Дзюдодан Қазақстан ерлер құрама командасының бас бапкері, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиевтің қызметінен кетуі мүмкін деген ақпарат тарағалы бірнеше күн өтті. Содан бері дзюдошылардан да, осы спорт мамандары мен жанкүйерлерінен де маза қашты.
Біз мән-жайдың анық-қанығын білу мақсатында алдымен Ғалымжан Жылгелдиевпен хабарластық. Бас бапкер Дзюдо федерациясы президентінің міндетін атқарушы Асхат Жіткеевтің өзінен бөлек, жаттықтырушылар штабында жұмыс істеп жүрген Дидар Хамзаның әкесі әрі жеке бапкері Марат Файзиев пен Мұрат Кеңтоновты да қызметінен кетіруді ойлап отырғанын айтты. «Бізді қызметтен босату туралы құжатты дайындап, министрлікке өткізіп қойғанын естідім. Енді министр Дәурен Абаевтың қол қойғанын күтіп отыр», – деп жалғады әңгімесін білікті маман.
– Маған жүктелген міндеттерді ойдағыдай атқарып отырмын. Былтыр дзюдошыларым Токио Олимпиадасынан, әлем чемпионатынан жүлде алды. Сол нәтижемізді елеп отырған ешкім жоқ. Оларға бапкер ауыстыра салу оңай. Спортшыларды ойламайды. Менің дзюдошылар үшін жүрегім ауырады. Жұмыстан кетуден де қорықпаймын. Елдосты дайындаймын. Бірақ құрамадағы өзге де спортшыларды бірге жаттықтырғым келеді. Олардың жүлде алғанын қалаймын. Әлі күнге дейін бізді неліктен шеттетіп жатқанын түсіне алмаудамын. Қоржынымызда Олимпиаданың күмісі мен қоласы бар. Әлемдік жарыстарда да жүлдеден кенде емеспіз. Осының бәрін елемей, ештеңе түсіндірместен қызметімнен кетіруге әрекет етіп жатқаны тіпті ақылға сыймайды, – дейді Ғалымжан Жылгелдиев.
Ол сөз соңында қазір Париж Олимпиадасына дайындықты бастап кеткенін, биыл Азия ойындары мен әлем чемпионатына да қатысатынын, егер осы жарыстардан нәтиже көрсетпесе қызметінен өзі-ақ кететін жеткізді.
Бұл мәселеге қатысты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы ресми жауап берді. Комитет бас бапкерді ауыстырудың себебі ретінде ұлттық құрама спортшыларының Токио Олимпиадасындағы нәтижелері және 1-3 сәуір аралығында Анталияда (Түркия) өткен Grand Slam турниріндегі төмен көрсеткіші себеп болғанын атап көрсеткен.
«Қазақстан Республикасы дзюдо федерациясының ұсынысы негізінде құраманың бас бапкерін ауыстыру туралы шешім қабылданды», – деп жазылған ресми жауапта.
Әзірге Спорт комитеті мен федерация жаңа бас бапкердің кім болатынын хабарламады. Кейбір дереккөздердің мәліметі бойынша, бас бапкерлікке республикалық спорт колледжінде жаттықтырушы болып жүрген Нұрбол Сүлейменовті тағайындауы мүмкін екен.
Жалпы, Қазақстан 1996 жылдан бері Олимпиада ойындарында дзюдодан 4 медаль ғана жеңіп алғанын айта кетейік. Ең алғаш 2008 жылы Бейжіңде Асхат Житкеев күміс медаль еншілесе, одан кейін Елдос Сметов 2016 жылы екінші орын, 2020 жылы қола медальға ие болған. Ал қыздардан Моңғолиядан келген легионер Отгонцэцэг Галбадрах Рио Олимпиадасында үшінші орынға тұрақтаған.
