«Дүние – ғапыл»
«Дүние – ғапыл»
909
оқылды
Биыл қалың көрерменнің жүрегіне жол тапқан «Жастар» театрына – 15 жыл. Театр ұжымы қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген мерейтойын ерекше атап өтті. 300 қонаққа ауызашар беріп, қос қойылымның тұсауын кесті. Ең әуелі өнер сүйер қауым С.Раевтың «Жұмаққа қарай ұзақ жол» әфсанасы негізінде сахналанған қойылымды тамашалады. Мүлгіген тыныштық пен тас қараңғы сахнадан тек қызара толған айдың жарығы көрінді. Жолаушының жүгін асынып, беймәлім жаққа бет алған кейіпкерлердің кім екенін басында түсіне қою қиын. Бірақ олардың жан ұшыра айтқан монологтары көріп отырған әрбір жанның ішіндегі сөздерімен бірдей. Олар Жаратқанды ұмытып, жаратылғандарға табынып адасып жүрген, келген жағы мен қайтар бетін ұмытқан, күнәға белшесінен батып, патшаларын ғана ұлықтап, жаны, тәні, ойы ластанғандардың барар жеріне бет алған. «Жұмаққа қарай ұзақ жол» – ұлы тәждің иесі Императордың, төрткүл дүниенің Көлеңкесінің, оны туған кәрі Жарықтың (ана), нәпсісін таспен атып өлтіргісі келетін Ересектің, Құдайдың құрбандығына арналған жас Баланың, театралдық термин арқылы, адамдардың жанын жариялауды мақсат тұтқан Ремарканың (қыз), ешкімге де сенбейтін, өзін поэзия императоры санайтын Ақынның ұлы сапары... Өзіндік жаңалығы, арқалаған ауыр жүгі бар қойылымның мағынасын кез келген көрермен түсіне бермейді, жоғарғы білімді, салиқалы ойды талап ететін туынды жалпы адамзатты тәубеге келуге шақырады. Осылайша, «Құдайды басқа жақтан іздеудің қажеті жоқ, құдай әркімнің өз жүрегінде» деген ойдағы алтау бір қадам жасау арқылы мәңгі күткен жағалауға аттанады. Терең ойға тап болған көрермен театр ұжымы дайындаған ақ дастар­қаннан ауыз ашқан соң режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың «Қылкөпір» қойылымын тамашалады. Ақын, драматург Нұрлан Оразалин «Қарақазан ғасыр» шығармасын өткен ғасырдың 90-жылдары жаз­ған. Араға 32 жыл салып сахнаға ал­ғаш рет жол тартқан туынды жиыр­масыншы жүзжылдықтың 30-50-жылдарындағы қазақ еліндегі тарихи кезең шындығын суреттейді. Қойылымның өзегі – Адам һәм адамзаттық мінездер мен пейіл құбылысын мүсіндеуге арналған. Атап айтсақ, адалдық пен арамдық, ерлік пен ездік, мәрттік пен екі­жүзділік сынды адамзат бойындағы мың түрлі мінездер мозаикасын түзе­тін алуан қасиеттер – «Қылкөпірдің» басты лейтмотиві. Бас кейіпкерлер – Қасым мен Айша ана, Едіге қарт пен Иіс кемпір, зұлым жендет Қозыбақ бейнелері арқылы берілетін оқиға желісі өткен ғасырдың қасіретті кезең шындығын боямасыз баяндайды. Сыртқы қайшылықтан гөрі кейіпкерлердің ішкі текетіресі мол әрекеті өткен күндердің қасіретті елесіне сапар шектіреді. Бір сөзбен айтқанда, «Қылкөпір» – уақыт пен кеңістіктегі халық тарихының трагедиясы. Оның құрылымы пенде біткенге тән адамгершілік пен имандылық қасиеттерді ұлықтау және оған қарама-қайшы күншілдік, қызғаныш пен қатыгездікті айыптаудан тұрады. Спектакльден соң жиналған көрермен мен театр майталмандары, қоғам қайраткерлері пікірталас алаңында бас қосып, рухани кештен алған әсерімен бөлісті.