Ауылды мектеп, мектепті меценат сақтайды

Ауылды мектеп, мектепті меценат сақтайды

Шекаралық аймақта орна­ласқан Шығыс Қазақстан об­лысы Катонқарағай ауда­нында туып-өскен кәсіпкер­лер кіндік кескен мекенде­ріндегі ауылдардың мектеп­те­рін жаңғыртып, заманауи үлгідегі кабинеттерді жасақ­тау жұмыстарын қолға алды. Ерекше атап өтерлігі, бұған мем­лекеттің қатысы жоқ, қа­ражаттың барлығы кәсіп­кер­лердің өз қалтасынан. Біздің пайымдауымызша, кәсіпкерлердің бұл бастамасы – құптарлық іс. Өйткені мемлекет шекаралық ауданды дамытуға, ондағы халық санын сақтап қалуға қанша көңіл бөлсе де, жергілікті азаматтар кейде ресми билік өкіл­дері байқай бермейтін жағдайларды назарда ұстайды. Әрі олар туған жерлеріне шын жанашыр жандар.

Халық саны азайған, оқушылары сиреген ауылдар

Түсінікті болу үшін айта кетсек, 2019 жылы Катонқарағай ауылында «Катонқарағай ауданының болаша­ғына саналы көзқарас» атты инвес­тициялық форум өтіп, осы шара кезінде Серік Толықпаев, Қайрат Ахметов бас­таған катондық меценаттардың «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» деген қоғамдық қор құр­ғаны туралы айтылған еді. Сол жиын­да қор мүшелері соңғы 18 жыл­да аудан халқы 48 пайызға аза­йып, 20 мыңның үстінде ғана қал­ғанын, егер қазір тиісті іс-шаралар жеделдетіп қолға алынбаса, Катон­қарағайдың 2 609 тұрғыны бар 13 ауылы 5 жылдан соң, 6 259 тұрғыны бар 15 ауылы 10 жылдан кейін, ал 14 339 тұрғыны бар 20 ауылы 10-15 жылдан кейін жабылуы мүмкін де­ген болжамын алға тартқан бо­ла­тын. Әрине, ауыл десек әуелі мек­теп еске түседі. Қор алдағы 2-4 жыл көлемінде Ақмарал, Жұлдыз, Жа­зоба, Үштөбе, Балғын, Қайыңды, Қабырға, Қызылжұлдыз, Көктерек, Еңбек ауылдарындағы 323 оқушы­сы, 220 мұғалімі бар 12 мектеп, 5-6 жыл көлемінде Сенное, Барлық, Жаңа-Үлгі, Аршаты, Солдатова, Жам­был, Новополяковка, Топқа­йың, Майемер, Берел, Белқарағай, Кіші-Нарын ауылдарындағы 956 оқушысы, 250 мұғалімі бар 13 мек­теп, ал 7-15 жыл көлемінде Ақсу, Со­лоновка, Шыңғыстай, Жаңа-Хай­рузовка, Катонқарағай, Өрел, Үлкен Нарын ауылдарындағы 2 352 оқушысы, 300 мұғалімі бар 12 мек­тепке жабылу қаупі төніп тұрғанын да ескерткен еді. «Аудан халқының көшуін тоқтатып, елдің еңсесін кө­теру үшін Катонқарағайда туристік, аграрлық және білім кластерін бірдей дамыту керек. Қор алдағы 10 жыл көлемінде аудандағы ең үлкен үш елді мекен – Үлкен Нарын, Ка­тонқарағай мен Өрелді өмір сапасы әлемдік деңгейге сәйкес келетін ауылдар қатарына қосуды жоспар­лап отыр. Үш ауылда шағын әуежай, фин үлгісіндегі балабақша, ағыл­шын тілін тереңдетіп оқытатын жекеменшік мектептер, тәулік бо­йы жұмыс істейтін дәріханалар мен дәмханалар, жыл бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін білім беру лаге­рін, заманауи құрылғылармен жаб­дықталған емханалар ашып, Арбат көшесі, балалар алаңдарын, «Ұр­пақ­тар сабақтастығы» бағдар­ламасы аясында коттеджді квартал мен спорт кешенін салып, бизнес идеяларға шағын гранттар берсек дей­міз. Біз қорды құрмас бұрын аудан­ның озық және осал тұстарын әб­ден сараладық. Сарапшылармен кез­дестік. Қорды құрудағы мақсат-мұ­ратымыз – табыс табу, қайырым­дылық көмек көрсету емес, ауданды көтеру, тұр­ғын­дардың жұмыс істе­уіне мүмкіндік беру. Мұны осы қа­сиетті топы­рақта туып-өскен ауыл­дың ту­малары, біз қолға ал­ма­сақ, сырттан келіп ешкім істемейді» деген еді сол кезде қоғамдық қор­дың құ­рылтайшыларының бірі Серік Толықпаев.

