Биылғы көктем атыраулық шаруаларға оңай тимеді. Жер кеңіп, көкке ілінер шақта төрт түліктің белгісіз дерттен өлуі мал иелері мен ветеринарлық қызмет өкілдерін абыржытып тастады. Наурыздан басталған дерт салдарынан ірі қара мен ұсақ малдың кейбірі өріске жетпей өліп жатты. Ел арасында бар малынан айырылып, бір күннің ішінде жүген ұстап қалғандар туралы да аңызға бергісіз әңгімелер айтылып жүр. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарында наурыз айынан бері 211 жылқы белгісіз аурумен ауырып, 75 жылқы өлген. Жағдай ушыға бастаған соң облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы, ветеринарлық қызмет дереу кірісіпті. Өлген малдар сойылып сынамалар алынып, қан құрамы зертханаларда тексерілді. Республикалық ветеринариялық зертханада, Ұлттық референттік ветеринария орталығында, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша зерттеу институты және Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтына жүргізілген сынамалардың нәтижесі көп ұзамай белгілі болды. Сынама Атыраудағы төрт түліктің делафондиоз ауруының қоздырғышы, гастрофилез, жылқы параскаридозы ауруларына шалдыққанын растады. Облыс әкімінің орынбасары бұл аурумен күресу үшін мал иелері, ветеринариялық дәрігерлерге қан паразитарлық аурулар мен гельминтоздарды емдеу және алдын алу шаралары бойынша жұмыстарды жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ сынамалар нәтижесінде аталған мал ауруларының адамға жұқпайтыны анықталды. Соған қарамастан аурудан өлген малдардың барлығы арнайы өртеу пештерінде өртеліп, залалсыздандырылған. Тосыннан келген мал ауруынан бірнеше жылқысынан айырылғандардың бірі – Құрманғазы ауданы «Мақаш» ауылдық округіндегі «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы Жеңіс Әбілқайыров. Шаруа Қамбар ата түлігінің мұндай ауруға шалдыққанын бірінші рет көргенін айтады. – Көрші шаруашылықтардағы жылқылар да ауруға ұшырап, әр жерде құлап өліп жатыр. Жылқылардың көбі артқы аяқтарын баса алмай қалады. Өзім зоотехник-ветеринармын, өлген жылқыны сойып, оның жүрегінің ісінгенін, жүрек ішіне сары су пайда болғанын байқадым. Жүректің ісінуі өкпенің қабынуына жеткізіп тыныс алуына әсер еткен сияқты. Жылқыда мұндай ауру бұрын-соңды кездеспеген. Мал дәрігерлеріне хабарласқанымда «Неозидин» дәрісін егуге кеңес берді. Бірақ бұл ем-дом мал құлаған сәтте нәтиже бермейді екен. Сондықтан қалған жылқы малын сақтау үшін «Неозидин» екпесін жетекші маманға ектіріп, сақтанып отырмын, – дейді Жеңіс Әбілқайыров. Ветеринариялар да мал иелеріне төрт түлікті түгелдей ауруға қарсы екпе алуға шақырады. Қазір қолда қалған малды аман алып қалу үшін мұнан басқа амал да болмай тұр. Сайып келгенде, Атыраудағы малдың тосыннан ауруға ұшырауы шаруа қожалықтарына едәуір салмақ салды. Бүгінде жағдай толығымен мамандардың бақылауында. Сонда да болса шаруалардың көңілі пәс. Өйткені былтыр дәл осындай дерттен қойлар қырылып қалған. Биыл ауру жылқыға жабысты. Енді атыраулық шаруалар келесі жылы дерт ірі-қараға тіс батыра ма деп алаңдап отыр?
Атырау облысы