Үкіметпен байланыс мәселелері ортаға салынды
Үкіметпен байланыс мәселелері ортаға салынды
686
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультеті мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында білім саласындағы ынтымақтастық мәселесі жолға қойылған. Жақында ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен өткен алқалы жиынға аталған компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің өкілдері қатысты. «Теңізшевройл» ЖШС өкілдері университет мамандықтары бойынша бітірушілерді даярлау сапасын арттыру үшін білім беру бағдарламаларының мазмұнын өндіріс қажеттілігіне сәйкес жаңарту және жетілдіру, бірлескен зерттеулер мен жобалар жүргізуге қатысты ойларын ортаға салды. Сонымен қатар оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттерді оқу-өндірістік тәжірибеден өткізу жөнінде нақты ұсыныстарын алға тартты. Жиынға компанияның үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев, компанияның құқықтық қамту бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев, қоғаммен байланыс жөніндегі білікті мамандар Светлана Қайырғалиева, Раушан Найзабаева, сондай-ақ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мадиев, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысовалар қатысты. Олар өз кезегінде жоғары білім мен өндіріс арасындағы байланыстарды дамытып, баянды ету жөнінде бірлескен іс-шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды.  width=Компания өкілдеріне студенттер тарапынан қойылған сұрақтар болашақтағы бірлескен жобалардың өзегіне айналды. Осы орайда болашақта студенттер арасында БАҚ-қа жарияланған үздік мақалаға бірлескен конкурстар ұйымдастыру, жүйелі түрде компания өкілдерінің шеберлік сыныптарын өткізу жөніндегі жоспарларды бірлесе талқылады. Жиында сөз алған ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының доценті Ж.Бекболатұлы «Теңізшевройл» компаниясының тәжірибесі сөз етілген «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» (авторы Ж. Бекболатұлы) оқу құралына тоқталды.  width=Кездесу соңында компания өкілдерінің «Қоғаммен байланыс» мамандығы бойынша білім беру бағдарламаларын түзуге қатысуы, өзара тәжірибе алмасу, сондай-ақ бірлескен оқу құралын жазу жөнінде ұйғарым жасалды. Бекжан Әшірбаев, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының аға оқытушысы.