Еуропалық үлгіде жабдықталған кабинеттер

Катонқарағайлық кәсіпкер­лердің үш жыл көлемінде қолға алған жұмыстарының ішіндегі ең ауқымдысы – Үлкен Нарын, Ка­тонқарағай мен Өрел ауылдарын­дағы мектептердің бірнеше каби­неттерін Назарбаев зияткерлік мектептері үлгісінде жабдықтауды бастауы. «Қор НЗМ-мен бірлесіп «Ауыл мектебі» жобасын жүзеге асы­руда. Жобаның мақсаты – қала мен ауыл мектептеріндегі білім са­па­сының алшақтығын азайту. Қор үш ауылдағы мектептердің робот техникасы, информатика, мате­ма­тика және логика, инженерия, көр­кем еңбек, аспазшылық өнер ка­бинеттері мен кітапханаларын бастан-аяқ жабдықтап жатыр. Фи­зика, химия, биология каби­нет­терінің жанында оқушылардың ғы­лыммен шұғылдануына, прак­тикалық жұмыстармен айналы­суына мүмкіндік беретін зертха­на­лар бар. Жабдықтардың кейбірі Еуропадан әкелінген. Өте сапалы. Бұл мектептерде жұмыс толық аяқталған жоқ. Оған уақыт керек. Жалпы, алты мектепті осылай жаб­дықтауды жоспарлап отырмыз. Бір мектепке орта есеппен 200 мил­лион теңгедей қаражат қажет болса, 6 мектепке 1 миллиард 200 миллион теңге керек. Мұның бар­лығы – кә­сіпкерлердің өз қал­тасынан шығып жатқан қаражат. Қазіргі жоспа­рымыз – жоғарыда аталған үш мектептегі жұмыстарды аяқтау», – дейді «Қатонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қо­ғамдық қорының директоры Серік Жүнісов. Қоғамдық қор Катонқарағайға аттай қалап шақырған адамдардың бірі – белгілі этномузыкант Еділ Құ­сайынов. Қазір өнерпаз Катон­қа­рағай ауылындағы Ластаев мек­те­бі мен музыкалық мектепте, Үл­кен Нарындағы музыкалық мек­тепте, Өрел ауылындағы мектепте сабақ беріп жүр. Сабаққа қажетті аспаптардың барлығын қор алып берген екен. «Катонқарағай негізі сыбызғының мекені ғой. Кезінде Шанақ Ауғанбаев деген сыбызғышы ағамыз болған. Алайда қазір ауда­нымызда сыбызғыны меңгерген жандар жоқтың қасы. Еділ аға төл өнерімізді қайта жаңғыртып, оқу­шыларға ғана емес, музыкалық мек­тептің мұғалімдеріне де білген-түй­генін үйретіп жатыр. Оқушы­ла­рымыз еуропалық үлгіде жабдық­талған, барлық жарақтары сақадай-сай сыныптарда өздеріне қажетті көп нәрсені үйренуде. Мәселен, қыздарымыз шоппер сөмкелерді өздері тіге алады. Қазір мектеп мұ­ғалімдері ноутбуктерімізді соған са­лып жүрміз. «Ауыл балалары қа­ланың балаларынан кем болмасын, терезесі тең болсын» деп жанта­ла­сып жүрген қордағы азаматтарға айтар алғысымыз шексіз», – дейді Катонқарағай ауылындағы С.Лас­таев атындағы орта мектептің ди­ректоры Гүлтас Ернісова. 

ТҮЙІН:

Туған жеріміз өркен жайсын деп жүрген азаматтар білім саласына ғана емес, өңірдің туризм саласына да инвестиция құюда. Бір ғана мысал, қор бұған дейін туристерге қонақүй салғысы келген жергілікті тұрғындарға 25 грант беріпті. Эко­логияны да естен шығармай, 2019 жылы Үлкен Нарын мен Катон­қа­рағай ауылдарын сан жыл қорда­лан­ған қоқыстан тазартып, 10 миллион теңгеге екі елді мекендегі қоқыс алаң­дарын ретке келтіріп, арнайы қоршау орнатыпты.

Шығыс Қазақстан облысы Сурет автордікі