Жұрт жағадан алғанда, желі етектен...
Жұрт жағадан алғанда, желі етектен...
© коллаж: Елдар Қаба
600
оқылды
Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты бүгінгі қоғам да интернеттің пайдасы мен зиянын қатар сезініп келеді. Рас, жарықтан да жылдам ақпарат таратуда әзірге әлеуметтік желіге балама табылмай тұр. Сонда да болса «ғажап» құрал интернеттен адамзат баласы аз азап шегіп жүрген жоқ. Көпшіліктің тәулік бойы желіге телміріп уақытын текке өткізгені, көз жанарын талдырғаны өз алдына. Бұл күнде ара-тұра онлайндағы қарусыз майданның «құрбандары» жайында естіп қалып жатамыз.

Қауіп қайдан?

Мұндай жағдайларды қазір трендтегі кибербуллинг деген жалғыз ауыз сөзбен си­паттайды. Тарқата айтқанда, желіде оты­рып зәбір көргендер, онлайнда дос-дұш­пан­ның күлкісіне қалып, табасына ұшырағандар кибербуллингтің құрбандарының қатарын толықтырады. Тіпті, өзіңізге ұнамайтын бейне, аудиожазбаларды, фотосуреттерді же­ліге жүктеу арқылы да ар-намысыңызға тиіп, абырой-беделіңізге нұқсан келтіруді ойлайтындар да жетіп жатыр. Өкініштісі, бұл әрекетке жай ғана көпшіліктің назарын өзіне аудару үшін баратындар көп. Қысқасы, желідегі әлемнің «жұлдызы» атану үшін жанығатындар «хайп» үшін еш нәрседен тайынбайды. Олар бұл жолда бәріне дайын. Керек десеңіз, қалдырған жазбасына ұнамайтын пікір жазғандармен желіде «жаға жыртысу» да онлайндағы әлем үшін қалыпты жағдай. Негізінен кибербуллингті хобби ет­кен­дер экранның арғы жағындағы адамның жанын жаралауы, ауыр психологиялық соққы алуы сияқты пендешілікті қаперге ала бермейді. Ал бұл кезде ерсі әрекетімен же­лінің «жұлдызы» атанып, онысын интер­неттегі жұрт жік-жікке бөлініп талқылап жатқан жанның жағдайын көз алдыңызға елестетудің өзі қиын. Мұндай жағдайлар ішінара трагедиямен де аяқталып жатады. Мәселен, айналдырған 7-8 айдың ішінде осындай 3 оқиға ел назарына ілікті. Соның екеуі кісі өлімімен аяқталғанын ескерсек, соңы суицидке апаратын кибербуллинг мәселесін назардан тыс қалдыруға болмай­тын сияқты. Оның үстіне, жоғарыда біз мы­сал еткен 3 жағдайды қоғам назарын өзі­не аударғандардың қатарына жататынын қайта еске салғымыз келеді. Ал әлеуметтік желідегі зілсіз әзілден, қағытпа қалжыңнан басталып, соңы кісі өлімімен аяқталып жа­татын фактілер туралы нақты дерек жоқ. Есесіне, қолда бар ресми статистика жыл сайын ел аумағында орта есеппен 3 600-дей адамның өзіне-өзі қол жұмсайтынын көрсетеді. Оның ішінде біз білетін 3 адам желідегі жел сөзге бола осынау қадамға барғаны. Әрине, бір қарағанда дабыл қағатындай түк те жоқ. Дегенмен жүгенсіз кеткен кибербуллингтің күні ертең қанша пендеге қиянат жа­сай­тынын алдын ала болжау мүмкін емес. Әрі адамзат баласын интернет иірімі тереңге тарт­қан сайын, желідегі желіккендерден қарапайым аза­маттарға қауіп те көбірек төнеді. Өз кезе­гінде оған төтеп беріп, қарсы тұруда желі қолданушыларының сабыр-төзімі, ерік-жігері сыналады. – Менің білуімше, Нұр-Сұлтан қала­сын­да кибербуллингтен кейін