Қазір еңбек нарығы тез өзгеріске ұшырап жатыр. Жұмыс беруші маманның қолындағы дипломына емес, ең бірінші қарым-қабілетіне қарайды. Сондықтан да Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов кейбір мамандықтарды 2-2,5 жыл ғана оқытуды ұсынды. Бұл мәселе қоғамда бұған дейін де талқыланып жүрген. Жалпы, бакалаврды 4 жыл оқу шынымен ұзақ па? Жаңа бағдарлама жүзеге асса, қандай мамандықтар қысқа мерзімде даярланады? Биыл алғаш рет қыркүйектен бастап «Қолданбалы бакалавриат» пилоттық жобасы басталады. Бұл 2-2,5 жылдай қысқа мерзімде практик маман даярлап шығаруға мүмкіндік береді. Олар осы қысқа мерзімде білім алып, жұмысқа орналасады. Қажеттілік болса, әрі қарай оқу орнына келіп, білімін жалғастырып, толыққанды бакалавр дәрежесін ала алады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бакалавр деңгейі әдеттегідей 4 жыл болып қалады. Осылайша, еңбек нарығы қысқа мерзім ішінде тәжірибеге бағытталған мамандармен толығады. Ал оқу ақысы бойынша шешімді әрбір ЖОО дербес қабылдайды. – «Өмір бойы оқу қағидасы» шеңберінде біз формалды емес білім беру нәтижелерін тануға, микроквалификациялар алуға мүмкіндік береміз. Мысалы, талапкердің IELTS 7,0 сертификаты болса, ЖОО-да оған ағылшын тілін оқу қажеттілігі болмайды. Мысалы, ол Coursera секілді қашықтан оқытатын жүйелерде білім алса, университетте сол бағдарлама бойынша қайта оқып жүрмейді. Мұның бәрі ескеріледі, – деді Асхат Аймағамбетов.
Қажетсіз сабаққа қаржы кетеді
Шыны керек, қазіргі оқу бағдарламасында кемшіліктер жоқ емес. Айталық, құрылыс мамандығына түскен студенттер 1-курста 8 пән оқиды. 8 пәннің 7-і – гуманитарлық сабақтар. Яғни, әлеуметтану, саясаттану, психология, философия, тарих, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, 1 пән ғана сызу сабағына арналған. Шетелде мұндай үрдіс жоқ. Мысалы, Англияда бакалавр 3 жыл, олар геодезия, геология, механика пәндерін тереңдете оқытады. Біздегідей гуманитарлық сабақтарды оқытпайды. Салдарынан техника саласында оқитын студенттер өз сабағын меңгеруге үлгермейді. Мысалы, механикадан 300 сағат оқу керек болса, оның орнына 150 сағат беріледі. Оқу бағдарламасының көлемі шектелген. Сондықтан біздің мамандарымыз Еуропадан басқа мемлекеттерге қараған кезде төрт жылдың өзінде толыққанды білім алып үлгермей қалады. Өйткені мамандығына қатыссыз сабақтарды көп оқиды. Ендеше «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасы уақыттың қысқалығымен ғана емес, қажетсіз пәндердің азаюымен ұтымды. «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әсел Сәрсембаеваның айтуынша, қажетсіз сабақтардың сағаттарын қысқартып, сабақ көлемін азайтқан жөн. Екіншіден, теорияны оқытқанша, практикаға басымдық берілуі тиіс. –Университет басқармасында көбінесе гуманитарийлер отырғандықтан, гуманитарлық кафедралардың қамын ойлайды. Мысалы, қаншама кафедра, қаншама мұғалім қаражат алады. Бір мұғалімге жылына 3 миллион ақша бөлінеді. Бір кафедрада 20-30 адам бар. Үкіметтің грантына бөлінген ақша. Бұл дегенің – артық сабақтарды оқытқаны үшін төленетін қаржы. Міне, осы үрдісті өзгертіп, сапаны көтеруге болады, – дейді Әсел Сәрсембаева.Таяқтың екі ұшы бар
Университет бітірген соң «төрт жылым текке өтіпті» деп санын соғып қалатындар көп. Бірі мамандығы бойынша жұмыс таппайды, енді бірі алған білімін тәжірибеде місе тұтпайды. Себебі университет мамандыққа мүлде қатысы жоқ нәрселерді үйретіп жатады. Нәтижесінде, университетті бітіріп, бағың жанып, жұмысқа тұрып жатсаң, өз мамандығыңа нөлден бастап үйренуге тура келеді. Сонда 4-5 жыл уақытыңды неге жоғалтқаның түсініксіз болып қалады. – Шын мәнінде, университеттің қажеттілігі онда алынатын білімде емес, бітіргенде сен қол жеткізетін дербестік деңгейінде. Өкінішке қарай, 16-17 жастағы жасөспірімдердің көпшілігі өз бетімен саналы түрде әрекет ете алмайды. Сол себепті де жасөспірімдерге есейіп, өзіне жауапкершілікті алып, өз бетімен саналы әрекет етіп үйрену үшін университетте өтетін 4-5 жыл уақыт қажет,– дейді білім сарапшысы Өмір Шыныбекұлы. Бакалаврды 2-2,5 жылға қысқарту дұрыс та шығар. Бірақ бұл барлық мамандыққа жүрмейтін жүйе. Кейбір мамандықтарда жұмыс істеп бастау үшін белгілі бір білім қоры мен дағдылардың жиыны керек. Ал кейбір салаларда жұмыс бастау үшін бір нәрсе істей білу маңызды. Мұнда арба аттан алда тұруы мүмкін. Мысалы, бағдарламашы болып жұмыс істеу үшін бірнеше жыл жоғары білім алудың аса қажеті жоқ. Белгілі бір бағдарламалау тілін таңдап, үйреніп, артынан технологияларды меңгеріп, одан кейін техникалық интервьюден өтсе жетіп жатыр. Кейін жұмыс істеп жүріп жетіспейтін білімді қосымша игеріп алуға болады. Педагог Өмір Шыныбекұлы «Қолданбалы бакалавриат» бағдарламасына күмәнмен қарайды. Оның пікірінше, электрик, дәнекерлеуші және тағы басқа жұмысшы мамандарды даярлау үшін 2,5 жыл жеткілікті болуы мүмкін. Ал дәрігер, педагог, инженер дайындау үшін бұл аздық етеді. – Ең бірінші, бұл жастарды «мәңгүрттендіруге» алып келмей ме деп ойлану керек. Өйткені қазір білім алуды емес, қалай болса да диплом алсам екен деп ойлайтындар көбейді. Университетте оқытылатын пәндердің артығы жоқ. Бірі – мамандық бойынша болса, енді бірі – тәрбиеге қатысты пәндер,– дейді Өмір Шыныбекұлы. Бұл жоба әлі Үкіметте қаралып жатқандықтан, нақты қандай мамандықтардың қысқа мерзімде оқытылатыны белгілі емес. Дипломды бизнеске айналдырған сырттай оқудан енді құтылдық па дегенде, жаңа жобаның қалтаны қағу жолына айналмасына кім кепіл? Өйткені 2 жыл оқып диплом алғысы келетіндер көп. Сол себепті маман даярлауда асығыстық танытпау керек.