Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңару кезеңін бастан кешіп жатыр. Жаңа бетбұрыс Мемлекет басшысы, ҚХА Төрағасы Қ.Тоқаевтың төрағалығымен өтетін, «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» тақырыбын арқау ететін Ассамблеяның XXXI сессиясында айқындалмақ. Ұлы құрылтай аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына ҚХА атынан ұсынылатын депутатты сайлауға қатысып, дауыс берді.
Дегенмен алда Ассамблеяның барлық депутаты Мәжілістен «шығып қалмақ». Қазақстан лидері жариялаған жаңа реформалар аясында ҚХА-ның Мәжілістегі депутаттық тобы жойылады. Нақтылай кетсек, Президенттің Сенаттағы квотасын 15-тен 10 депутатқа дейін азайту туралы шешім қабылданды. Оның бесеуін енді Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргідей сайламайды, тек ұсынатын болады.
Ендеше ірі өзгерістер алда. Әзірге ҚХА өз атынан ұсынылатын Мәжіліс депутатын сайлады. Президент дауыс бергеннен кейін депутаттыққа үміткерлердің сенімді өкілдерімен әңгімелесті. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Конституцияға өзгеріс енгізілетіндіктен, мұндай форматтағы сайлау соңғы рет өтіп жатқанын қаперге салды.
– Бірақ біздің Парламентте Қазақстан халқы Ассамблеясының тиісті орындары сақталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Атап айтқанда, оның Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасы аясында ҚХА депутаттық мандаттары Мәжілістен Сенатқа ауыстырылып, ассамблеялық депутаттар саны 9-дан 5-ке дейін қысқарады.
Бұдан бұрын, 2022 жылғы 14 наурызда Ассамблеядан сайланған Мәжіліс депутаты Владимир Тохтасуновтың өкілеттігі мерзімінен бұрын доғарылған-тын. Ал 11 сәуірдегі отырысында Орталық сайлау комиссиясы Мәжілістің шығып қалған депутатының орнына сайлауға ҚХА кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеді. Ассамблея кеңесінің шешімімен Мәжіліс депутаттығына 2 кандидат ұсынылды: біріншісі – Кузиев Закиржан Пирмухамедович, 1969 жылы туған, ұйғыр, «Универсал» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы, Алматыда тұрады. Екіншісі – Тварионас Виталий Ионо, 1964 жылы туған, ұлты литвалық, «Викинг» мемлекеттік емес күзет құрылымы» ЖШС заңгері, Қарағанды қаласында тұрады. Қос үміткер де 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша өзі мен зайыбының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырған, ОСК тексеруінен өткен.