«Алтын Орда» базарында кәсіпкерлер наразылыққа шықты
«Алтын Орда» базарында кәсіпкерлер наразылыққа шықты
286
оқылды
Бүгін Алматыдағы әйгілі «Алтын орда» базарының бір топ кәсіпкерлері наразылыққа шықты. Олардың айтуынша, салынып жатқан сауда кешеніне алдын ала төлесе де саудагерлер далада қалуы мүмкін. Өйткені базар алып жатқан 20 гектар жерді 2022 жылғы 20 сәуірде жаңа қожайын өздерінің атына рейдерлік әрекетпен рәсімдеп алған. Алтын орда 2007 жылдан бастап базардың заңды иесі ретінде "Құрылыс LTD" ЖШС танылған. Ал базардың ісін "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС келісімшарт негізінде жүргізген. Модернизациялау, яғни саудагерлерге жылы әрі ыңғайлы сауда орындарын жасау мақсатында қос компания бірігіп, жайлы да жылы төбесі жабық сауда кешенін салуды қолға алған. Осылайша 2020 жылдан бастап екі қабатты 30 мың шаршы метрлік сауда орталығының құрылысы басталған. Ғимараттардан орын алу үшін 800 кәсіпкер бірігіп, "Altyn Orda QazTrade LTD" ЖШС арқылы құрылысқа 4 млрд теңге салған. Алтын орда «Басталған құрылыстың 95%-ы бітіп тұр. 21 сәуірден бастап базардың құрылтайшылығы Данияр Әлпиев деген азамат басқаратын компанияға өтті. Ал базарды осы күнге дейін басқарып келген Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-ін күшпен қуылды. Енді ақшасын төлеп қойған кәсіпкерлерге бітуге айналған сауда кешенінен орын бермейміз деп жатыр. Мақсатымыз – сауда орнының құрылысын аяқтап, ақша салған кәсіпкерлерге тиесілі орындарын бөліп беру.  Біздің осында жиналған барлық кәсіпкерлермен келісімшартымыз бар», – дейді Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС өкілі Дәулетжан Деменбаев. Наразылығын білдіруге жиналған саудагердің барлығы жаңа келген қожайыннан салынып бітуге айналған жайлы, жабық сауда орыннан өздеріне тиесілі орындарды ала алмай қаламыз ба деп алаңдайды. Тіпті жиналғандардың ішінде жаңа орыннан бірнеше сауда нүктесін алуға ниеттеніп, алды 7 миллион, кейбірі 20 миллион теңгеге дейін төлеп қойғандары бар екен. «Осы базарда 18 жылдан бері сауда жасаймын. Әлі ескі базарда тұрмыз. 2020 жылдан бастап жаңа сауда кешенінен орын аламыз деп ақша салдық. Өзім 4 дүңгіршек аламын деп 20 миллион теңге қаражат құйдым.  Уәде бойынша құрылыс мамыр айында бітеді деген. Енді, соңғы күндерде құрылтайшылар ауысыпты. Жаңадан келген құрылтайшыны біз танымаймыз. Ал ақшаны Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-на беріп келдік. Бүгінге дейінгі құрылыс жұмысын солар жүргізді. Талабымыз бізден ақша алып келген бұрынғы құрылтайшы жаңа сауда кешенін толықтай бітіріп берсін. Жаңадан келген құрылтайшыларды танымаймыз, – дейді Зоя Әлімбетова есімді кәсіпкер. Жиналған кәсіпкерлердің арыз-шағымын тыңдауға барған журналистер, осы мәселеге қатысты пікірін білу үшін құрылтайшы компанияның басшылығына жолықтық. Алтын орда – «Алтын орда» базарына құрылтайшылық етуге 22 сәуірден бастап келдік. Ақша салған кез келген кәсіпкер алаңдамаса болады. Себебі, біз осы ғимаратты бір жарым айдың ішінде бітіреміз. Содан кейін осы кешеннен "дүңгіршектер аламыз" деп ақша салған барлық кәсіпкерлерге тиесілі орындарын береміз. Меніңше, бұл даурығудың артында бұрынғы қожайындар тарапынан ұйымдастырылған қандай да бір арандатушылық әрекеті тұр, – деді компанияның бас әкімшісімін деп таныстырған Ермек Марқабаев. Талап етушілердің алдына шыққан азаматтың бұрынғы құрылтайшыларға кім, қанша ақша бергенінен хабары жоқ екен. Себебі, алдыңғы компания өкілдері бұларға бірде-бір тиісті құжат қалдырмаған. Сондай-ақ неше күннен бері салымшы кәсіпкерлердің жаңа ғимарат үшін салған қаржысының есебі жазылған дәптерді ала алмай жүргенін жеткізді. Оның айтуынша, кәсіпкерлерден ғимарат құрылысы үшін ақша жинау тоқтатылған. Сауда кешені құрылысының қалған бөлігін өз қаражатына бітірмек.