БҰҰ, өзге халықаралық ұйымдар әскери жанжалдар кесірінен әлемдегі біраз елге аштық қаупі төнгенін ашық мәлімдеді. Ахуалды планетада жыл сайын өршіген қуаңшылық пен климаттың өзгеруі ушықтырды. Енді әр мемлекет ең алдымен өз халқын тамақтан тарықтырмаудың жайын ойлауы қажет. Сондықтан басқа елдер қатарлы Қазақстанның кейбір азық-түлік түрлерінің экспортына шектеу енгізуі орынды болса керек. Осы орайда «Қазақстан азық-түліктің қандай түрлерімен өзін толық қамтамасыз етеді, қайсысын немен қамти алмайды?» деген сауал туады.
Не баршылық, ал не тапшы?
Қазақстан жаһандық дағдарысқа дейінгі «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманда да ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен түпкілікті молықтыра алмады. Енді посткеңестік кеңістікте кең ауқымды қақтығыс басталып, санкциялар кесірінен жеткізілімдер тізбегі бұзылған кезде елдегі дүкендердің сөрелерінде бағалар апта сайын өзгеріп жатыр. Импорттық тамақ өнімдерінің бағалары жыл басынан бері орта есеппен 21,3%-ға қымбаттаған. Тіпті, бағасы екі есеге шығандаған өнімдер де бар. Тұтастай алғанда, биылғы жылдың басында қазақстандық өндірушілер ішкі нарықты ұнмен – 99,7%-ға, жұмыртқамен – 97,2%-ға, күрішпен – 96,6%-ға, етпен және құс етімен – 95,5%-ға, өсімдік майымен – 88,8%-ға, сондай-ақ макаронмен, кеспемен және сол тәрізді ұн өнімдерімен 85,1%-ға қамти алды. Ендеше осы өнімдердің сөрелерден жоғалып кететініне қатты алаңдамауға болады. Қазақстан халқы сүт өнімдерінен де жоқшылық көрмеуі тиіс: ол бойынша жергілікті өндірушілердің үлесі – 84,4%. Дегенмен кейбір сүт өнімдерінің ассортименті күрт азаюы ықтимал, мысалы йогурт негізінен шетелден тасылады. Сондай-ақ қазақстандық компаниялар халқымыздың майға деген сұранысының тек 67,9%-ын, ірімшік бойынша небәрі 53,7%-ын өтеп отыр. Бірақ бұл көлемге сиыр сауып, майы мен ірімшігін базарда, аулада немесе жол бойында сататын тұрғындардың өнімі қосылмаған. Өйткені олардың жеткізілімі жүйеге келтірілмеген, әрі тұрақты емес. Азық-түліктің өзге түрлеріне қатысты оптимизм аздау: олар бойынша Қазақстан импортқа көбірек тәуелді. Атап айтқанда, қазір шұжық-колбасаның – 62,3%-ы, жемістен және көкөністен жасалған шырындардың – 50,2%-ы, өңделген және консервіленген балықтың, шаянтәріздестердің – 47,6%-ы, қанттың 35,8%-ы ғана – отандық. Статбюро дерегіне жүгінсек, тіпті шоколадтың – 36,2%-ы, шайдың, кофенің 29,9%-ы да қазақстандық өнім көрінеді. Әйтсе де, бұл көзбояушылық болса керек, себебі елімізде Coffea кофе өсімдігі мен жидегі, какао ағашы, шай жапырақтары өспейді. Бұл өнімдердің шикізатын контейнерлермен тасып, елімізде қаптап, соны «Қазақстанда жасалған» таңбасымен сататын компания жетерлік.Алаңдамайық, әлеует бар!
