Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар» атты брифингте конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобы Ата Заңға енгізілетін түзетулердің жобасымен таныстырды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық үрдістерге тың серпін берді. Мұнда «Жаңа Қазақстанның» жаңаша келбетін қалыптастыру, оны құру бағытында тұрған міндеттер мен оларды шешу жолдары айқын көрсетілген. Көтерілген бастамалардың көпшілігі Ата Заңда бекітілген қоғам мен мемлекеттің негіздерін қозғайды. Осы мақсатта құрылған арнайы жұмыс тобы Конституцияға енгізілетін түзетулердің жобасын ұсынды», – деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов.
Арнайы жұмыс тобына мемлекеттік органдармен қатар еліміздегі танымал заңгер ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан.
Заң жобасында елімізде қалыптасқан «суперпрезиденттік» басқару жүйесін біршама босаңсыту мақсаты көзделген. Ол үшін Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін басқа органға береді немесе олармен келісе отырып, бірлесіп атқарады. Бұл – елімізде соңғы кезде жүргізіліп жатқан «орталықсыздандыру» процесінің жалғасы. Бұған дейін елімізде болған 3 конституциялық реформа барысында Мемлекет басшысы өзінің бірқатар өкілеттігін Парламент пен Үкіметке өткізген болатын.
Сондай-ақ Конституциядан Елбасы құзіреті алынып тасталады.
«Конституцияда 46-бап болмайды. Ал 91-бапта Тұңғыш Президенттің мәртебесіне қатысты «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» деген сөз ғана қалады. Басқа ешқандай сөз жоқ», – деді Конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі.
Сонымен қатар Конституцияның 33 бабына 56 түзету енгізу көзделген. Екі бөлімнің атауы өзгереді. Одан бөлек, Ата Заңның бүкіл бөліміне өзгеріс енгізіледі. Конституциялық кеңеске арналған бөлім «Конституциялық сот» болып, «Сот және сот төрелігі» деген 7-бөлімнің атауына «прокуратура және адам құқықтары жөніндегі уәкіл» деген сөздер қосылады. Өйткені бұл бөлімде аталған институттарға арналған баптар бар.