Үкімет басшысы өрттің алдын алу үшін барлық оқу орындарын тексеруді тапсырды
Үкімет басшысы өрттің алдын алу үшін барлық оқу орындарын тексеруді тапсырды
Фото: ТЖД-нен алынды
210
оқылды
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов жыл сайын өрт кесірінен адамдар қаза тауып, мал-мүлік пен табиғатқа шығын келетінін айтты, – деп жазады primeminister.kz. Бұл мәселе Төтенше жағдайлар министрлігі мен жауапты мемлекеттік органдардың және әкімдіктердің жіті назарында болуы тиіс. Әлихан Смайылов өңірлердің әкімдігіне өрт бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыру, Төтенше жағдайлар министрлігімен бірге балаларды сауықтыру лагерьлері, санаторийлер мен демалыс аймақтарында өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне және өңірлердің әкімдіктеріне орман және табиғатты қорғау мекемелерін өртке қарсы техникалық жарақтандыру деңгейін арттыру шараларын қабылдау, күштер мен құралдардың табиғи өртте шұғыл әрекет етуге дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ірі өрттерді сөндіруге авиацияны тартуды қарастыру тапсырылды.
«Білім және ғылым министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп, елдегі барлық оқу орындарының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеру қажет. Сигнализацияның, гидранттар мен өрт сөндіргіштердің, өрт кезіндегі апаттық шығу жолдарының жұмысқа жарамдылығы тексерілсін», – деді Әлихан Смайылов.