Жыл сайынғы әскерге шақырту науқаны басталды. Бұл ақпаратты естіген ата-аналардың түн ұйқысы төрт бөлінді. Әскерге жарамды ұлдарының бас амандығын ойлаған бүгінгі ата-аналардың жайын түсінуге де болады. Өйткені ауық-ауық әскердегі әлімжеттік, соңы суицидпен аяталып жатқан ақпаратты көз көріп, құлақ естіп жүр.
Еліміздің Қарулы Күштері әскерге шақырылушылар командасын жасақтауға кірісіп те кетті. Көктемгі әскерге шақыру науқаны маусымның соңына дейін жалғаспақ. Осы уақыт ішінде 17 мыңнан астам жас Мемлекеттік күзет қызметіне, ҰҚК Шекара қызметіне, Қарулы Күштердің әскери бөлімдеріне, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұлан бөлімшелеріне шақырылады.
Әскерге шақырылғандар қалай іріктеледі?
Саптағы сарбаздарды іріктеу – ең жауапты сәт. Сол үшін өкілетті орган жеке істерді зерделеу кезінде әскерге шақырылушылардың сауалнама деректерін қарап, азаматпен және оның ата-анасымен барынша әңгімелеседі. Қарулы Күштер бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары полковник Аян Еслямовтың айтуынша, сұхбат барысында жастардың мамандығы, білімі, моральдық және іскерлік қасиеті, денсаулығы мен дене бітімі, тіпті арнайы дайындығы мен отбасылық жағдайы да егжей-тегжейлі зерделенеді. Соның ішінде қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны, тергеуде жүргені, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшесі ретінде арнайы есепте тұрғандығы да мұқият тексеріледі екен.
Осы іріктеуден өте алмаса, онда олар Отан қорғау міндетінен босатылады. Оның ішінде денсаулығына байланысты тексеріс ерекше қаралады. Әскерге шақырылғандар алдымен 11 дәрігердің тексеруінен өтеді. Жарамдылықтың 6 санаты бойынша әскерден босатуға жататын аурулардың тізімі бар. Мысалы, туберкулез, көз ауруы, қатерлі ісікпен және басқа да аурулармен ауыратын адам әскерге мүлдем жарамсыз деп танылады. Ал ауруы емделетін болса, әскерге шақыру мерзімі кейінге шегеріледі. Айталық, ішкі ағза, хирургиялық, неврологиялық, көз ауруларына байланысты ауру түрлері емделуге болатындықтан, әскерге шақыртуы артқа шегеріледі. Әскерге шақырылғандардың психологиялық ауытқушылығы сарбаз болғанға дейін әбден тексерілетіні де сондықтан. Себебі саптағы сарбаздың дене дайындығы ғана маңызды емес. Алдағы сынаққа сынып түспейтіндей психологиялық дайындығы да мығым болуы шарт. Әйткенмен әскери мамандардың мың тексерісінен өтіп, сан сауалынан мүдірмей өткен жігіттердің жыл өтпей-ақ өз-өзіне қол салып, өмірінен күдер үзетіні күмән туғызады.
Сау барып, ауру болып келді
Есте болса, алты жыл бұрын Қапшағай қаласындағы №32363 әскери бөлімінде міндетін өтеп жүрген сарбаз кіші сержанттың соққысынан кейін көз жұмған. Сол жылы ақтөбелік сарбаз Азамат Боқанов та әскерден ауру болып оралды. Он екі мүшесі сап-сау болып кеткен ұлдары үйлеріне келгенде жақындарының өзін танымай, жанына жақындағандарды шайнап тастайтын күйге жеткен. «Ұстамасы ұстағанда адамға атылады. Біреуді жазым етер деп қорқып, қол-аяғын күштеп кісендейміз. Баламды әскерде 5 адам жабылып ұрған» деген еді әкесі Нұнбай Боқанов. Осы оқиғадан кейін бір жыл өткенде Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы №44841 әскери бөлімінде әскери қызметкер 19 жастағы сарбазды ұрып өлтірді. Тағы бір жылдан соң Маңғыстаудағы Үстірт шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бақытбек Мырзамбеков мәжбүрлі түрде 40 градус ыстықта дене шынықтырумен айналысқанның салдарынан қайтыс болғаны сотта дәлелденді.
Былтыр қалтқысыз қызмет етуге кетіп, отбасына ауру болып оралған Қызылорда облысы Арал ауданының тұрғыны Ренат Жеткергенов жұрттың есінде. Осы оқиғада да әскери мамандардың тексерісінен толықтай өткен сарбазды Отан алдындағы борышын аяқтауға 8 күн қалғанда бөлімше әскерилері үйіне ауру қалпында әкеліп тастаған. Алайда Қорғаныс министрлігі тексеріс жасап қабылдап алған сарбаздан тек міндетін өтеп бітуге санаулы күн қалғанда ғана денсаулығында кінәрат табылғанын айтып ақталған еді. Бірақ жігіттің жақындары бұл шағыммен келіскісі жоқ. Өйткені қорытынды комиссияның соңғы шешімінде жігіттің денсаулығы толық жарамды, психологиялық тестілеуден де жақсы өткені туралы айтылған.
