Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасы жақсарады
Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасы жақсарады
473
оқылды
Палата Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылым­да мақұлдады. Құжат Парламент Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының бастамасымен әзірленген. Жұмыс тобының жетекшісі Лариса Павловецтің айтуынша, заң жобасын талқылауға мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін және қорғайтын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Заң жобасы туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев баяндама жасап, оның басым бағыттарына тоқталды. Депутаттың айтуынша, енді мүгедектігі бар баланы санаторий-курорттық емдеуге апаратын ата-анасының біріне мекемеге орналастыру, тамақтандыру, жатын орны сияқты шығыстарының құны өтеледі. Сонымен қатар бұл бастама шалғай аудандардағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүгедектігі бар баласына санаторий-курорттық ем алуға жол ашады. Жалпы, алдын ала жобалық есеп бойынша 3 жылдың ішінде кемінде 62 мыңнан астам баламен ата-атасы немесе олардың заңды өкілдері санаторий-курорттық ем-домға бірге барады. Заң жобасында емханалардағы қызметті бірінші кезекте алу, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды нотариустық қызметтер жасауда ақы төлеуден босату нормасы, 50 мың балаға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар құру қағидаты, адам саудасының құрбаны болған шетелдік азаматтарға жан-жақты әлеуметтік қызмет көрсету бойынша нормалар қарастырылған. Отырыста депутаттар сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту мәселелері туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Дания Еспаева атап өткендей, енді жаңа тәртіп бойынша полицейлерді шақырмастан және сотқа жүгінбестен сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі туып отыр. Бұл Еурохаттама рәсімі Еуропаның көптеген елінде және Ресей, Беларусь, Өзбекстан сияқты бірқатар мемлекетте қолданылып жүр. Сондай-ақ отырыста палата комитеті «Жаһандық жасыл өсу институтын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын жұмысқа алды. Жиында палата Парламент Мәжілісінің депутаты Саясат Нұрбектің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінен Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне ауысуы туралы қаулы қабылдады. Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.