«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеу орталығының президенті Гүлмира Илеуованың пікірінше, Қазақстанның мәдени жағдайына әлеуметтік зерттеу жүргізу жағы кемшін. Сол себепті «Кейінгі жылдары жергілікті биліктің мәдениет ошақтарына көңіл бөлуі жақсарды ма және мемлекет мәдениеттің қай бағытына неғұрлым қолдау көрсетуі керек деп ойлайсыз?» деген тақырыпта жүргізілген сауалнама арқылы көп нәрсеге көз жеткізуге болады деп санайды.
Естеріңізге сала кетейік, дәл осындай әлеуметтік зерттеуді Г.Илеуова 13 жыл бұрын жүргізген екен. Оның нәтижесіне қарап автор екіұдай күйге түскенін айтады: «Елдің бір бөлігі мәдениетіміз қарқынды дамып жатыр, болашағынан үміт күттіреді деп санайды. Ал енді бір бөлігі мәдениеттің қазіргі ахуалына қынжылыс білдіріп, қатты алаңдаушылық танытты. Мұндай бірі-біріне мүлдем кереғар келетін пікірлер баға берушінің жеке көзқарасы мен нені «мәдениет» деп түйсінетініне байланысты. Бұл жағдайда мәдениетті тек біржақты түсінетін, оның бір ғана компонентіне басымдылық мән беретін екі түрлі көзқарастың бар екенін байқаймыз: мәдениетті өнер нысандарының өндірісі, рухани және материалдық құндылықтардың жиынтығы және мәдениетті әлдебір ұлттың/этностың салт-дәстүр, әдеп-ғұрып, жөн-жоралғыларының жиынтығы ретінде қабылдайтындар. Кейінгілер мәдениеттің қазіргі дағдарысын қоғамның қазақтың төлтумалық бірегейлігін жоғалтып алуымен түсіндіреді» – дейді ол. Сауалнама нәтижесі бүгінде ел ішінде дәстүрлі қазақ мәдениетінің өркендеуіне, ата-бабамыздың салт-дәстүрін сақтауға деген сұраныстың анағұрлым жоғары екенін көрсетті.
Мәдени даму тоқырауға түсті ме?
Осыдан бір мүшел уақыт бұрынғы және бүгінгі кезеңді салыстырып қарасақ, осы аралықта қазақстандықтардың мәдени мұқтаждықтары өзгерді ме? 2009 жылы фокус топтың талқылауына қатысқандар мәдениет саласын, оның ішінде нысандарын қаржыландыру нашар деп бағалаған еді. Олар, әсіресе ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның жағдайы қиын екенін жеткізген. «Сауалнамаға қатысушылар мемлекет пен қоғам тарапынан мәдениетті дамытуға көңілдің нашар бөлінуі ең бірінші қазақтың төл мәдениетіне кесірін тигізіп, ана тіліміздің бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді, оған деген сұраныстың саябырсуына әкеліп соқтырды деп санайды», – дейді зерттеуші.
Ал 2022 жылдың наурыз айында жүргізілген сауалнамада сұрау салынғандардың көпшілігі (45%) мәдениет нысандарының ахуалы бұрынғысынша, ешқандай оң өзгерістер жоқ деген пікірді ұстанған. Респонденттердің тек төрттен бірі ғана жағымды өзгерістер болғанын айтады. Әрбір бесінші респондент (18%) жергілікті билік мәдениет ошақтарына назар аударуды бұрынғыдан бетер нашарлатып жібергенін жеткізді. Мұндай айыптаулар, әсіресе ауылдық жердегі адамдардың аузынан жиі естіледі.
Ал «Адамдардың тұрғылықты жерлерінде демалыс пен бос уақыттарын өткізуге көңілі тола ма?» деген сұраққа берген жауаптарына қарап, жағдайдың әлі де түзелмегенін байқауға болады. Сауалнамаға қатысушылардың 49 пайызы оған «қанағаттанамын» немесе «дұрысы қанағаттанамын» деп жауап берсе, 44 пайызы қанағаттанбайтынын білдірген. Бұл жерде біз үшін, әсіресе 2009 жылғы және 2022 жылғы сауалнаманың жауаптарын салыстырып қарау көп қызығушылық туғызды: «қанағаттанушылар» мен «қанағаттанбаушылардың» айырмасы – 48% және 46%. Осы салыстырудан екі сауалнаманың арасында 13 жыл уақыт өтсе де, жағдайдың жақсармағанын, тіпті тоқырауға ұшырағанын көреміз.
