«Жасыл даму» неге елдің көз жасына қалды?
«Жасыл даму» неге елдің көз жасына қалды?
331
оқылды
Утильалымды «сауынды сиырдай» алты жыл ар­ман­сыз сауып, «темір тұлпар» иелерінен негізсіз ақша жи­наған, сөйтіп заңсыз пайда тауып келген «ӨКМ Опе­раторы» ЖШС қасіретті қаңтардан кейін бір күнде күй­реді. Енді оның «жауырды жаба тоқу» тәсілімен жа­сырып келген былықтары бірінен соң бірі ашылып жат­ыр. Экология министрлігі мен ӨКМ Операторы 180 млрд теңгені ұрламақ болғаны туралы ресми ха­бар тарады. Бірақ бұл тек шет-жағасы. 2016 жылдан бері ұрлағаны талай шенеунік пен сыбайластың қал­та­сын қампайтқаны сөзсіз. Әлеуметтік желіде кейбір азамат «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның ресми сайты (Recycle.kz) әлі күнге жұмыс істеп тұрғанына назар аудартып, аң-таң болды. Шынында, жан­жалға басы шатылған компания жұ­мы­сын жалғастырып жатқан жоқ, жабылған. Тек кәдеге жарату алымының жаңа опера­торы – квазимемлекеттік «Жасыл даму» АҚ экс-оператордың жүйесімен бірге оның ин­тернет-ресурсын да өз меншігіне алыпты. Ал бұрынғы ӨКМ Операторының бас­шы­ларына қатысты қылмыстық қудалау ісі ары қарай өрбіді. Еске сала кетсек, 2022 жыл­ғы 26 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл агенттігі Экология, геология жә­не табиғи ресурстар вице-министрі Ах­мет­жан Пірімқұлов пен аталған алпауыт ком­панияның басқарма төрағасы Медет Құ­марғалиевтың ұсталғанын растаған бо­ла­тын. Олар сыбайлас жемқорлық қылмыс жа­­сады деген күдікке ілініпті. Екеуі де Нұр-Сұл­тан қаласының уақытша ұстау изоля­торына қамалды. Ізінше, 11 наурызда «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры соттың санкциясымен қамауға алынды. Оған қа­тысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Ан­тик­ор­дың дерегінше, компанияның бұрынғы бас директоры 2016–2021 жылдар аралы­ғын­да көлікті кәдеге жаратудың жоғары құ­нын белгілеу арқылы кәсіпорынның 20 мил­лиард теңгеден астам қаражатын жым­қырды деген күдікке ілінді. Тергеу жалғасты. 1 сәуірде антикоррупциялық орган «ӨКМ Операторы» ЖШС бұрынғы бас­қару­шы директорын тұтқындады. Оған тер­геу­ші­лер 13 миллиард теңгеден астам қаржыны жым­қырды деген айып тақты. «Ол өзіне сеніп тапсырылған 13 млрд тең­геден астам сомадағы ақшаны ұрлады де­ген күдік бар. Бұл үшін ол істен шыққан кө­лік құралдарын утилизациялаудың құнын қым­бат белгілеген және одан алынған қара­жатты заңсыз түрде RecyclingCompany ком­па­ниясына аударып жіберген. Осы арқылы ол «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның құқықтық мирасқоры саналатын «Жасыл даму» АҚ-ына, тиісінше мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірді. Қылмыстық әрекеттер 2016–2019 жылдар аралығында «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басқа қызметкерлерімен бірлесіп жасалды», – деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынған болатын. Ведомство оның іс-әрекеттеріне түпкілікті құқықтық бағалауды сот беретінін қосты. Тергеу мүддесі үшін өзге ақ­парат жария етілмеді.

