Елімізде газбен қамту мәселесі көптен бері өзекті күйде тұр. Ауыл былай тұрсын, әлі күнге дейін көгілдір отынға жетпеген аудан орталықтары бар екені жасырын емес. Осыған орай жақында Парламент Сенатында Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасының өңірлерін газдандыру: Қазіргі жағдайы, проблемалары және оларды шешу жолдары» тақырыбы бойынша Үкімет сағаты өтті. Енді онда не айтылғанын бір шолып, жауаптылар мәселені шешу үшін не істеп жатқанына бағамдап көрсек. Әуелі жиынды ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина газ өнеркәсібі әлеуметтік-экономикалық дамуда маңызды, мемлекеттің энергетикалық қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі екенін ескертті. «Үкімет алдында еліміздің газ саласын тиімді дамытуды қамтамасыз ету бойынша стратегиялық міндеттер тұр. Бірінші кезектегі мәселелер бойынша қысқа мерзімде нақты шаралар қабылдау қажет», – деді ол. Бұдан соң сенатор Ерік Сұлтанов аталған саланы зерделеу барысында шешуді қажет ететін негізгі 4 бөліктен тұратын проблема шыққанын айтты. Біріншіден, ресурс базасы жетпейді. Екіншіден, газ тасымалдау жүйелері әбден ескіріп-тозған. Үшіншіден, елімізде газбен қамтамасыз ету деңгейі өте нашар. Соңғысы, тариф белгілеу жүйесі тиімсіз. Осыларды атаған сенатор проблемаларды жедел шешу үшін бірқатар шараны ұсынды. «Саланы басқару жүйесінде құрылымдық өзгерістер жүргізу қажет. Ресурстық базаны толықтыру мақсатында жер қойнауын пайдаланушылардың жаңа газ жобаларын іске асыруы үшін қосымша ынталандыру шараларын әзірлеу ұсынылады. Газға баға белгілеудің жаңа үлгісін қалыптастыру маңызды», – деді Сұлтанов. Депутат «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры құрылысының баяу жүріп жатқанына көңілі толмайтынын да айтты. Соның кесірінен солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыруды 2025 жылға дейін аяқтау мүмкін емес.
Дефицитке дәйек бар ма?
Ал салаға жауапты Энергетика министрі Болат Ақшолақов өңірлерді газбен қамтамасыз етуді дамыту жөнінде біраз деректі келтірді. Ведомство басшысы 2021 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандырудың жалпы деңгейі 57,7 пайызды құрағанын хабарлады. Көрсеткіш аз екені айтпаса да белгілі. Министр келтірген деректерге сүйенсек, ішкі нарықта газ тұтыну мөлшері тұрақты өсіп келеді екен. Мәселен, соңғы төрт жылда ішкі қажеттілік 4,8 млрд текше метрге өсіп, 18,6 млрд текше метрге жеткен. «Тұтынудың өсуіне байланысты 2025 жылға қарай газ тапшылығына кезіге бастаймыз деп болжадық. Егер тау-кен металлургия кәсіпорындары көмірден газға белсенді көшсе, онда тапшылықтың көлемі айтарлықтай ұлғаяды. Осындай жағдайда еліміздің ресурстық базасын толықтыру мәселесі туындайды. Бұл мақсатта газды барлау, өндіру және өңдеу секілді бүкіл кезеңде газ жобалары үшін преференциялар қажет», – деді Ақшолақов. Бір қызығы, Қазақстан газ қоры бойынша әлемде 22-орында тұр. ТМД елдерінде алғашқы үштікті қорытындылайды. Сөйте тұра, 20 миллионға жетпейтін халықты газбен қамтамасыз етуде тапшылық жайлы айту сәл қисынсыз көрінді. Ал Ақшолақов айтқандай, алдағы уақытта тау-кен, металлургия кәсіпорындары ғана емес, жылу электр стансалары да газға көшер болса, жағдай қиындайды. Шамасы, қор жеткілікті болғанымен, оны өндіру жағы ілгері баспай тұрса керек. Немесе бұрынғы әдетімізге салып, экспорттау мәселесіне басымдық береміз. Ведомство басшысының деректеріне сенсек, Қазақстандағы газдың 80 пайыздан астамы «Қарашығанақ», «Қашаған» және «Теңіз» кеніштеріне тиесілі. 