Ауыл да өркениеттің жемісін көргісі келеді
Сауалнама нәтижесінен жергілікті атқарушы биліктің мәдени ошақтарға деген көзқарасына көпшіліктің көңілі толмайтынын көреміз. Сондай-ақ қалың бұқара демалатын және бос уақытын өткізетін орындардың тапшылығын байқаймыз. Тұрғындар мәдени нысандар күтімінің нашарлығына, әйтпесе оның мүлдем жоқтығына кеюлі. Және сол арқылы мәдени қажеттілігін жүзеге асыра алмағаны үшін наразы. Мұндай қынжылыс негізінен ауылдық жерлерге, сондай-ақ ауылдық аумағы көп өңірлерге тән.
Оның жөні бар. Мәселен, республика бойынша 6 293 ауыл болса, соның тек 3 738-інде (59%) ғана мәдениет ошақтары кездеседі. Бірақ көпшілігінің жағдайы оңып тұрған жоқ. Сөйте тұра, ел үлкен үміт артып отырған «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасында мәдени ошақтарды салу немесе қалпына келтіру шаралары ескерілмей қалған.
«Мәдениетсіз ауыл болмайды. Сондықтан «Ауыл – ел бесігі» жобасына мәдениетті дамыту бағдарламасын енгізу қажет. Мәселен, Түркістан облысы Шардара ауданы Қызылқұм ауылындағы мәдениет үйінің төбесі тесіліп қалған. Қабырғасы құлайын деп тұр, едені де ойылып кеткен. Егер халықпен кездесу кезінде мәдениет үйінің төбесі ойылып түсіп кетсе қайтеміз? Ауылдық мәдениет үйінің техникалық негіздемесі 2-3 жыл бұрын жасалып та қойған», – дейді Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Парламентте өткен Үкімет сағатында.
Мәдениеттанушы Айдос Мақұлбеков елімізде мәдениет саласын қолдау төмен, бөлінетін қаржы тым аз деп санайды. Қалалық жерлерде бұл білінбейді, мұнда түрлі іс-шара өтіп тұрады, ал ауылдық жерде мәдениетті қолдау ісі ақсап жатыр деген пікірде.
«Көп ауылда кітапхана жұмыс істемейді, мәдениет үйі жоқ, болғанның өзінде ғимараттары азып-тозған. Осыған қарап-ақ бізде мәдениетке қолдау қандай екенін көруге болады», – деді мәдениеттанушы.
Ал философия ғылымының докторы, ақын-жазушы Ерболат Баятұлының айтуынша, мәдениетті қолдау аясында біраз шара атқарылған. Әсіресе, ұлттық рухани мұрамызға қатысты іс аз емес. 100 томдық «Бабалар сөзі» жинағы – фольклортанушы ғалымдардың еселі еңбегінің нәтижесі. Алайда мәдениетті қолдауға бөлінген қаржының кейде өз мақсатына жұмсалмай, науқандық шараларға, челлендж деген сияқты болымсыз нәрселерге жұмсалып кететініне наразы.
«Мәдениетке қолдау көрсету үшін ең алдымен осы саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеріп, әлеуметтік жағдайына мән беру, осы тараптағы проблемаларын шешу керек. Ең аз жалақы алатындар мәдениет, өнер саласының қызметкерлері. Айлығы шайлығына жетпейтін өнер адамынан шығармашылық өрлеу күту мүмкін емес, ұят. Мәдениет – елдің айнасы, ұлттың дәстүрлі рухани тамыры. Бұл осалдаған жерде руханият туралы ештеңе айтуға болмайды. Әдебиет те – мәдениеттің саласы, қоғамның барометрі. Оның да күйі оңып тұрған жоқ. Мақтаған кітап әлеуметтік тапсырыспен бар-жоғы 2 000 дана ғана болып шығады. Әдебиет дұрыс насихатталмай жатыр. Айтыс өнерін саясаттың қолжаулығы, аз ғана топтың малтабарлығына айналдырдық»,– деп қынжылыс білдірді Е.Баятұлы.
Ғалым қазір жастардың кітап оқымайтынына, ұлттық руханиятқа селсоқ қарайтынына күйінеді. Ал рухани сауатсыздық жайлаған жер оңбайды деп санайды. Ол кітапханаларға, музейлерге, театрларға айрықша көңіл аудару керек дейді. Сондай-ақ ұлттық мәдениетті насихаттаудың жаңаша формаларын табу қажетін айтады. Оның айтуынша, әлемдік мәдениеттің озық үлгілерінен үйренген дұрыс, алайда ұлттық мәдениетіміз бен өнерімізді дамыту арқылы ғана біз таныламыз және өзімізді сақтай аламыз.