Халыққа кім қамқор?
Халыққа кім қамқор?
468
оқылды
Қаңтар айында Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Қазақстан халқына» қоры құрылған еді. Әу баста қор жұмысына алаң­даушылық танытып, «көп қор­дың бірі болып кетпей ме?» де­гендер де болды. 3 ай ішін­де қор жұмысын бастап, нақты іске кіріскен. Алайда халыққа арналған қордың ашықтығына тағылар сын азаймай тұр. Президент бұл қорға, әсіресе елдің қазынасынан үлес ала жүріп байыған бір шоғыр байлар қаржы құюы керек екенін айтты. Бүгінде қоғамдық қордың қоржынына 126,05 миллиард теңгеге жуық қар­жы аударылды. Ақпарат көздеріне жарияланған мәліметтерден жұрт­шылық ірі компания, ұйымдар мен жеке тұлғалардан түсіп жатқан қар­жы көлемін көріп отыр. «Қазақстан халқына» қорының ресми өкілі Әй­герім Есенәлінің айтуынша, қазір­дің өзінде қаза тапқан күштік құрылым қызметкерлерінің отбасына 133 млн теңге, ауыр жарақат алған­дардың отбасына 318 млн теңге, кез­дейсоқ құрбан болған азаматтар мен жапа шеккен балалардың от­басына 35 және 9 млн теңге көле­мін­де қолдау жасалды. Қор құрылғалы бері 35 мыңнан астам өтінім келіп түскен. Оның ішінде «несиемді тө­леп бер» дегендер де, тұрмысы ауыр жандар да бар. Өтінім жіберу үшін пайдаланушы қайырымдылық ұйымдарының халықпен жұмыс істейтін бірыңғай алаңы www.atamekenim.kz сайтына ақпараттарын орналастыруы керек. Сайт eGov.kz электронды үкімет порталының мә­ліметтер базасымен біріктіріл­ген­діктен, қорға ешбір адамның аты-жөні нақты келіп түспейді. Тек олар­дың ID нөмірі келеді. – Қор еліміздегі сирек кездесетін аурулардың бірі – орфандық ауруы бар балаларға көмектесетін жобаға 9,7 млрд теңге бөлді. Әлемдегі ең қым­бат дәрі ретінде Гиннестің ре­корд­тар кітабына тіркелген zolgensma дәрісін алдырдық. Бұл дәрі Қазақстанда тіркелмегендіктен, Денсаулық сақтау министрлігі елі­міз­ге алдыра алмайды. Сондықтан министрліктің қолынан келмеген­діктен, «Қазақстан халқына» қоры бұл іске кірісті. Яғни, шетелге емге жібере алмайтын, елімізде емдеуге квота қарастырылмаған жағдайда біздің қор жәрдемдеседі. Қазір zolgensma дәрісін елімізге алдырып, 4 балаға салдырдық. Жағдайлары жақ­сы. Тағы бір балаға келісімшарт жасаудамыз,– дейді Әйгерім Есенәлі. Айта кетсек, бұл шешімдерді қор­дың атынан бір адам ғана қабыл­дамайды. Орфандық дертке, меди­ци­налық қызмет көрсетуге, білім бе­ру саласына, қайырымдылық бо­йын­ша арнайы комитеттер бар. Жа­қында спорт пен мәдениетке ар­налған комитет құрылады. Ко­митет сарапшылары көмек көрсе­тетін жандарды анықтап, қамқор­шылық кеңеске ұсынады. Барлығы мақұлданғаннан кейін ғана қордан қаржы бөлінеді екен. Қордың ресми өкілінің айтуынша, қорға демеуші­лерден келіп түсетін қаржы қазір тоқ­тап тұр. Уақыт өте келе қордың жұ­мысы халықтың көңілінен шы­ғып, сеніміне ие болса, демеуші­лер­дің қайта дем берері сөзсіз. Алайда қатардағы көп қордың бірі болса, бірнеше жылдан кейін жабылып немесе мемлекетке масыл болуы да әбден мүмкін.

