Шолпан Жандарбекованың есімі аталғанда қазақ театрының тарихынан алдымен Ақтоқтының бейнесі көрінеді. Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясындағы Ақтоқты жылдар өте келе Ш. Жандарбекованың сахналық тұлғасымен біте қайнасып кетті. 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде де бұл образ ерекше бағаланған. Бірақ Ақтоқты образы қандай пайда болды? Сол Ақтоқтыға дейінгі жол қайдан басталды? Қарқаралының бір ауылында өскен қыз қалайша ХХ ғасырдағы қазақ сахнасының ірі тұлғаларының біріне айналды? Бүгінгі шолуымызда осыған жауап іздеп көреміз.
Шолпан Исабекқызы Жандарбекова ресми дерек бойынша 1922 жылы дүниеге келген екен. Туған жері – Қарқаралы өңіріндегі Милыбұлақ ауылы. Оның өнерге алғаш қадам басуы туралы ел ішінде сақталған қызық әңгіме бар. Ашықдереккөздерде жариялаған өмірбаяндық мақалада ауылға көшпелі цирк келгенде әртістердің бірі аяқ астынан ауырып қалып, оның орнына ауыл балаларынан Шолпан таңдалып, кішкентай көлбақаның рөлін ойнағаны айтылады. Бұл оқиғаны актрисаның кәсіби шығармашылық жолының алғышарты десек те болар. Жетінші сыныпты аяқтаған Шолпан Алматыдағы театр-көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, оны 1942 жылы тәмамдайды. Ал кәсіби театрдағы жолы оқуын аяқтамай тұрып басталған. Деректерде 1941 жылдан Қазақ драма театрының сахнасына шыға бастағаны көрсетіледі. Соңғы курста ұстазы, қазақ режиссурасының ірі өкілі Асқар Тоқпанов жас актрисаны театр режиссері Моисей Гольдблатқа алып барады. Сөйтіп, оның үлкен сахнадағы алғашқы рөлдерінің бірі Мұхтар Әуезовтің «Сын сағатта» пьесасындағы Рәш болады.

Мұхтар Әуезов атындағы театрдың актрисалары – Шолпан Жандарбекова мен Зәмзәгүл Шәріпова. "Айман – Шолпан" спектаклі. 1967 жыл. Суретті түсірген: Иосиф Будневич. Әлеуметтік желіге жариялаған Әсет Ақмолда
Бұл кезде қазақтың кәсіби театрының өзі де қалыптасу кезеңінен өтіп жатқан еді. Шолпан Жандарбекова театрда Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Шәкен Айманов бастаған алғашқы буын салған мектептің ортасында өсіп, солармен бірге қазақтың кәсіби актерлік өнерінің келесі кезеңін қалыптастырды. Осы орта оның бүкіл шығармашылық тағдырын анықтады. Қарқаралыдан шыққан жас актриса өмірінің алпыс жылдан астам уақытын Мұхтар Әуезов атындағы театрмен байланыстырды. Ресми деректе оның осы театр сахнасында 200-ден астам рөл орындағаны көрсетіледі.
Қазақ сахнасындағы арулар. Ш. Жандарбекованың шығармашылық жолына қарап отырғанда бір ерекшелік бірден байқалады. Қазақ драматургиясындағы бірнеше ірі әйел бейнесінің сахналық тарихы оның есімімен сабақтасып жатыр.
Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебегінде» – Еңлік, «Қарақыпшақ Қобыландысында» – Құртқа, «Абайында» – Тоғжан, «Айман – Шолпанында» – Шолпан, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлуында» – Баян, «Ақан сері – Ақтоқтысында» – Ақтоқты. Бұл рөлдер қазақ театры сахнасында жасалған әйелдер галереясының тұтас бір кезеңі десек қателеспеспіз.
Архивтік деректерді қарап отырсақ, Шолпан Исабекқызы ұлттық драматургиямен шектелген жоқ. Шекспирдің «Отеллосындағы» Дездемона, Мольердің «Сараңындағы» кейіпкер, Назым Хикметтің «Фархад – Шырынындағы» Шырын, Островский шығармаларындағы Негина мен Кручинина сияқты әлемдік және орыс драматургиясының образдарын да ойнады. Осы тұрғыдан қарағанда Жандарбекованың шығармашылық ғұмыры қазақ театрының ұлттық репертуардан әлемдік классиканы игеруге дейінгі өсу жолымен қатар жүрді.
Дегенмен осы ондаған образдың арасынан бір кейіпкер өзгелерінен оқшау қалды.
Ол – Ақтоқты.
Шамамен 25 жыл бұл рөлді сомдаған актрисаның образы аңыз кейіпке айналды. Ең шарықтау шегі 1958 жыл болса керек. Осы жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Шәкен Айманов қойған «Ақан сері – Ақтоқты» көрсетілген. (Сол спектакльге арнап тігілген Жандарбекованың сахналық костюмі де Ұлттық орталық мұражайда сақталған).
