматурамен нарықты 80 пайыз қамтиды. Мұндай жағдайда материалдардың жетіспеушілігі туралы айтудың өзі артық. Бұл жерде ең батысы қымбатшылық неден туындап отыр, соны анықтау қажет»,– деді мәжілісмен.