«Дипломмен ауылға» бардың ба?
«Дипломмен ауылға» бардың ба?
315
оқылды
PISA мәліметі бойынша, еліміздегі қала мен ауыл мектептері арасындағы айырмашылық – 1,5 жыл. Мұны Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында мәлімдеді. Оған қоса, ауылда бір мұғалімнің 3-4 пәннен сабақ беретінін атап өтті. Неліктен елді мекендегі ахуал мұндай жағдайға жетті? Шынымен, бірнеше пәннен сабақ беретін ұстаздар бар ма? Мәселен, ауылда ағылшын тілінен сабақ берген мұғалімнің негізгі мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін кейін білдік. Алғашында химиядан лаборант болып жұмысқа тұрған ұстаздың келесі жылы физикадан дәріс оқығанын көзіміз көрді. Білікті ұстаз Гүлнәр Жарасқы­зының айтуынша, оған орыс тілі мұғалімі географиядан сабақ бер­ген. «Сондықтан болар, география пәні маған қызықсыз әрі ең қиын сабақ еді. Сөйтсем, керісінше өте қызық сабақ екен. Бәрін беріде түсіндік. Ауылда маман жеткіліксіз. Әлі де осындай мысал қоғамда болуы мүмкін», – дейді ол. Иә, ұстаз топшылағандай, мұн­дай проблема ауылды жерлерде әлі де бар. Өйткені маман тапшы. Ал мектепте тиісті пән оқытылуы ке­рек. Сондықтан білім беру ұйымы осындай әрекетке баратын болар. Сағындық Тілеуқызы (аты-жөні өзгертілді – авт) өзі сабақ беретін мектепте мұндай факт бар екенін растады. «Мектептегі информатик мұғалім орыс тілі пәнінен 3 жыл сабақ берді. Қазір өзін-өзі тану пәнінен сабақ береді», – дейді ол. Бұл бір ғана Қызылқоға ауданын­дағы жайт. Елімізде 6,6 мыңға жуық ауыл бар екенін ескерсек, біз білмейтін бұдан да басқа мәлімет бар болар. Ал ауылда мұндай проблема неден туындайды? Президент сөзінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қабылдағаны­мыз­бен, жастар ауылға бармайтынын ашып айтты. Неліктен оқу орнын бітірген жастар ауылға барудан қашады? Бұл сұраққа Astana Garden School жеке мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхамед Досыбаев жауап берді. «Сұрақты «неге бармайды?» емес, «неге барғысы келмейді?» деп қою қажет. Біз студент өз ер­кімен ауылға барып, қызмет істеу үшін не істеуіміз керек? Бірін­ші­ден, оның қалауы ақша табу, шал­қып өмір сүру болса, карьерасын соған қарай туралайды. Ішкі дү­ниесі ауылды көтеруді қалайтын топ бар. Ал ке­ле­сі біреуге жағдай жасасаң да, ауыл­­­ға барудан бас тартады. Бірі ыңға­йына келсе, ауылға баруға ке­ліседі. Осылардың арасында тағы бір адам бар. Жағдай жасамасаң да баратын адам. Міне, еліміздегі проб­лема – осы. Бізде жағдай жасамасаң да баратын адам аз», – деді ол «Ашық алаң» бағдар­ламасында. Жас маманның ауылға барма­уына бірнеше себеп бары әмбеге аян. Ауылда интернет желісі әлсіз, қаладағыдай жағдай жоқ. Мектеп­тердің компьютермен жабдықталу деңгейі де төмен. Сондықтан педа­гогика саласында дипломы бар маман білім беруден гөрі қалада басқа жұмыспен шұғылданғанды жөн көреді. Оқу орнына тапсы­рарда жастардың «қулық» жасай­тынын Төлеутай Рақымбеков мо­йындап отыр. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі «Дип­лом­мен – ауылға!» бағдарламасымен Ауыл шаруашылығы министрлігі тікелей айналысқанын алға тартты. Қоғам университетті бітірген түлектің ауылға бармауын оқу орнынан көру жөн емес екенін атап өтті. «Не үшін жастардың ауыл­ға барғысы келмейді? Мұның 3 себебі бар. Мұны ауыл шаруашы­лығы инс­титутымен байланыстыра ай­тайық. Мәселен, талапкер қала­ның баласы. Оған грант керек. Со­ны­мен, төмен балмен аталған фа­культетке тапсырады да, 4 жыл бі­лім алады. Бірақ оқу орнын бітір­­ген соң ауылға бармайды. Ары қа­рай магистратураны заңгер не­месе қаржыгер мамандығына оқи­ды да, қалада қалады. Екіншіден, ауыл­дағы жалақы мөлшері аз. Үшін­шіден, қазіргі ауылдың жағ­дайы төмен. Қалада қолын жылы суға салып отырған бала ауылға бара ма?» – дейді Төлеутай Ра­қымбеков. Осы турасында биыл педаго­гика мамандығына түсу балы 70-ке көтерілді. Яғни, грантта оқығыңыз келсе, ҰБТ-да орыс тілінсіз 70 балдан асыра ұпай жинауыңыз керек. Өйткені меже көтерілген сайын бәсекелестік те көп болады. Оның үстіне, Мемлекет басшысы педагогикада оқитындардың шәкіртақысын 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Демек, биыл талапкер мұғалім мамандығын аз балл алғаны үшін емес, болашағы жарқын болға­нынан таңдайды деген сөз. Алайда бұл студенттің 47 жылдан кейін ауылға барып, бала оқытатынына кепілдік бермейді. Иә, мәселенің түйіні әлеуметтік жағдайға келіп тіреледі. Ауылдағы жөндеуден өтпеген жол мен мек­теп, сыныптағы 30-дан астам оқу­шы, тұрмыс жағдайы жас маманды қалада қал деп үгіттейді. Бірақ ауыл мектебіндегі оқушының жа­йы не болмақ? Олар физика пәні мұғалімінің математикадан, инфор­матиктің орыс тілінен сабақ түсіндіргеніне зәру. Кей елді мекенде зейнет жасына толған ұстаз әлі күнге сабақ береді. Осыған орай, Президент: «Бар­лық бала әлеуметтік жағдайы мен мекенжайына қарамастан, сапалы білімге қол жеткізуі керек. Бірқатар елде осы сынды тенденция бар. Бұл жерде жағдайға шынайы қа­рап, шара қабылдауды жалғас­тыру керек. Ол үшін ауылда аз қамтыл­ған мектептерді білікті мамандар­мен қамту қажет», – деді. Бақыласаңыз, ауыл баласына сапалы білім алуға кедергі көп. Мұны қашықтан оқыту барысында да байқаған боларсыз. Есіңізде болса, 15-60 оқушысы бар елді ме­кенде тұратын балалар пошта ар­қылы тапсырма орындады. «Ин­тернеті бар» деп түстегенімен, іс жүзінде іске жараған жоқ. Олар да жүрдім-бардым оқыды. Қазір елімізде педагог маман­дардың жетіспейтінін Президент те бірнеше мәрте айтты. Білікті мұғалімнің алды зейнет жасына толды. Ал оның орнын басар бі­лімді педагогты табу қиын. Бұл процесс үй салуға ұқсайды. Зәулім әрі әдемі үй тұрғызу үшін фунда­менті берік болу керек. Фундамент дегеніміз – орта білім беру. Қа­бырғасы құламауы үшін колледжде педагог дайындау ісіне жауапкер­шілікпен қараған жөн. Талапкер университетке мұғалім болуды шын қалап түсіп, талмай оқыса, шатырдан су өтпейді. Сонда ол білімді шәкірт тәрбиелеуге қау­қары бар маман атанады. Мұның бәрі іске асуы үшін Президент айтқандай, білім берудегі рефор­маларды қайта қарап, қаржы мәсе­лесін шешкен абзал.  

 width=Айзат АЙДАРҚЫЗЫ