Негізі, егер тиісті жағдай жасалса, алтын бесік ауылымыз Қазақстан тұрғындарын қажетті тамақпен 100 пайыз қамтуға қабілетті. Мысалы, 2022 жылғы қаңтар айында республикада 83 мың тонна мал еті, құс еті және олардың қалдықтарынан дайындалатын субөнімдер өндірілген. Бұл былтырғы ұқсас мерзімнен 8%-ға көп (2021 жылғы қаңтарда 76,9 мың тонна болған). Сектор өндірісті айына 87 мың тоннаға жеткізуге әлеуетті. Нәтижесінде, биылғы жыл басында осы өнімдердің импорты 3,9 мың тоннаны ғана құрады, былтыр 5,5 мың тонна болып еді, яғни алыстан арбалағанымыз 29,3%-ға кеміді. Ал шұжық өндірісіне келсек, қажеттілік туындаса, әрі Ресейден және Беларусьтен бұл өнімді жеткізу толық тоқтаса, біздің шұжық цехтарымыз бен кәсіпорындарымыз оның өндірісін екі еседей арттыруға дайын. Мысалы, биылғы қаңтарда 4,6 мың тонна шұжық-колбаса жасалған (өткен жылғы ұқсас кезеңде 4 мың болды, өсім 14%). Кәсіпорындардың ресурсы бір айда 7,4 мың тонна шұжық шығаруға жетеді. Шетелден 2,8 мың тоннасы импортталды. Жеміс, көкөніс шырындарының 4,6 мың тоннасы (былтыр 3,7 мың, өсім 24,7%) өндірілді, әлеует 9,1 мың тоннаны құрайды. Сырттан 4,5 мың тоннасы әкелінді. Өсімдік майының елімізде 46,1 мың тоннасы жасалды (2021 жылғы қаңтарда 43,6 мың, өсім 5,8%). Отандық кәсіпорындар өндірісті 51,9 мың тоннаға дейін ұлғайта алады. Бір айда өзге елдерден 5,8 мың тоннасы тасымалданды. [caption id="attachment_193214" align="alignleft" > © коллаж: Қуаныш Сапарбай[/caption] Балғын сүтті қоспағанда, сүт өнімдерінің 69,3 мың тоннасы қаңтарда өзімізде шығарылды, былтыр 72,1 мың тонна болған, яғни 3,9%-ға кеміп кетті. Алайда өндірісті 82,1 мың тоннаға дейін арттыруға қабілетті. Шетелден 12,8 мың тоннасы импортталды, яғни 39,6%-ға артты. Қаңтарда жұмыртқаның 369,7 миллион данасы өндірілді, бұл былтырғы жыл басынан 18,4%-ға көп (312,2 млн). Әлеует 380,4 миллион межесін бағындыруға жетеді. Көрші елдерден 10,7 млн дана жұмыртқа тасылды.Дабылдар қаншалықты негізді?
Кейінгі апталарда ақпарат құралдары диірменшілердің дабыл-дақпыртына сеніп, елімізде ұн тапшылығы туындауы мүмкін деп алаңдаумен болды. Шынында, өзі мол астық алатын республикамызда биылғы қаңтарда 246,8 мың тонна ұн тартылды. Бұл былтырғы қаңтардағыдан 17,2%-ға артық (210,6 мың тонна). Ресурс бір айда 247,5 мың тоннасын жасауға жетуі тиіс. Шетелдік импорт бар-жоғы 700 келіні (тонна не центнер емес) құрады. Кеңес кезінен бергі әдет бойынша адамдар дағдарыс туса, жаппай жарма өнімдерінен қор жасай бастайды. Ел бұған да дайын: осы жылғы қаңтарда 28,4 мың тоннасы өндірілді, бұл былтырғыдан 31,4%-ға көп. Әлеует оны 29,4 мың тоннаға дейін арттыруға жарайды. Шетелден 1 мың тонна ғана жарма импортталды. Бұқара үшін макарон, кеспе секілді ұн өнімдері де маңызды: биылғы алғашқы айда оның 11,6 мың тоннасы жасалды, бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден 8,2%-ға жоғары (10,7 мың). Жат елдерден 2 мың тоннасы тасымалданды, бұл 5,5% кем. Өндірушілер бір айда 13,6 мың тоннасын шығарып, елді қарқ қыла алады. Дағдарыс кезінде сұраныс күрт артатын өнімнің бірі – қант. Оның өндірісі кейінгі айларда құлдырай бастады. 2022 жылғы қаңтарда бар-жоғы 14,1 мың тоннасы өндірілді, былтырғы қаңтарда 19,1 мың тонна болған, яғни 26,1%-ға азайды. Бірақ ресурстар айына 39,4 мың тонна құмшекер жасауға жетеді. Есесіне, импорт барған сайын өсуде: бір айда 25,3 мың тоннасы әкелінді, өсім – 48,1%. Өңір әкімдіктерінің және Сауда желілері одағының мәлімдеуінше, «сауда нысандарында және жергілікті тұрақтандыру қорларында халықтың 3 ай бойғы сұранысын қанағаттандыруға жетерлік қант қоры бар». Бұған қоса, Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі Қазақстанға 2022 жылғы 31 тамызға дейін алыс шетелден 126 мың тонна қант пен шикі құрақ қантын бажсыз әкелуге рұқсат етті (Қазақстан 250 мың тоннаны сұраған). Ел Үкіметі одақтан бұл квотаны арттыра түсуді өтінді. Қазақстанға Бразилия, Үндістан, Таиландтан қант құрағы импортталуы мүмкін. «2021 жылы Қазақстан өзінде 276,9 мың тонна қант өндірді, бұл 2020 жылғыдан 89%-ға жоғары. Алайда бұл да жетпейді. Қазақстанда тұтынылатын қант пен сірненің шамамен 60%-ын импорттық өнім құрайды. 