өзіне-өзі қол са­луға оқталу немесе суицид жасаудың бірде-бір фактісі тіркелген жоқ. Қазір де суицидтің негізгі себебі – материалдық жә­не әлеуметтік жағдай. Өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінде әлгінде айтылғандай интер­неттегі түрлі жанжалдардың үлесі тым аз. Негізі, кейінгі толқын кибербуллингке оңай тойтарыс бере алады. Өйткені олар интернеттегі өзін-өзі ұстау ережелерін өте жақсы меңгерген. Бір сөзбен айтқанда, арнайы иммунитет қалыптасқан. Ал әр қадамын қоғамның пікірімен са­насып қана басатын жазушы, актер, бло­герлер кибербуллингтен тез сынып жатады. Тіпті, шетелдерде тұлға феноменінің қа­лыптасуында желідегілердің айрықша пікірі маңызға ие. Сондықтан олар күллі еңбегін жоққа шығаратын теріс пікір үшін өзін құрбандыққа шалып жібереді, – дейді ­Нұр-Сұлтан қалалық психикалық ден­саулық орталығының психолог-суицидологі Ми­хаил Смецкой. Маманның бұл сөзін жоққа шығара алмаймыз. Расында, бізде әрекеті әлеуметтік желідегі трендтегі тақырыпқа айналған соң өз-өзіне қол жұмсағандардың үшеуі де ере­сек. Әрі оның екеуі халықтың алдында жүр­ген жандар. Демек, желідегі қиянат әуелі қоғамда абырой-беделі бар азаматтарға тырнағын батырады. – Шынында, кибербуллингтің жалпы қо­ғамға салмағы бар адамдарға жасалуы олар­ға ауыр тиеді. Мұндай сәтте олар қа­сық­тап жинаған абырой-беделі, еңбегі зая кет­кендей күй кешеді. Әрине, психо­логия­лық кеңес алуға келгендерге «кибербуллинг­ке мән берме» деп кеңес бере алмаймыз. Ал кибербуллингтен қорғану үшін интернетке басы бүтін кіріп кетуге де болмайды. Сонымен қатар әлеуметтік желіге өзіңізге қатысты көп мәліметті салудың қажеті жоқ. Рас, қазір адамдарда интернетке тәуел­ділік бар. Ақпаратты интернеттен алады. Жұмыс та, қарым-қатынас та онлайн фор­мат­та. Тіпті, кейде адамның қоғамдағы орны оның әлеуметтік желідегі парақшасына қарап айқындалып жатады. Танымалдыққа ие болу, мансап жасау интернет арқылы жүзеге асып жатқандықтан, желі қолдану­шылары үшін ондағы пікірлер маңызды болып қала береді, – дейді Қазақстанның кәсіби психологтер лигасының мүшесі, психолог Лимана Қойшиева. Маманның айтуынша, қоғам өмірін­дегі интернеттің ықпалының артуымен вир­­туал­ды қысым көрсетуге құштарлық та есе­лене түскен. Әсіресе, Facebook қол­да­ну­шылары арасында топ болып бірігіп, же­келеген адамдарға, танымал тұлғаларға қарсы «жаптым жала, жақтым күйе» сипа­тындағы дүниелерді тарату белең алып тұр. Сарапшылардың енді бір тобы кибер­буллингке баратындардың айылын жи­мауын оларды жазаға тартудың нақты құ­қықтық тетігі қарас­тырылмағанымен бай­ланыстырады. – Қолданыстағы заңнамаларға заман талабына сай өзгерістер мен түзетулер ен­гізген жөн. Тіпті, жаңа заңдарды қабылдау да артық болмайды. Өйткені кісіні қорлау, жала жабу сияқты әрекеттерге құқықтық баға беріледі. Яғни, біреуді қорлағандарды, негізсіз жала жапқандарды заң аясында жауапкершілікке тартуға болады. Ал кибер­буллинг жасағандарды жазалау қиындау. Мұндайда кінәлі тұлғаны