Ауылдарға интернет жеткізуге тиіс байланыс операторлары соңғы жылдары негізгі жұмыстарын жайына қалдырып, айыппұл төлеуден аса алмай жүргендей. Мұны жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі де айтты. Ведомство басшысы ұялы байланыс операторлары министрлікке 200 ауылда интернет бар деп өтірік ақпар бергенін, соған орай тексеру жүргізіліп, 2019 жылы 15 миллион, 2021 жылы 140 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді.
Байланыс операторлары кімді алдап жүр?
Байланыс операторларының өз ісіне салғырттық танытып, мойнына алған міндетке жүрдім-бардым қарағанын жуықта Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі парақшасында да жазды. «Мысалы, «Мобайл Сервис Телеком» операторы интернетті 33 ауылда өткізуге уәде берді, бірақ іс жүзінде тек жетеуінде бар. «Кар-тел» операторы 29 ауылды қосуды жоспарлады, алайда қосқаны – 13. «Востоктелеком» ешқандай абонентті қосқан жоқ» деген аймақ басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен 41 антенна-діңгек құрылысын орнату туралы келісімге қол жеткізілгенін, биыл өңірдегі 100-ден астам ауылға интернет қосылатынын тілге тиек етті. Облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Марина Гагарина байланыс операторлары 2021 жылы 68 ауылдық округті сапалы интернетпен қамтамасыз етуге тиіс болғанын, алайда соның тек 20-сына жылдамдығы секундына 10 мен 60 мегабитті құрайтын интернет қосылғанын, қалған 48 елді мекенде секундына 0,8 мегабитті құрайтын интернет (мүлде жоқ деуге де болады) орнатылғанын айтады. Басқарманың ұсынған мәліметтеріне сүйенсек, Цифрландыру министрлігі мен байланыс операторлары ауылдарды 2024 жылға дейін толық интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап, арнайы бағдарлама түзген. Алайда Шығыс Қазақстанда осы бағдарламаға енбей қалған 244 ауыл бар екен. Бұл ауылдардың көпшілігінде халық саны 200-ге жетпейді. Мәселен, Ұлан және Шемонаиха ауданының – 14, Үржар мен Катонқарағай ауданының – 13, Семей қаласына қарасты ауылдардың – 10, Алтай ауданының – 17, Аягөз бен Көкпекті ауданының – 18, Тарбағатай және Күршім ауданының – 19, Жарма ауданының – 22, Бородулиха ауданының 26 елді мекені жоғарыдағы бағдарламадан тыс қалған көрінеді. «Мұны біз облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі ауылдардың интернетпен қамтылуын арнайы зерттеген кезде анықтадық. Облыстағы интернет деңгейін үш топқа бөліп қарастырдық. Әуелгі топқа 270 ауыл кірді. Мұндағы интернеттің жылдамдығы секундына 8 мегабиттен жоғары. Екінші топқа енген 268 ауылдағы интернеттің жылдамдығы – секундына 2 мегабит пен 5 мегабиттің аралығы. Ал үшінші топтағы 145 ауылдағы интернеттің жылдамдығы секундына 2 мегабиттен де аз. Оның ішіндегі 111 ауылдағы интернеттің жылдамдығы – секундына 0,8 мегабит. Бұл дегеніңіз – мүлде интернет жоқ деген сөз. Осының бәрін ескере келе аймақтағы интернеті жоқ ауылдарға антенна-діңгек құрылғысын орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл құрылғы интернеттің жылдамдығын секундына 20 мегабиттен 100 мегабитқа дейін көтеруге мүмкіндік береді. Биыл өңірдегі қала мен аудан әкімдері ауылдарға 41 антенна-діңгек құрылғысын қояды. Байланыс операторлары сол құрылғыға интернет жылдамдығын арттыратын күшейткіш орнатады», – дейді Марина Гагарина. Шығыс Қазақстанның ауылдарында тұратын халықты толғандырған екі мәселе болса, соның бірі – интернет проблемасы. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» демекші, қай ауылға барсаң да алдыңнан интернет мәселесі шығады. Облыс пен аудан әкімдеріне қойылатын сұрақтардың ішінде міндетті түрде интернет жүреді. «Жергілікті әкімдіктерде ешқандай құзырет жоқ. Интернет мәселесімен тек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шұғылданады. Байланыс операторларымен де солар келісімге келеді. Халыққа мұны түсіндіру қиын. Халық бәріне әкімдікті кінәлайды. Интернет біздің қолымызда тұр деп ойлайды. Біздің министрлікке қарайлап отырғанымызды қайдан білсін? Осының бәрін көріп-біліп отырған облыс әкімі «Халықтың талабы орынды. Министрлікке қарап, қол қусырып отыруға болмайды» деп жұмыс тобын құрып, әр ауылдағы интернет мәселесін мұқият зерттеп-зерделеуді тапсырды. Жұмыс тобы құрылмаса, талай ауыл әлі де интернетсіз қала береді екен», – дейді Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Алмат Ақышев.Тау басындағы тұрғындар
