Кореяға заңсыз жұмыс істеуге кеткен қазақстандық өлі күйінде табылды

Корея
© halyq-uni.kz

Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында пәтерден 39 жастағы Қазақстан азаматының мәйіті табылды. Батыр Оспанов табыс табу мақсатында Корея республикасына осыдан 4 жыл бұрын кеткен екен. Содан бері Қазақстанға оралмаған Батырдың денесін енді еліне жеткізу туыстары үшін оңай болмай тұр. Себебі Шымкент қаласының тұрғыны шет елге заңсыз кеткен, - деп хабарлады halyq-uni.kz

«Ол бізді асырау үшін Оңтүстік Кореяға 4 жыл бұрын кетті. Денсаулығына қатысты шағымданбайтын. Тек соңғы кездері анасының ауыр жағдайда жатқаны жанына қатты батып жүрді. Сол анасының қайтыс болғанын естіп, жүрегі шыдамады деп ойлаймын. Батырдың арманы көп еді. Елге келіп, жинаған ақшасына ферма ашқысы келетін. Ол шет елге заңсыз кетті, бірақ құжатын реттеуді ойлап жүрді. Ол күнге жете алмады», - дейді марқұмның жесірі Замира Аспанова.

Кореяға заңсыз кеткен Батырдың денесін туған жерге әкелу үшін 3,5 млн теңге керек екен. Қазір қайырымдылықтан 1 млн теңге шамасында қаражат жиналған.

«Кореяда заңсыз жүрген отандастарымыз осындай жағдайға тап болған кезде мемлекет, СІМ, елшілік тарапынан ешқандай көмек көрсетілмейді. Себебі, олар Корея аумағына кетіп бара жатқанда жеке басын сақтандырмаған. Билетті алып, Кореяға ұшып кете берген», - дейді «Корея көмек» қайырымдылық қоры әкімшісі Самат Ахметов.

Батыр Оспановтың мәйіті 20 сәуірде табылған. Корей полициясының дерегінше, ол өлі күйінде табылған кезден 4 күн бұрын жан тапсырған. Егер елге әкелуге қажетті қаражат жиналса, мәйіт Қазақстанға тек 26 сәуірде жеткізілмек.

«Корея көмек» қайырымдылық қоры әкімшісінің дерегінше, қазір Оңтүстік Кореяда жүрген 36 мың қазақстандық бар және оның 10 мыңы ғана заңды түрде барған.

Сондай-ақ Корея түрмесінде жазасын өтеп жатқан 26 қазақстандық бар. Жалпы, 2017 жылдан бері Оңтүстік Кореяда 36 қазақстандық қайтыс болған.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.