«Дипломмен – ауылға!»: бағдарламада шикілік көп
«Дипломмен – ауылға!»: бағдарламада шикілік көп
1,783
оқылды
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 13 жыл болды. Алайда мамандарға мұқ­таж өңірлер көбеймесе, азайған жоқ. Өз міндеттемесін орындап, үш жыл ауылда жұмыс істеген мамандар тиісті мерзімі аяқталған соң жүгін буып-түйіп, қайтадан қалаға көшіп кетіп жатыр. Жылдар бойы бюджеттен қаржы құйылып келген бағдарлама неге міндетін мінсіз орындай алмай жатыр?

НЕГЕ МҰҒАЛІМ МЕН ДӘРІГЕР ҒАНА?

«Дипломмен – ауылға!» барған мамандардың 4 пайызы келісімді бұзған. Қаншама қаражат бөлінгенімен, оның тиімділігі ауылды дамытуға бағытталмай жатыр. Нәтижесі көптеген ауыл әлі күнге дейін тәжірибелі мұғалімсіз, білікті дәрігерсіз отыр. Бұл ойымызбен KAZGUU университетінің сарапшысы, әлеуметтанушы Айдар Хамит те келіседі. «Жұмыс мәселесімен кетуге мәжбүр. Бағдарламаның негізгі міндеті – ауылдағы кадр жетіспеушілігін жою. 70 пайызы білім беру мекемелеріне жұмысқа орналасады. Ал 20 пайызы денаулық сақтау саласынан жұмыс тапқан. Қалған салаларда өте аз. Ауылда күнкөріс көзі мектеп, әкімшілік және аурухана ғана. Бағдарлама аясында мектепке келген мұғалім айлығына 25 пайыз қосып алады. Бірақ әкімшілік пен ауруханадағы мамандарға бұл үстемеақы қарастырылмаған», – дейді ол. Жалпы, 2009 жылдан 2021 жылдың 1 қарашасына дейін ауылға 7 464 маман тартылды, оның ішінде 5 027-сі – мұғалім, 1 410-ы – денсаулық сақтау, 113-і – әлеуметтік қамсыздандыру, 482-сі – мәдениет, 186-сы – спорт, 236-сы – агроөнеркәсіп кешені маманы және 10-ы – мемлекеттік қызметші. Байқасаңыз, мұғалім мен дәрігердің үлесі жоғары. Бағдарламаның шартына сәйкес дипломмен ауылға барғандар тек мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасуы тиіс. Яғни, бұл бағдарламаның игілігін көбіне мұғалім мен дәрігерлер көріп жатыр. Мәселен, алматылық Арсен Мұратов ветеринар мамандығын тәмамдаған. Ауылда ата-анасының жанында жұмыс істеуді жөн көргенмен бағдарламадан шет қалыпты. «Ауылда бұл мамандықты қажет ететін бірде-бір мемлекеттік мекеме болмады. Көбіне жекеменшік кәсіпорындар болғандықтан, бағдарламаға қатыса алмай қалдым . Осы шектеуді алып тастаса, дұрыс болар еді», – дейді ол. Ауылға жолдама алған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде бірреттік көтерме жәрдемақы (2022 жылы – 306 300 теңге), тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 15 жылға дейінгі жылдық ставкасы 0,01 пайызбен 1 500 АЕК (2021 жылы – 4 594 500 теңге) көлемінде несие беріледі. 2020 жылы аталмыш жобаға ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері де қосылды.

УӘДЕ ЕТКЕН ҮЙ ҚАЙДА?