анықтау оңай емес. Кісінің жеке басын қаралауға бағыт­талған материалдардың көбі фейк аккаунт­тарда жарияланады. Бұл жағдайды тіптен ушықтыра түседі. Құзырлы органдарға фейк парақшаны ашқан тұлғаны табу қиынға соғады. Әрине, IP мекенжайды анықтауға бо­лады. Бірақ іс қозғау үшін оның өзі жет­кіліксіз болып жатады, – дейді Алматы қа­лалық адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Альбина Бақтиярқызы. Заңгер интернеттегі сөз бостандығы, ой еркіндігі өзге біреудің заңды құқығын тап­тамауы керек екенін айтады. Оның сөзінше, әлгіндей жағдайға түсіп абдырап қалған­дардың көбі психолог, заңгер сияқты мамандардың да көмегіне жүгінуге ұмтыла қоймайтын көрінеді. Керісінше, өзімен-өзі оқшауланып, күйзеліске түсіп, соңында өзіне қол салып жатады. Жеке адамға қатысты қаралау сарынын­дағы контенттің тез таралуы қоғам сұраны­сына сай келеді деген аргументті де алға тартатындар көп. Әрі олардыкі негізсіз деуге де келмейді. – Заңгер ретінде көбіне әлеуметтік же­лідегі парақшаларымен құқықтық сауат­ты­лыққа шақыратын жазбаларды көп жария­лаймын. Желі қолданушылар оны көзге іле бермейді. Оның орнына жеке өмірге, отба­сылық жағдайға қатысты материалдар сал­сам, аудиторияның белсенділігі байқалады. Адамның жеке өміріне қатысты дүниелерге қызығушылық жоғары болғандықтан, көпшілік әлеуметтік желідегі өзіне тағылған сын-ескертпелерге үрке қарайды, – дейді Альбина Бақтиярқызы.

Судьяларға сес көрсетеді

Тағы бір ескеретін жайт, кибербуллинг адамдардың өміріне қатер төндіріп қана қоймай, кейбір мамандық иелерінің қыз­метіне кедергі келтіретін көрінеді. Әлеу­меттік желідегілердің орынды-орынсыз сынына жиі ілігетіндердің қатарына судья­ларды жатқызуға болады. Әсіресе, қоғамның назарындағы іске қатысты желідегілер ше­шімін шығарып, жазасын беріп қояды. Алайда іс жүзінде судьялар оларды заң аясында жауапкершілікке тартады. Әлбетте әлеуметтік желідегі көпшілік қолға түскен қылмыскердің ауыр жазаланғанын қалайды. Солай екен деп судья заңнан аттап кете ал­майтыны түсінікті. Дәл осы мәселені 2 жыл бұрын Судьялардың VIII съезінде Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын аудандық сотының төрағасы Татьяна Курынова көтер­ген еді. Оның сөзінше, мұндай мәселемен әлемнің өзге елдерінің де судьялары бетпе-бет келеді екен. Дегенмен қандай жағдай бол­масын соттар шешім шығаруда Әкім­шілік құқықбұзушылық және Қылмыстық кодекстерді басшылыққа алатынын ұмытпау керек. Қысқасы, кибербуллингтен қауіп көп. Алайда әзірге біз оның көлемі мен мөлшерін нақты бағамдай алмаймыз. Сондықтан да әлеуметтік желіден әдепті сақтаудың құ­қықтық негізі керек-ақ. Бұл күндері Пар­ла­мент қабырғасында балаларды кибербул­линг­тен құтқарудың тетіктері қарастырыл­ған заң жобасы қызу талқыланып жатыр. Әрине, бұл құжаттың қабылдануымен ба­лаларды желідегі желөкпелерден қорғаудың нақты алгоритмі пайда болар. Әйтсе де, кибербуллингтің адамдардың жасына, әлеу­меттік мәртебесіне қарамайтынын ұмыт қалдыруға болмайды.