Түркістан облысында жайылым жер мәселесінің туындап келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Бұған дейін шаруалардың жанайқайы партияда тыңдалып, саяси ұйымның араласуымен жауапты министрлікке сұрау жолданған-ды.
Сондай-ақ партиялық бақылауға да алынған. Дегенмен мәселе шешіле қоймады.
Түркістан облысына іссапармен келген Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов және «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев өңірдің шаруаларымен кездесті. Халық қалаулылары жайылым жер мәселесі жиі көтерілетін Қазығұрт және Төлеби аудандарында болып, халықтың шағымдарын тыңдады.
Айта кетейік, Қазығұрт ауданының жалпы жер көлемі 409 057 гектарды құрайды. Ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 275 296 гектарға тең. Агроқұрылым саны – 3 688, оның ішінде 3 375 шаруа қожалығы бар. Ауыл шаруашылығы жерлерінің басым бөлігі мемлекеттік емес тұлғалар иелігінде. Былтыр комиссия құрылып, игерілмеген және мақсатына сай пайдаланылмай отырған жайылым жерлер бақылау нысанына алынған. Бүгінгі кездесуде Алтынтөбе және Жаңабазар ауылдық округтерінің мәселелері қаралды. Алтынтөбе ауылдық округінде 8 900, ал Жаңабазарда 12 665 тұрғын бар. Шаруалар жер санаттары дұрыс мақсатта пайдаланылмай отырғанын, халыққа шартты жер үлесін бөліп беруді сұрады. Кездесуде шаруалар үшін жақсы жаңалық айтылды. «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ теңгеріміндегі 15 300 гектар жер жыл соңына дейін ауданның арнайы жер қорына қайтарылмақ. Аудандық жер қатынастары бөлімінің мәлімдеуінше, облыс әкімдігінің тапсырмасымен биыл ауданға жалпы 44 000 гектар жерді ортақ пайдалануға қайтару жұмыстары жүргізілуде. Депутат Қ.Абасов өңірдегі жайылым тапшылығының себебін саралауға келгенін айтты.
– Мемлекет басшысы ауыл айналасындағы жерлер ортақ пайдалануға қайтарылатынын атап өтті. Бүгін сіздермен мәселенің анық-қанығына жету үшін кездесіп отырмыз. «Халықтың талабын орындауда қандай кедергілер болып жатыр?» деген сұрақпен жергілікті атқарушы биліктен де ақпарат алып, жан-жақты сараптаймын. Ауданның жер қорына қайтарылған жерлер жекеменшікке ешқашан өтпейді. Ол ортақ пайдалануға беріледі. Оған арнайы Жер кодексі мен заң нормалары бар. Одан бөлек, біз жайылым мен егістіктегі жерлерді айналдыру мәселесін де көтерудеміз. Алда министрлікпен бірлесе отырып, бұл мәселенің шешу жолдарын қарастырамыз. Түркістан облысына қатысты кез келген сұрақтар мен ұсыныстарды қабылдауға дайынмын. Талаптарыңызды тиісті министрлікке депутаттық сауал ретінде жолдаймын. Сіздермен шілде айында қайта кездесу жоспарымда бар, – деді ол.
Ауыл тұрғындарының көкейіндегіні дөп басқан халық қалаулысына риза болған ел ақсақалдары өтініштерінің аяқсыз қалмай, нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Ал 306 380 гектарды құрайтын Төлеби ауданындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің көлемі 93 223 гектарды құрайды. Былтыр аудан әкімдігі халықтың мұқтаждығына байланысты есепті кезеңге 8 708,9 мың гектар жерді ауданның арнайы жер қорына қайтартқан. Алайда Қасқасу ауылдық округінде жайылым жер көлемі тым аз. Өйткені Қасқасуда 5 500 тұрғын болса, жайылым жерлер небәрі 400 гектар ғана. 2019 жылы 1 558 гектар жер «Сайрам-Өгем» ұлттық парктің теңгеріміне еніп кеткен. «Кездесуде көтерілген басты мәселе – аталған жер телімін халықтың мұқтаждығына байланысты ортақ пайдалануға қайтару. Оны шешу жолы қаулы мен мемлекеттік актіні Үкімет тарапынан қайта қарап, күшін жою», – дейді шаруалар.
Депутат Қ.Абасов аталған мәселе 3 ауылға ғана емес, бүкіл өңірде кездесетін жағдай екенін атап өтті. Кездесуде айтылған өтініштерді топтастырып, Парламент отырыстарында тиісті министрлікке депутаттық сауал жолдайтынын хабарлады. Ал аймақтық филиалдың атқарушы хатшысы Б.Тәжібаев мәселелер саяси ұйымның бақылауында болатынын мәлімдеді.
Жалпы, Түркістан облысы бойынша жайылым жерлерді ортақ пайдалануға қайтару жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Өңір басшысы Ө.Шөкеевтің тапсырмасымен барлық аудан, қала әкімдері назарға алып, заңдылығына сәйкес жұмыстар атқарып келеді. 2021 жылы 132 мың гектар жер қайтарылса, биыл 1 млн 12 мың гектарға арттыру жоспарланған. Бірақ жауапты сала мамандарының айтуынша, көзделген көлемнің жартысы ірі жер пайдаланушыларына берілсе, қалғаны меморандум арқылы жүзеге асырылады.