Сахнадан экранға. Ш. Жандарбекованың негізгі шығармашылық кеңістігі театр болғанымен, қазақ киносының алғашқы кезеңінен де оның есімі көрінеді. 1945 жылы түсірілген «Абай әндері» фильмінде ол Мағышты ойнады. Кейін «Дала қызында» Зияда, «Махаббат туралы поэмада» Баян бейнелерін сомдады. Ашық фильмографиялық және анықтамалық деректерде оның 1962 жылғы «Жол түйісінде» де көрінгені көрсетіледі.
Бұл фильмдердің өзі қазақ киносының қалыптасу тарихымен сабақтас. Театр актерлерінің экранға келуі сол кезеңдегі ұлттық киноға кәсіби актерлік мектептің тәжірибесін әкелді. Әрине, білетіндердің жазуынша, Шолпан Исабекқызының кинодағы жұмыстары театрдағы екі жүзден астам рөлімен көлем жағынан салыстыруға келмейді. Бірақ Мағыш, Баян, Зияда сияқты образдар оның өнерінің сахнамен ғана шектелмегенін көрсетеді. Осылайша Ш. Жандарбекованың шығармашылық ғұмыры театр мен ұлттық киноның бір ортадан түлеп шыққан кезеңімен осылай қабысады.
Ұстаздық еткен жалықпас. 1968 жылдан ол педагогикалық қызметпен жүйелі айналысып, актерлік шеберліктен сабақ берді. Кейін профессор де атанды. Бұл қызметтің нақты нәтижесін бір ғана дерек айқын көрсетеді.
1975 жылы құрылған Талдықорған облыстық драма театрының алғашқы актерлік құрамының елеулі бөлігі Ш. Жандарбекова тәрбиелеген жастардан жасақталды. Театр тарихы жөніндегі естелікте Шолпан Жандарбекова мен Татьяна Наурызбаевадан тәлім алған Тілек Әбжалиев, Кендебай Темірбайұлы, Жанат Чайкина, Жібек Лебаева, Әлімбек Оразбеков, Алма Бастемиева, Азат Базаркелді, Тілеген Ахметов, Асан Исаев, Аман Қожабеков және басқа жас актерлердің Талдықорғанға барғаны айтылады.
Шәкірттері Шолпан Жандарбекованы тек актерлік техника үйреткен оқытушы ретінде еске алмайды. Бекжан Тұрыс оны «өнердегі анам» деп атаған. 2022 жылы жарық көрген «Шолпан-жұлдыз» кітабының таныстырылымында ол ұстазының өмірінің соңғы кезеңінде өзіне айтқан аманаты туралы да естелік бөліскен. Мысалға, ұстаз-актрисаның шәкірттеріне «театрдың баспалдағын адал аттаңдар» деп, өнер ордасындағы тәртіп пен үлкенге құрметті саналарына сіңіргенін актер еске алады.
Әрине, оның шәкірттері бір театрда қалған жоқ. Қазақстанның әр өңіріне тарады. Сондықтан Жандарбекованың актерлік мектебін оның өз рөлдерінен ғана емес, кейінгі қазақ театрындағы бірнеше буын актерлердің шығармашылық жолынан іздеу керек.

Жас актерлердің арасында отырған Шолпан Жандарбекова. (Фото Бекжан Тұрыстың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)
Шолпан Жандарбекованың жеке өмірі де қазақ өнерінің тарихынан алыс емес. Оның жары Құрманбек Жандарбеков – қазақтың кәсіби театр өнерінің негізін қалауға қатысқан алғашқы буын өкілдерінің бірі. Осылайша бір отбасының тағдыры ХХ ғасырдағы ұлттық сахна тарихымен қабысып жатты.
Бірақ Шолпан Жандарбекованың өзі өнерде жұбайының атымен қалған жоқ. Оның Ақтоқтысы, Еңлігі, Баяны, Құртқасы мен Тоғжаны жеке шығармашылық құбылыс ретінде бағаланды. 1957 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі, 1959 жылы Қазақ КСР халық әртісі атағын алды. 1980 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болып, 1982 жылы КСРО халық әртісі атанды. 2005 жылы дүниеден озады.
Нүкетай Мышбаева 2022 жылғы мерейтойлық жиында Жандарбековамен 1959 жылдан бері бірге жұмыс істегенін айтып, актрисаның өмірінің соңына дейін, сексеннен асқан шағына дейін сахнаға шыққанын еске алды. Оның соңғы қойылымдарының бірі – Әубәкір Рахымов режиссерлік еткен «Отыз ұлың болғанша». Шолпан Жандарбекованың жүз жылдығына арналған шараға Әуезов театрының дәл осы спектакльді алып баруы да кездейсоқ емес: театр директоры Еркін Жуасбек оның актрисаның соңғы қойылымы болғанын және Жандарбекованың оны ерекше жақсы көргенін айтқан.
Осылайша жетінші сыныптан кейін өнер оқуына кеткен қыздың сахна жолы алпыс жылдан астам уақытқа созылды.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.