Жымысқы схема, жұмбақ өлім

Утильалым жинаушы экс-оператордың басшыларына және олардың ықтимал сы­байластарына қатысты ақпараттың анық-қа­нығын Антикор таяуда жария етті. Бас про­­куратураның үйлестіруімен Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет «ӨКМ Опера­торы» ЖШС-ның орасан зор көле­м­дегі ақшаны ұрлауының алдын алды. Схема біршама күрделі: мемлекет, биз­нес пен азаматтар утильалым жинап беру арқылы еліміздің әр өңірінде қоқыстарды өр­теп, одан электр қуатын өндіретін 6 зауыт­ты салуды қаржыландырады. Содан кейін ол зауыттардың тоғын мемлекет өте жоғары бағамен сатып алады. Қымбат электр бұқара мен экономиканы қаусатып кетпеуі үшін мемлекет бюджеттен субсидия бөлуге мәж­бүр болады. Өйтпесе елдегі әлгі зауыттар «жа­бы­ламыз» деп қорқытады, дау-жанжал кө­тереді. Экология министрлігіндегі лауа­зым­ды шенеуніктердің, яғни билік өкіл­дері­нің қолдауымен жүзеге асырылатын, ұзақ жылға бағдарланған, көп амалды, шырға­лаң­ды схеманы құзырлы органдар бастапқы са­тысында тоқтатып отыр. Бұған да қаңтар оқи­ғалары біршама септескенге ұқсайды. «Экология, геология және табиғи ре­сурс­тар министрлігінің лауазымды тұлға­лары мен «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның басшылығы электр энергиясын өндіретін 6 қоқыс жағушы зауытты салу үшін жеке компанияны заңсыз қаржыландырған. Осы жол­мен кәдеге жарату алымдары түрінде жи­налған 180 миллиард теңгені ұрлауды жоспарлаған. Бұл ретте зауыттардың электр энергиясын мемлекеттің 15 жыл ішінде негізсіз жоғары тарифпен сатып алатынына және жеке компанияға миллиардтаған пайда әкелетініне кепілдік берілуі тиіс болған. Уақытылы қабылданған шаралар арқасында заңсыз әрекеттер әшкереленіп, қаржылар бұғатталды», – деп хабарлады Антикор. Ведомствоның түсіндіруінше, Экология ми­нистрінің орынбасары Ахметжан Пірім­құлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС-ның бас­қарма төрағасы Медет Құмарғалиев және басқа да бұрынғы басшылары осы схеманы жүзеге асыруға қатысты деген күдікпен қа­мауда отыр. Олардың қаншалықты кінәлі еке­ні туралы қорытынды шешімді әрине, сот анықтайды. Өзге ақпарат тергеу мүд­де­сінде жария етуге жатпайды. жасыл даму Руслан Шәмшиев «утилизациялық им­перияға» күйрердің алдында ғана келген б­о­латын: 2021 жылы «ӨКМ Операторы» ЖШС құқықтық мәселелер бойынша бас­қару­шы директоры лауазымына тағайын­дал­ды. Яғни, компанияның «бармақ басты, көз қысты» тірліктеріне қатысты барлық құ­жат соның қолынан өтетін. Өзімен бірге біраз құпияны ала кеткендей. Оған дейін Р.Шәмшиев ХҚКО-ларды басқаратын, яғни көп­теген құжаттарды заңдастыратын «Аза­мат­тарға арналған Үкімет» мемкор­по­ра­ция­сында түрлі лауазымдар атқарды.

Оператор неге халықты зарлатты?

Бұрынғы «ӨКМ Операторының» орнын бас­қан жаңа оператор «Жасыл Даму» да без­гек тигендей қалшылдауда: бұл сала сонша құт­ты болмағанға ұқсайды. Жаңа опера­тор­дың басшылығы қысқа уақыт ішінде қайта-қайта ауысып жатыр. Мысалы, «қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін Мемлекет бас­шысы халықтың наразылығына себеп бол­ған бір фактор ретінде «ӨКМ Операторы» же­ке компаниясының утильалым жинауын тоқ­татты. Бұл міндет бұған дейін елге бел­гі­сіз болып келген, бұйығы ғана өмір кешкен «Жасыл Даму» АҚ-ына жүктелді. Қалай болғанда да, алты жылдық үстем­діг­і үзілген «ӨКМ Операторының» барлық дү­ние-мүлкі, ғимараттары және банктердегі мил­лиардтары тегіс «Жасыл Дамуға» көш­кенде, бұл акционерлік