«Президент теміржолды олигархтарға беру туралы ойынан айнып қалды» – Жақсыбек Құлекеев
«Президент теміржолды олигархтарға беру туралы ойынан айнып қалды» – Жақсыбек Құлекеев
593
оқылды
Апта басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бел­гілі экономист Жақсыбек Құлекеевті қабылдады. Ақорда хабар­ла­ма­сында Президент пен экономистің елдің әлеу­меттік-эко­но­ми­калық дамуындағы әртүрлі мәселелерді қау­­зағаны айтылды. Осы орайда Мемлекет басшысымен бетпе-бет жүз­десіп, ел дамуына қа­тысты түрлі түйткілдер жайында ой өр­біткен Жақ­сыбек Әбдірах­метұлымен кездесу туралы аз-кем сұх­баттасқан едік. – Президент қабылдауында көтерілген мәселелер туралы тарқатып айтып берсеңіз... – Мені Президент сарапшы ретінде қабылдауына жиі шақырып, түрлі мәселелерге байланысты пікірімді сұрап тұрады. Кешегі кездесу туралы маған Президент Әкімшілігінен сенбі күні хабарласты. Президент қабылдауына дүйсенбі күні сағат 10.30-да кіріп, 1,5 сағат бойы әртүрлі мәселелер бойын­ша пікір алмастық. Әңгіме негізінен әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қалыптасуы, қоғамды алаңдатып отырған мәселелер турасында болды. І тоқсанның қорытындысы бойынша экономикаға салынатын инвестиция азайды. Осыған байланысты шетелдік бизнес қауымдастықтың алаңдаушылығы байқалып отыр. Өз ісінде заңсыздыққа жол берген отандық кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып жатыр. Осы тұста шетелдік инвесторлардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Президентке аталған мәселе бойынша жоғары лауазым иелерінің бизнес өкілдеріне сигнал беруі қажеттігін айттым. Қазір жаңа экономикалық саясат, Жаңа Қазақстан туралы жиі айтылып жүр. Осыған байланысты мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысына жаңа көзқарас, соны бетбұрыс танытуы керек. Өз тарапымнан бұл мәселені шешуде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жұмысын жандандырып, академия базасында саяси қызметте жүрген жергілікті әкімдерді, министрлерді қысқа дайындықтан өткізу туралы ойымды айттым. Бұл ұсынысым Президент тарапынан қолдау тапты. Мәселе бүгін партияның съезінде көтеріліп, Үкіметке тапсырма берілгенін естіп жатырмын. Бұдан бөлек, қаңтар оқиғасы, Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық қарым-қатынас, геосаяси ахуал жайында сөз қозғадық. Қабылдаудан байқағаным Мемлекет басшысы халықтың жағдайына баса назар аударып отыр. Қазір қолға алынған күрделі саяси реформалардың да түпкі мақсаты – осы. – Әлгінде бұған дейін де Президенттің қабылдауында болғаныңызды айттыңыз. Ол кездесулерде қандай мәселелер талқыланды? – Өткен жылдың қазан айында Президентпен бірнеше рет кездестім. Мемлекет басшысы сол кезде елдегі құрғақшылыққа, ағын судың тапшы­лығына алаңдаушылық білдірген. Кездесуде маған Президент мәселелерді шешу бағытында бұған дейін қолға алынған тиімді жобаларды зерттеуді тапсырды. Кейін өз зерттеулерімнің нәтижесі бойынша ойымды айттым. Қазан айындағы кездесулердің бірінде олигархтардың Президентке жасаған өтінішін талқыладық. Біздегі 3 олигарх елдегі теміржолды өз меншіктеріне алып, оған қыруар қаржы құйып, қызмет сапасын арттыруға уәде беріпті. Әңгіме арасында Президент теміржолды олигархтардың меншігіне берудің экономикаға ықпалы жайында сұрады. Мен Президентке Қазақстанның экономикасындағы олигархтардың үлесі онсызда жоғары екенін айттым. Әрине теміржолды ауқатты кәсіпкерлердің меншігіне беру саланы жетілдіру үшін таптырмас тәсіл. Бірақ бұл тәсіл саладағы бәсекелестікті жояды. Теміржолға иелік еткен олигархтар қызмет құнын қалауынша қымбаттауы мүмкін екенін айттым. Осы мәселенің төңірегінде болған әңгімеден кейін Президент теміржолды олигархтарға беру туралы ойынан айнып қалған сияқты. – Құрғақшылық биыл да қыспаққа алатын секілді. Биыл Президент осы мәселені жеке бақылауына алып, мәселені түбегейлі шешуі мүмкін деп үміттене аламыз ба? – Бұл мәселенің қарапайым шешімі жоқ. Ағын су тапшылығы Президенттің біреуге тапсырма беруімен шешіле салатын дүние емес. Ол үшін өте күрделі жұмыстар жүргізу қажет. Осы бағытта зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, судың мәселесін уақытылы шешпесек, жағдай ушыға береді. Жыл санап Әмудария мен Сырдарияның суы тартыла береді. Климаттың өзгеруіне байланысты тау басындағы мұздықтар жыл сайын 40 сантиметрге шөгіп бара жатыр. Әмудария мен Сыр­дария суының 80 пайызы таудың басындағы мұздықтардан тұрады. Осылайша, біз негізгі 2 өзенімізді жоғалтып алуымыз мүмкін. Біздің көршілеріміз де суды көбірек тұтына бастады. Сондықтан суды үнемдеудің әдістеріне көшетін кез келді. Су тапшылығын шешпей, оңтүстіктегі халықтың жағ­дайы оңалмайды. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат АТЫХАНҰЛЫ