Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының мәліметінше, таратылған банктерден әлі күнге дейін өздерінің 2,3 млрд теңге жинақ ақшасын алмаған азаматтар бар. Бұл қаражатты үйден шықпай-ақ, онлайн түрде немесе агент банктердің бөлімшелеріне барып алуға болады. Қор төрағасы Әділ Өтембаев қазіргі уақытта елімізде 9 банк таратылып жатқанын айтты. «Таратылатын сегіз банктен төлемдерді соңғы күнін қоса алғанда биылғы жылдың 1 мамырына дейін алуға болады. Ал «Capital Bank Kazakhstan» АҚ басқа банктерге қарағанда лицензиясынан кейінірек айырылғандықтан, оның салымшылары депозиттегі қаржысын 2022 жылдың 3 шілдесіне дейін ала алады», – деді Әділ Өтембаев.