қоғамның бас ди­рек­торы Әлімбаев Азамат Баймырзаұлы бо­латын. Дегенмен сарапшылар оның ор­ны­нан кететінін бірден айта бастады. Себебі ол экология министрлігінің бұрынғы ко­ман­да­сының өкілі саналатын. Айталық, ол бас­қарған тұста «Жасыл Даму» Директорлар кеңе­сінің төрағасы Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов болды (кейін қамауға алын­ған). Содан 2022 жылғы 1 ақпанда Эко­ло­­гия министрі Серікқали Брекешевтің бұй­­­­рығымен «Жасыл Дамудың» басқарма төра­ғасы лауазымына 41 жастағы әйел Жа­нат Самат тағайындалғаны жарияланды. Ол са­лық саласының маманы, аудитор, эко­номика ғылымдарының кандидаты, демек утильалым жинайтын және миллиардтарды бө­ліске салатын компанияны басқаруы заң­ды көрінген. Экология министрлігі құры­лы­мында 2019 жылдан бері ғана жұмыс іс­тей­ді. Осылайша, компанияның командасы жаңара бастады. Алайда 2022 жылғы 14 сәуірде «Жасыл Даму» АҚ-ның жаңа басқарма төрағасы бо­лып, Ержан Сәрсенбай келгені анықталды. Жа­нат Саматтың осынау «майшелпек» орын­нан тосыннан кетіп қалуының себебі ай­­­тылмады, ресми түсініктеме – «басқа жұ­мысқа ауысуына байланысты». Ути­льа­лым­нан түсетін жүздеген миллиард қаражатқа ие­лік ететін оператордың жаңа басшысы осы­ның алдында, 2021 жылғы ақпаннан 2022 жылғы ақпанға дейін сарапшылардың сы­нына ұшырап жүрген тағы бір оператор – «Қа­зақ­стандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік ор­талығы» АҚ-ның басқарма төрағасы бол­ған. Кәдеге жарату алымын жинаушы жаңа оператор әлі күнге осы жүйені толыққанды іске қоса алмай келеді. Ұйым тіпті Парламент депутаттарының сынына ұшырады. Мәжіліс де­путаттары, «AMANAT» партиясы Фрак­ция­сының мүшелері саладағы былық кесі­рі­нен шаруалардың қолындағы утилизация­лық алым сертификаттары жарамсыз болып қал­ғанын мәселе етіп көтеріп, Үкіметке сауал­мен жүгінді. «Түркістан облысын алсақ, көптеген ауыл шаруашылығы өндірушісі барлық тех­ни­касын өткізіп, сертификат алып, жыл ба­сын жаңа техникамен бастаймыз деп отыр­ған. Алайда «ӨКМ Оператор» мен «Жа­сыл Даму» арасындағы шешілмеген мә­се­ле­лер салдарынан енді техника да жоқ, жер де жыртылмай, егін де егілмей, жыларман хал­де. «Көктемнің бір күні жылға азық» де­ген дана халқымыз. Көктемнің бір сәті ал­тын­ға тең. Жаңа техника алып, көктемде егіс еге­мін, өнімнен пайда табамын деген шаруа­лар­дың жанайқайы шықты», – дейді депу­таттар. Олардың мәліметінше, жалғыз ауыл кә­сіп­керлері ғана емес, «темір тұлпар» иелері де зардап шегуде: 4 мыңнан астам жеңіл кө­лік утилизацияға өткізілген. Алайда ха­лық­тың көлігі де жоқ, ақшасы да жоқ: «ӨКМ Операторынан» алған сертификаттарын ав­то­салондар қабылдамайды. Сөйтіп, серти­фи­кат мерзімі өтіп, «күйіп» кетіп жатыр. Ескі техникасын өткізіп, орнына жаңа ауыл шаруашылығы техникасын, жаңа жеңіл көлікті аламын деп сенген халық сазға отыр­ды. «Осындай операторлардың дәрмен­сіз­дігі­нен халық енді билікке сенбейді. Өйткені қыз­мет көрсетудің орнына зиян келтіріп, та­бысынан айырып, халықты зарлатты. Ал бұл – ел Президентінің Үкіметтің алдына қой­ған ерекше тапсырмаларының бірі. Пре­зи­дент өз Жолдауында «Бизнес өкілдерінің жә­не азаматтардың нақты сұранысы негі­зін­де шешімдер әрі кеткенде 3 күн ішінде, тіп­ті қажет болса 1 тәулікте қабылдануы тиіс» деген болатын. Бірақ мына проблема 3 айдан асса да шешілмей келеді!» – деді «AMANAT» фракциясының мүшелері. «ӨКМ Операторының» мұрагері «Жасыл Даму» елдің қашанғы көз жасына қала бер­мек?