2021 жылы Қазақстанға басқа елдерден 506,9 мың тонна қант және қант шикізаты импортталды. Соның ішінде Ресейден 275,8 мың тоннасы әкелінді. Бұл 2020 жылға қарағанда 12,7%-ға аз. Бразилиядан – 164,6 мың, Беларусьтен – 35,5 мың, Мексикадан 30,4 мың тонна импортталды», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі. Ал АШМ-нің мәліметінше, Тараз қант зауыты айына 17-20 мың тонна қантты үздіксіз өндіреді. Сәуірде Көксу қант зауытында 9 мың тоннасы өңделеді. Мамырдан бастап, Меркі қант зауытында шамамен 18 мың тонна «тәтті» қосымша өндіріледі деп жоспарланған. Министрліктің байламынша, «аталған зауыттардың жиынтық өндіріс көлемі елдің қантқа деген ішкі қажеттілігін толығымен өтеуге мүмкіндік береді».АШМ «ашықпаймыз» дейді
Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық нарықта азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ деп мәлімдеді. АШМ-нің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова «Қазақстанда азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ және болмайды» деген сенімде. Бірақ бұл елді қымбатшылық жайламайды деген сөз емес. Сондықтан ведомство әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасын тұрақтандыру шараларын қабылдап жатыр. Н.Хатепованың айтуынша, тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және «айналым схемасы» аясында кредит беру үшін әкімдіктер 76,2 миллиард теңге шығындайды. Алда қосымша 16,2 млрд теңге бөлу жоспарланған. «2022 жылдың 13 сәуіріндегі жағдай бойынша республикада ӘМАТ қоры 635 мың тоннадай. Десек те, ішкі нарықта тапшылықтың туындауына жол бермеу мақсатында тарифтік емес реттеу шаралары қолданылып жатыр. Ірі қара және ұсақ малды 6 ай мерзімге сыртқа әкетуге, қантты экспорттауға тыйым салынды. Бұдан бөлек, өзгесіне шектеулер енгізілді: тауарлық картопты шетелге шығару квотасы 144,5 мың тоннамен, тұқымдық картоп – 57,5 мың тоннамен, күнбағыс тұқымы – 125 мың тоннамен, ал күнбағыс майы 114 мың тоннамен шектеледі», – деді АШМ департаментінің директоры. Мұның сыртында жаһандық нарықта қазақстандық бидайға деген сұраныстың күрт өскенін, тиісінше елдегі барлық астық қоры сыртқа, қымбатқа сатылып кетуі мүмкін екенін ескере отырып, Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тек 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн шығаруды қарастыратын шектеу енгізді. Ел ішінде отырған адам көштен қалмайды, аштан өлмейді деген сөз бар. Түрлі әлеуметтік зерттеу жүргізген халықаралық ұйымдардың дерегінше, Қазақстанда 2020 жылы тұрғындардың 4,4 пайызы ашыққан немесе ашқұрсақ жүрген. Қиын шақта әлеуметтік осал топтарды қорғауға мемлекет күш салып жатыр. Экономист Алмас Чукин ел Үкіметіне «екінші тың көтеруді» ұйымдастыруға кеңес берді. Оның пікірінше, дәл қазір Қазақстан ауыл шаруашылығын дамытуға баса мән беруі керек. «Бізге екінші тың көтеру науқаны қажет. Халық егіс даласында, жайлауда қалай жұмыс істеуге болатынын мүлдем ұмытып қалмай тұрғанда, барлығы қалаларға көшіп алмағанша, ауыл кәсібін серпінді дамытуымыз қажет. Мемлекет ауыл шаруашылығы жерлеріне су, жол, электр қуатын жеткізуі шарт. Құла түзге ешкім бармайды. Сондай-ақ бос жатқан территорияларымызды кең игеру үшін оны Қазақстан азаматтарына тегін таратуға болады. Ұлы далаға иеміз дейміз, бірақ оның басым бөлігі иесіз, игерусіз жатыр. Бұл – дұрыс емес. Өздеріңе керек болмаса, бізге беріңдер деп емексітетіндер айналада көбеюі мүмкін», – дейді сарапшы.