Бағдарламамен алған үйді кейін қымбатырақ бағаға сатып, қалаға көшіп кетуге тосқауыл жоқ. Салдарынан кейбір жастар бағдарламаны баюдың жолына айналдырған. Мемлекет берген 4 миллион теңгеге ауылда тұратын ағайынының үйін қағаз жүзінде сатып алып, пайда тапқандар да кездесті. Мұндай деректер көбейіп кеткендіктен, Үкімет бағдарламаға өзгеріс енгізіп, қатысушыға туысқанының үйін сатып алуына қатаң тыйым салды. Ендігі мәселе бөлек. Химия пәні мұғалімі Айман Рысдәулет 2 жыл бұрын аталмыш бағдарламаға қатысып, жұмысқа орналасқан. Үй де алды. Алайда 1,5 жылдан кейін көрші ауылдың мектебінен жалақысы жоғары жұмысқа шақырту алып, жұмыс орнын ауыстырған. Бүгінде баспанасы болса да, пәтер жалдап жүр. «Жұмысымды ауыстырғанмен, несиеге алған үйім сол жерде қалды. Оның несиесін төлеп, екінші жерде пәтер жалдап тұрып жатырмын. Баспана мәселесін жан-жақты зерттеп барып, шешім шығарса екен», – дейді А.Рысдәулет. Үй демекші, бір рет берілетін 300 мың теңге көтерме жәрдемақы мен тұрғын үйге берілетін 5 миллион теңге бюджеттік несиеге сапалы үй табу да қиын. Себебі баспана бағасы да шарықтап тұр. Құны 7 миллионнан басталады. Оның өзі ескі. Жыл сайын жылжымайтын мүліктің шарықтайтыны белгілі. Осы орайда жас мамандарға берілетін несиенің мөлшерін ұлғайту қажеттілігі туындап отыр. Әрі елімізде баспана бағасы әр өңірде әртүрлі екені де ескерілуі тиіс. Шығыс Қазақстан обылысы Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекова да «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасындағы кейбір шикіліктер жас мамандардың ауылға орнығуына кедергі болып жатқанын мәлімдеген еді. «Осы бағдарламамен аудандарда үй алу өте қиын. Себебі бағдарлама талаптарына сай келетін үйлер жоқ. Біз шекаралық аймақта орналасқан Катонқарағай ауданындағы Ақсу ауылын зерттеп көрдік. Бұл ауылға бірнеше жас маман келген. Бірақ әлі күнге дейін үй ала алмай отыр. Өйткені қаржы беретін банктің талаптарына сай келмейді. Амалсыздан жалған құжат жасап, ауылдағы ата-анасының үйін сатып алады. Бес жылдан кейін қалаға қайта оралып, жұмыссыз жастардың қатарын толықтырады. Осы мәселелерді заңдық тұрғыда қарау керек», – дейді ол. Ұялы байланыс пен интернет сапасының нашарлығынан көңілі қалады. Кей ауылдарда жол да, жарық та, жастар баратын мәдени орындар да жоқ. Кейбір ауылдарда оқу жүктемесі азайып, ауылға барған жас мамандардың жұмыссыз қала жаздаған, кетуге мәжбүр болған, несиелік қаржының үй сатып алуға жетпеген жағдайлары да кездескен. Сондықтан 3 жыл еңбек мерзімін бітірген соң тіл табыса алмаған жас маман қалаға қашады. Ұжымда «жассың деп менсінбейді» деген Айсұлу Нұрланқызының жұмыс істеп жүргеніне 2 жылдан асқан. Бірақ ол да қалаға қайтуға асық.

БАҚЫЛАУ БОЛМАЙ МА?

Жобаға 2019 жылдан беру мониторинг жүргізілмеген. Бағдарламамен тікелей айналысатын мекеме жоқ. Облыстағылар жас маман болғандықтан, Жастар басқармасына ысырып тастайды. Жастар басқармасына барсаң, ақшаны экономика және бюджетке жауапты басқармалар бөледі» дейді. Ал олар «Ауыл шаруашылығы басқармасы айналысады» деп жауап береді. Бір бағдарламаның барлық статистикасына жауап беретін арнайы мекеме болмағандықтан, деректі әр басқармадан сұратуға тура келеді. Негізі, «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасының үйлестіру­шісі – Ұлттық экономика министрлігі. Ұлттық экономика министрлігі 2021 жылғы бағдарламаға бөлінген 20 миллиард теңгенің 1,8 миллардын «игерілмеді» деп бюджетке қайтарған. Ал дәл сол кезде Батыс Қазақстан облысы бойынша 757 миллион теңге жетпей қалған. Осындай ыңғайсыз жағдайға кім кінәлі десең, әкімдік пен министрлік бір-біріне сілтеп отыр. Ал 13 жылда 123 миллиард теңге бюджеттік кредит алған адамдар туралы ақпарат жоқ. Жобаның шарты бойынша жастар тек ауылға жұмысқа баруы тиіс. Аты қала болғанымен, заты қала емес, тұрғын саны ауылдан да аз жерге барған маман әлеуметтік қолдау шараларынан қағылып жатыр. Өйткені оқу орнын тәмамдаған түлек ауылға ғана барғысы келеді. Аудандағы қалаға жұмысқа орналасқанда әлеуметтік қолдау төлемі де, үй алуға бюджеттік кредит те берілмейді. Сондай-ақ сол қаланың қасындағы ауылдың мектебімен салыстырғанда жалақысы 25 пайызға төмен болады. Қорытындысында, басты мәселе – бағдарламаны жетілдіру, екінші – ауылды дамыту. Бұл бағдарлама ауыл мен жас маманды біріктіретін өзгерістеді күтеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына бөлінетін қаражатты 20 млрд теңгеге ұлғайтуды тапсырды. Мемлекет қаржысы құмға сіңген судай болмаса дейміз.