Болашақ архившілер арасында Республикалық олимпиада өтті
Болашақ архившілер арасында Республикалық олимпиада өтті
542
оқылды

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде архивтану және іс қағаздарын жүргізу бойынша студенттер арасында республикалық олимпиада өтті. Іс-шараның басты мақсаты – жас мамандардың архив қызметіне деген қызығушылығын арттыру, олардың шығармашылық қабілеттерінің қалыптасуына қолдау көрсету, ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жұмылдыру.

Олимпиаданың ашылуында сөз сөйлеген ҚР Президенті Архивінің директоры Әлия Мустафина аталған шараның маңызы айрықша екендігіне кеңінен тоқталды. «Соңғы жылдары мемлекет басшысы тарапынан Қазақстандағы архив саласына, сонымен қатар ҚР Президентінің Архивіне, оның даму келешегіне ерекше мән беріліп жатыр. Мемлекет тарапынан еліміздегі архив саласын дамыту бойынша белгіленген міндеттерді жүзеге асыру үшін бірінші кезекте жоғары білікті мамандар қажет. Өткен жылдары ұйымдастырылған олимпиадалардың бірқатар қатысушысы қазіргі кезде ҚР Президенті Архивінде жұмыс істейді. Бұл тұрғыда Олимпиада бүгінгі қатысып отқан Архив басшылары үшін болашақ мамандарды іріктеуге де мүмкіндік беретін шара болып табылады», – деп атап өтті Әлия Құсайынқызы. Архивтану бойынша білім алатын студенттерді кәсіптік бағдарлау бағытында ҚР Президентінің Архиві тарапынан бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Архивте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Архив ісі және құжаттану кафедрасы ашылып, онда білім алушылар үшін тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылуда. Бірқатар жоғарғы оқу орнының студенттері жыл сайын өндірістік тәжірибеден өтеді. Биылғы Олимпиадаға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Алматы көпсалалы колледжі студенттерінен құралған бес команда қатысып, өздерінің білім-біліктерін сарапқа салды. Білім сайысы екі кезеңнен тұрды: «Топты таныстыру» және «Үй тапсырмасы. Ғылыми жобаны қорғау». Сайысқа ҚР Президенті Архивінің директоры Ә. Мұстафина, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры т.ғ.к. С. Шілдебай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к. Ғ. Жұматай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, т.ғ.д. Т. Төлебаев, ҚР Президенті Архивінің Оқу-әдістемелік орталығының басшысы М. Жылгелдинов қазылық етті. Архивтану және іс қағаздарын жүргізу бойынша өткен республикалық студенттік олимпиадада Алматы көпсалалы колледжі студенттерінің «Құжат шеберлері» тобы бірінші орынға, екінші және үшінші орынға «Documentum», «Innovation» топтары ие болды. Ал өзге «Decision», «JasStar» командалары арнайы номинациялармен марапатталды.