2021 жылы өндірілген шикі газ көлемі 53,8 млрд текше метрді құраған. Оның 20 пайызы жер қойнауын пайдаланушылардың өз қажеттілігіне, электр энергиясын өндіруге және басқа да мақсатқа кеткен. Жартысына жуығы тауарлық газ ретінде қайта өңделген. «Болжап қарасақ, 2030 жылға қарай шикі газ өндіру 87,1 млрд текше метрді құрайды. Соның ішінде үш ірі жобаның өндіру үлесі 83 пайызға жетпек. Өндірілген газдың 42 млрд текше метрі тауарлық газ ретінде қайта өңделмек. Жер астына айдалатын газ көлемі 47 пайызға, өндірушілер мұқтаждықтарына пайдаланатын газ 15 пайызға теңеседі», – дейді министр.Құбырлардың 75 пайызы тозған
Ақшолақовтың айтуынша, қазір «Қашағанның» газ ресурстарын монетизациялау үшін газ өңдеу зауытын үш кезеңмен салу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2021 жылғы маусымнан бастап қуаты 1 млрд текше метрлік бірінші кезең құрылыс-монтаждау жұмыстары басталып кеткен. Бірінші кезең 2024 жылдың басында пайдалануға беріледі деп жоспарланған екен. Энергетика министрлігі мен QazaqGaz Ұлттық компаниясының тағы бір міндеті – магистралдық газ құбырларын жаңғырту болып тұр. Министр де шындықты айтып отыр, бізде газ тасымалдау инфрақұрылымы негізінен кеңес заманында салынған. Енді қауіпсіздікті қамтамасыз ету мол инвестицияға мұқтаж. Қазір бірқатар газ құбыры толық қуатында жұмыс істеп тұр. Аймақтарға тұрақты газ жеткізуді жалғастыру үшін қуатты құбырлар салу қажет. Тұтынушыларға газды үздіксіз және қауіпсіз жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Жобалардың жалпы құны 603,9 млрд теңгені құрайды. «Биыл еліміздің газдандырылуын дамытуға министрліктің бюджеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 45,8 млрд теңге бөлінді. 2022 жылға республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 50,1 млрд теңге алдын ала қолдау тапты. Бұл 147 мың адамды немесе 95 елді мекенді газбен қамтуға мүмкіндік береді», – дейді Болат Ақшолақов. Бұдан кейін министр тауарлық газға баға белгілеудің қазіргі схемасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, еліміздің ішкі нарығын газбен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы мұнай кен орындарында өндірілетін газды сатып алуға мемлекеттің артықшылықты құқығы берілген ұлттық оператор институты енгізілген. «Ұлттық оператор – QazaqGaz ҰК АҚ газдың сатып алу бағасы мен магистралдық тасымалдау тарифтерін негізге алып, тауарлық газды көтерме саудада өткізуді және газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі бойынша газ таратуды бірыңғай диспетчерлеуді жүзеге асырады. Бұл схема мемлекетке газ бағасын ұстап тұруға мүмкіндік бермек. Бұл ретте көтерме сауда ұлттық оператор үшін шығыны көп, ол субсидияланады және экспорттық түсімдерге тікелей тәуелді. 2015-2021 жылдар аралығындағы ұлттық оператордың шығыны 587 млрд теңгені құрады», – деді ол. Жиында өңірлердің де жай-күй сөз болды. Теріскейдегі аймақ басшылары газды Ресейден тасымалдау тиімді екеніне тоқталса, салаға жауапты министрлік ел аумағынан жаңа газ өңдейтін кен орындарын ашуға мүдделі екенін аңғартқандай болды. Басқосудың қорытындысы бойынша Үкіметке газ саласын жақсарту жөнінде ұсыныстар жіберілмек. Онда газ ресурсының базасын, қайта өңдеу көлемін ұлғайту, солтүстік өңірлер мен Шығыс Қазақстан облысына газ жеткізу, сондай-ақ еліміздің осы саладағы заңнамалық базасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар болады.