Судың да сұрауы бар

Көптің көңілін күпті етіп отыр­ған мәселе – қордың қамқоршылар кеңесі құрамында өңірлердің белгілі азаматтарының болмауы, көбінің мемлекеттік тілге шорқақ болуы, сонымен қатар ел арасында беде­лінің төмендігі. – Қор төрағасы Болат Жәмішев кабинетте отырмай, ел аралап, ха­лықпен бірге болуы керек еді. «Қа­зақстан халқына» деп қордың аты айтып тұрғандай бұл қордың негізгі мақсаты – қарапайым халықтың игілігіне жарау. Бірақ қор жұмыс бас­тағалы 3 ай өтсе де, істеп жатқан жұмыстары көңіл көншітпейді. Қор халыққа болысудың орнына алды­мен қаңтар оқиғасы кезінде жарақат алған әскерилерге, ұлттық қауіп­сіздік саласының қызметкерлеріне 495 миллион теңге бөлді. Оларға қор көмектеспесе де, ішкі істер орган­дары болысар еді. Алайда қор өз атына сай болмай тұр, – дейді қоғам қайраткері Мұрат Әбенов. [caption id="attachment_193223" align="alignleft" width="1200"]қамқор қор © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Иә, қаңтар оқиғасынан зардап шеккен қарапайым азаматтар қаншама?! Олар әлі күнге дейін өз қаржыларына емделіп жүр. Неге соларға көмектеспеске? Олай болса, қор ең бірінші азаматтардың әлеу­меттік жағдайларын көтеруге қадам жасауы тиіс еді. Бұл да орындалмады. Екіншіден, қордың қызметі ашық емес. Ресми сайттарына кіріп, қарап шыққанымызда қаржының нақты қандай есепшотқа аударылғанын көрмедік. Бұл күмән тудырады. Бір ғана мысал, Қамқоршылық кеңестің төрағасы Юрий Пяның атындағы University Medical Center корпора­тивтік қоры және «Новартис» био­фар­мацевтикалық компаниясы арасындағы келісімшарт негізінде елімізде тіркелмеген Onasemnogene Abeparvovec (Zolgensma) дәрілік өні­мін жеткізуге және дәрігерлерді пре­паратты қолдануға оқытуды ұйым­дастыруға 4 млрд теңге төле­ніп­ті. Юрий Пя ашықтан-ашық кор­поративтік қорына ақша бөлдіріп отыр. Ол жерде нақты қаншасы дәріге кетеді, нақты қаншасының дәрігерлерді оқытуға арналғаны тағы беймәлім. Ендеше Пя мырза не Қамқоршылық кеңесті, не жеке қорын таңдауы керек. Қамқоршылық кеңестің құрамындағы тұлғалардың барлығын бірдей халық танып, мойындамайды. Сондықтан елдің сене қоюы да екіталай. Егер тек Алматы қаласының қоры болса, бір жөн. Ал бұл «Қазақстан халқының» қоры болғандықтан, шалғай ауыл-аймақтардың мәселесін білетін, қарапайым адамдардың жағдайын түсінетін, қалың жұрттың алдына ашық шыға алатын адамдар қамқор­шылық кеңесте болуы тиіс. Сондай-ақ қорға барлық адам­ның қолы бірдей жетпейді. Жақында еліміздегі құлағы нашар еститін 3 мың баланың ата-анасы қордан кө­мек ала алмадық деп шулады. «Қор қазір жиналған миллиардтардың барлығын бірден көмекке мұқтаж жандарға бөлмей, банктің депозит­теріне сақтап, қызметкерлеріне айлық төлеп отыр. Меніңше, қорда тегін жұмыс істеуге әр өңірден во­лонтерлер тарту керек еді. Депо­зиттен түсетін қаржының әр тиыны көмекке арналғаны жөн», – дейді Мұрат Әбенов. Негізі, заң бойынша қайырым­ды­лық қорына түскен ақша тек қа­йы­рымдылыққа жұмсалады. Бірақ бір айта кететін жайт, қайырымдылық қорына түскен ақша уақытша депо­зиттерге салынады. Яғни, банкпен арада келісімшарт жасалады. Ал кез келген депозиттің үстіне пайыз қо­сылады. Заң бойынша салым ке­зін­дегі пайыз сол қайырымдылық қо­рына тиесілі. Яғни, айлық содан тө­ле­ніп отыр. Айта кету керек, қор­д­ың негізгі мақсаты – қиналғанға жәрдем беру емес, елді біріктіру. Ал қазіргі қордың басшылары қорға қаржылық орталық сияқты қарай­тындай. «Қа­зақстан халқына» қоры жеке қор болып саналғандықтан, оны тексеру де, жұмысына араласу да мүмкін емес. Сондықтан қордың жұмысын бейтарап қадағалайтын Қоғамдық бақылау кеңесін құру артық етпейді.

Әлеумет назардан тыс қалды

Экономист Бауыржан Ысқақов­тың айтуынша, қазір қор тек меди­циналық бағытта жәрдем көрсетіп жатыр. Негізгі мақсаты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болғандықтан, ауылды жерлердің әлеуетін арттыруға да қаржы бөлуі керек. Халықтың белгілі бір тобы ғана қордың игілігін көрмей, басқа да әлеуметтік осал топтар көмек алуы қажет. – Экономикада «бизнестің әлеу­меттік жауапкершілігі» деген түсінік бар. Дамыған мемлекетте бұл тұжы­рым тиімді жұмыс істейді. Шетелде бизнес ашу адамдардың өмірін жақ­сарту деген түсінікпен байланысты. Сәйкесінше кәсіпкерлер ең бірінші өз пайдасын емес, халықтың жағ­дайын ойлайды. Бізде, керісінше мемлекеттің қолдауымен бизнесін дөң­гелетіп алған кәсіпкерлер пай­даға кенелгеннен кейін қайтарымын халыққа бермейді. Қорды құрудағы басты мақсат – ірі қаржы аудару арқылы халыққа көмектесу,– дейді Бауыржан Ысқақов. Сарапшылардың пікірінше, қор әр тоқсан сайын атқарған жұмы­­сына халық алдында есеп беріп отыр­са артық емес. Қор қызмет­кер­лерінің жалақысы мен қосымша шығындары 5 пайыздан аспауы тиіс. 40-50 пайызын кеңсесі мен қызмет­керлердің жүріп-тұрған шығынына, сыйақыларына жұмсайтын болса, қордан нәтиже күтіп керек емес. Экономист қор қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа еңбекақы 272 мың теңге болуы керек деп са­найды. «500 мың теңге қор қыз­мет­­керлеріне өте көп жалақы. Өйткені олар қаржыны өздері тауып отырған жоқ. Тек түскен ақшаны дұрыс үй­лес­тіріп, ұйымдастырса жетеді. Шет­елден ғалым шақырып ашатын­дай жаңалық емес. Штаттың да санын көбейтудің қажеті жоқ», – дейді Бауыржан Ысқақов. Қорға тек олигархтар қаржы тап­сырған жоқ. Еліміздегі бірқатар мекеме қаңтар оқиғасы кезінде біркүндік айлықтарын беріп, кейбірі жұды­рықтай жұмылды. Ендеше халыққа тиесілі қор қаржысының әрбір тиынының сұрауы бар. Оны «бармақ басты, көз қыстымен» иемденіп алу – елге жасаған үлкен опасыздық.