Осыдан үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатовпен сөйлескенімізде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі тұрғындарды интернетпен қамтамасыз етуді екі кезең бойынша жүзеге асыратынын айтқан еді. «Бірінші бағыт бойынша Шығыс Қазақстанда 2019-2020 жылдары тұрғындары 500-ден асатын 190 мың халқы бар 111 елді мекенге (2019 жылы 82 ауылға (тұрғын саны 138 800), 2020 жылы 29 ауылға (тұрғын саны 51 322) талшықты-оптикалық байланыс желісі орнатылмақ. Екінші бағыт бойынша 2022 жылға дейін тұрғындары 50-ден асатын 685 елді мекенге кеңжолақты интернет орнату жоспарланып отыр» деген болатын басқарма басшысының сол кездегі орынбасары. Содан бері не өзгерді? Министрліктің атауы мен басқарма басшысының орынбасарының қызметі ғана өзгерген секілді. Қалғаны «баяғы жартас сол жартас». Байланыс операторлары «Ауылдардың барлығында интернет бар» деп өтірік есеп бергенімен, өңірдегі көптеген ауылдың тұрғындары таудың басын сағалап, мектеп пен мәдениет үйлерін жағалап жүр әлі. Ұялы байланыс болмағаннан кейін кейбір ауылдың тұрғындары ұялы телефон ұстайтын елді мекенге баруға немесе сол маңдағы тау басына шығып сөйлесуге мәжбүр. Ұялы телефон желісі орнатылған ауылдардың өзінде тұрғындардың «шөп қораның төбесі», «терезенің алды» дегендей өздері ғана білетін нүктелері бар. 2018 жылы Тарбағатай ауданының Қытай шекарасына жақын Ақжар өңіріне барғанымызда ұялы байланысы жоқ Жаңаталап тұрғындарының өзара «Біздің переговорный пунктіміз – оба» деп әзілдесетінін естіп едік. Осындай ауылдар облыста жетіп артылады. «Біздің Берел ауылының жанында әлемге әйгілі Берел қорғандары орналасқан. Аспан асты музейі бар. «Рахман қайнары» шипажайы да осы маңда. Осы орындарға алыс-жақыннан және шетелден қонақтар келіп жатады. Осындай керемет жердің, осындай дамыған заманда байланыссыз отырған жағдайына қарап, жағаларын ұстайды. Шығыс Қазақстандағы туристік аймақтардың бірі саналатын Катонқарағай ауданының Берел ауылы тұрғындары 2018 жылы аудан әкімі мен аудандық мәслихатқа осылай деп хат жазған еді. Хат дегеннен гөрі тұрғындардың жанайқайы, мұң-зары, арман-аңсары дегеніміз дұрыс шығар. Мұны тек Өскеменнен 400 шақырымнан астам қашықтықтағы Берел ауылының немесе Катонқарағай ауданының ғана емес, облыстағы көптеген ауыл тұрғындарының өтініш-тілегі деп қабылдаса да болады.400 шақырым жерде бар, 40 шақырымда неге жоқ?
Осы мақаланы әзірлеу барысында облыс орталығы – Өскемен қаласына жақын ауылдардағы ұялы байланыс пен интернеттің тұрғындарға қолжетімділігін байқайық деп Ұлан ауданының үш ауылына (Ізғұтты Айтықов, Тарғын, Тайынты) арнайы барып, сондағы жұрттың пікірін тыңдап қайттық. Ізғұтты Айтықов қаладан 40 шақырым шамасында болса, Тайынты 80 шақырымдай жерде. Тарғын осы екі елді мекеннің ортасында орын тепкен. «Өскеменнен 80 шақырым Тайынтыны айтасың, қаланың дәл іргесіндегі (шамамен 5-10 шақырым) Самсоновка ауылында ұялы телефон ұстамайды. Сенбесең, өзің хабарласып көрші» деді менімен бірге сапарға ере шыққан әріптесім Шешек асуынан аса бере. Әуелде сенбеген кейіп танытып, қалта телефонымды қолға алып едім, «желі жоқ» деген жазуға көзім түсті. Біз әуелі ат басын тіреген, «Өскемен–Самар» трассасының бойындағы Ізғұтты Айтықов ауылында 700-ден астам адам тұратын болса да, әлі күнге дейін ұялы байланыс орнатылмапты. «Мен мынаған таңғаламын, Өскеменнен 400 шақырым Тарбағатай ауданында ұялы телефон ұстайды да, Өскеменнен небәрі 40 шақырым жердегі бізде телефон жоқ. Мұны естісе, жұрт күледі. Айтуға ұяласың. Біздің ауылдың орналасқан жері қолайлы. Мына трасса бойымен күніне қаншама адам өтеді. Туристер де көп жүреді. Байланыс операторлары осыны неге есепке алмайды?», – дейді ауыл тұрғыны Архат Рахымбердинов. Өскеменнен 80 шақырым қашықтықта орын тепкен, Шыбындыкөл секілді тамаша демалыс орны бар Тайынты ауылында да осы кеп. Тайынтының Айтықов ауылынан бір ғана айырмашылығы, елді мекеннің кейбір тұстарында ұялы телефонның ілдәбайлап ұстайтыны. Бір қызығы, осы Тайынты мен Ізғұтты Айтықов ауылының арасындағы Тарғын ауылында интернетіңіз де, ұялы телефоныңыз да таң асырған жүйріктей жүйткіп тұр. Тарғын тұрғындарының да көңіл күйі біз аралаған екі ауылдан әлдеқайда көтеріңкі, жайдарлы екенін аңғарғандай болдық. Ауылда қыз-қыз қайнаған тіршілік лебі байқалады. Көшелері де тап-таза, үйлерінің сырты да алыстан көз тартады. Тайынтыдан тұрғындар көшіп жатса, бұл ауылда керісінше сатып алатын бос үй жоқ көрінеді. Бұл ауылдың тұрғындарының да әңгімесі, талқылайтын тақырыптары да өзгеше. «Ана сайт былай деп жазыпты, әлгі депутат бүй депті» деп ауыл-ауданыңызды, тіпті облысыңызды былай қойып, республика, әлем жаңалықтарын қызу талқыға салғанда арасын небәрі 20 шақырым бөліп тұрған көрші ауыл тұрғындарының ұялы телефонға зар болып отырғаны қайта-қайта ойға орала берді.Шығыс Қазақстан облысы