Ал 2020 жылдың қараша айында ұлттық құрама тізгінін ұстаған Ғалымжан Жылгелдиев бас бапкер ретінде әлемдік Гран-при, Гранд-слэм жарыстарынан бөлек, Будапештегі әлем чемпионаты мен Токио Олимпиадасына құраманы бастап барды. Әлем біріншілігінде Ғұсман Қырғызбаев (60 келі) күміс медаль алса, Токио Олимпиадасында жеке шәкірті Елдос Сметов (60 келі) қола жүлдеге ие болды.
Дзюдодан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымжан Жылгелдиевті орнынан алады деген мәселеден кейін оның төл шәкірті, Олимпиада Ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов те әлеуметтік желі арқылы мәлімдеме жасады. Ол өз кезегінде спорт басшыларынан дзюдодан бас бапкерді ауыстыру не үшін қажет болғанын сұрап, Мәдениет және спорт министрінен мәселеге бейжай қарамай, түсініктеме беруін талап етті.
– Дзюдодан бас бапкерді ауыстыру туралы ұсыныс енгізілгелі 16 сәуір күні басталуы тиіс болған оқу-жаттығу жиындары екінші күн қатарынан өтпеді. Бас бапкер – менің жеке жаттықтырушым. Ол кісінің орнын басқа жаттықтырушымен ауыстыру – отандық дзюдоның деңгейін көтеру жағын ойластырудан туындап жатыр. Бірақ жеке бапкерімнің есімі баршаға белгілі, еліміздегі жаттықтырушылар арасындағы №1 маман. Себебі дзюдодан Олимпиаданың 2 дүркін жүлдегерін, тұңғыш қазақ әлем чемпионын, Азия Ойындарының қазақтан шыққан тұңғыш жеңімпазын баптады. Онымен дәрежелес бола алатын бапкер қазір жоқ, – деді Елдос Сметов.
Спортшы сонымен қатар 2022 жылы өтетін маңызды екі жарыстың алдында бас бапкердің ауыстырудың ешқандай мәні жоқ екенін атап өтті.
– Мықты маманға жұмысты тапсырып, оны аяқтауды соңына дейін жеткізбеу – ақылға қонбайтын дүние. Қазір Азия Ойындарының басталуына 4 ай, әлем чемпионатына 5 ай ғана қалды. Осындай кезеңде бапкер ауыстыруды ұғу қиын. Онсыз да Ғалымжан ағай Токио Олимпиадасының басталуына 7 ай қалғанда күтпеген жерден тағайындалды. Соған қарамастан біздің құрама Токиодан 1 қола медаль алды. Ол медаль өзінің жеке шәкіртіне тиесілі. Бар білгенін осыған дейін жеке шәкіртіне үйреткенімен, Олимпиадаға 7 ай қалғанда өзге жүлдегерді дайындау мүмкін емес, – дейді Сметов.
Ал спорт журналисі Бек Төлеу бас бапкермен былтыр Олимпиада алдында сөйлескенінде қызметке Токионың алдында тағайындалғанын, толық циклді бастаса бәрін басқаша істейтінін айтқанын жеткізді.
– Ғалымжан Жылгелдиевке толық бір цикл беру керек. Себебі қазір оны орнынан алып, басқа бапкер шақырғанымен, спортшылардың бірден жақсы нәтиже көрсете қоюы екіталай. Ғалымжан ағаның ұзақ жыл Елдоспен жұмыс істеген білікті бапкер екенін жақсы білеміз. Басқа спортшылары да жақсы нәтиже көрсетуі үшін бапкерге уақыт беру қажет. Ең болмаса алдағы жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатына дейін мүмкіндік бергені дұрыс еді, – дейді ол.
Қазір балуандардың бәрі бас бапкерге араша түсіп, оған қолдау білдіріп жатыр. 16 сәуірде жоспарланған оқу-жаттығу жиыны да басталмаған. Өйткені жиынның алдында осындай жаңалықтың тарауы бапкерлер мен дзюдошылардың көңіл күйін түсіріп, олардың алаңсыз жаттығуына әсер еткен. Анығы, спортшылар бұл мәселеге қатысты дұрыс шешімнің қабылданғанын күтіп отыр.