Олай болса, сап-сау жігіттің ауру болып қайтуына не себеп? Сарбаздың әскерде бірге болған қарулас достары бір апта бұрын ғана Ренаттың командирлерімен сөзге келіп қалғанын айтқан. Сол күннен бері сарбазды бөлімшеде ешкім көрмеген, тек қайтатын кезде ғана қарулас достары ұстама ауруына шалдыққан Ренатты байқағандарын жеткізген. «Сөзге келіп қалған күннен бастап Ренатты бөлім сыртындағы казармаға алып кетті. Содан бастап Ренатты бір апта көрмедік. Пойызда көрген кезде Ренатты танымай қалдық», – деген еді кейіннен әскери бөлімшеде бірге болған досы Бекарыс Таңатаров.
Жақында Жамбыл облысындағы «Андас батыр» шекара бөлімінен жоғалып кеткен сарбаз да Қырғыз Республикасында өлі табылды. Әскери борышын өтеп жүрген қазақстандық сарбаз Ұлықбек Бердішовті туыстары бір айдан астам уақыт бойы іздестірген еді. Соңғы сәтіне дейін амандығын тілеген ата-анасы өз белдігінде асылып тұрған ұлдарының денесін көрші елдің территориясынан тапқан. Марқұмның әкесі баласының жоғалар алдында 2-3 күн сайын телефон соғып, жиі ақша сұрайтынын айтқан болатын.
Осыдан алты ай бұрын Отан алдындағы борышын өтеуге кетіп, артынан жұмбақ жағдайда көз жұмған көкшетаулық Асылхан Қалияқбаровтың ата-анасы әділдік сұрап, көз жасын көлдетіп жүр. Өз-өзіне қол салған сарбаздың ата-анасының сөзінше, 20 жастағы жігіттің мәйіті әскери қоймадан табылған. Бұл іске қатысы бар деген күдікпен бір адам ғана қамауға алыныпты. Ал қалған екі күдікті әлі де бостандықта тайраңдап жүрсе керек.
Тәртіп те тәрбиеге келіп тіреледі
Статистика сүйенсек, соңғы он жылда 200-ден аса әскери өз-өзіне қол жұмсапты. Бұл дегеніңіз – жыл сайын 20-дан аса отбасы Отан алдындағы борышын орындауға кеткен оғландарынан айырылып, қайғыдан қан жұтатынын көрсетеді. Ең сұмдығы, әскерилер арасындағы суицидтің көбісі «қылмыстық құрам жоқ» деген желеумен жылы жабылады екен.
Әскери прокуратураның мәліметінше, соңғы 5 жылда Қарулы Күштерде, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарда 23 суицид тіркелген. Оның ішінде құқыққа қарсы іс-әрекеттердің 4 дерегі ашылған. Ал қалған жағдайларда сарбаздар арасындағы суицидтің себептері отбасылық және жеке проблемалардан туындаған көрінеді. Мерзімді әскери қызметшілермен әскери бөлімді өз бетімен тастап кету фактілері 2018 жылдан бастап бес жағдай тіркелген. Бірақ әскери прокурорлар оны да әскери әлімжеттіктен емес екенін жеткізеді. Құзырлы орындардың бұл айтылғанына алып-қосарымыз жоқ, әрине. Алайда былтыр Ұлттық ұланның Нұр-Сұлтандағы әскери бөлімнің бір топ сарбазы әлеуметтік желі арқылы рота старшинасының әскери жарғыдан тыс әрекетіне шағымданған еді. Олардың айтуынша моральдық, психологиялық тұрғыдан өлтіретін жарғылар мен жарғыдан тыс бұйрықтар көп. Сарбаздарды дәретхананың еденіне жатқызып, кереуеттің астына кіріп-шығуға мәжбүрлейтінін жеткізген жауынгерлер қорлық пен мазаққа бақылау болмаса, саптағы сарбаздар арасындағы суицид жалғаса беретінін айтып, құзырлы орындардан араша сұраған.
Кезінде Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарған Абай Тасболатов сарбаздар арасындағы өз-өзіне қол салу оқиғалары әскердегі әлімжеттіктен емес екенін алға тартып отыр. Оның айтуынша, кезінде әскердегі өлім-жітімнің көбісі әлімжеттіктен болған да шығар. «Бірақ қазіргі жағдайда сарбаз арасындағы суицидтің болуы отбасындағы тәрбиеге байланысты. Себебі қазір көп отбасында ұл баланы тәрбиелеуді босаңсытып алдық», – дейді ол.