Алматы мен көлік кептелісі егіз ұғымға айналғалы қашан? Алып қаланың қарапайым тұрғындарынан бастап әкім-қараларына дейін осы мәселеге бас қатырады. Соңғы 20 жылда оңтүстік астананың тізгінін қолға алған әкімнің барлығы да осы түйткілдің түйінін тарқатудың түрлі амал-айласын жасап көрді. Алайда одан қала көшелеріндегі кептеліс азаймайды. Керісінше, жағдай тіптен ушыға түскен.
Жолайрықтар да көмектесе алмады
Кептелістен құтылудың бір жолы ретінде айналма жолдар мен жолайрықтар салу да қолға алынған. Тіпті, сол кездегі қала әкімі кептеліс мәселесін жаңадан салынатын 24 жолайрықпен шеше салғысы келген. Әлгі әкімнің «жолайрықтар толықтай пайдалануға берілген күні кептелістен көз ашасыңдар» деген құрғақ уәдесі де алматылықтардың жадында. Алайда соңғы 15 жылда Алатау бөктеріндегі алып шаһарда 32 жолайрық салыныпты. Дәл осы мақсатқа жұмсалған 324 миллиард теңге де мегаполис тұрғындарына көлік кептелісінің не екенін ұмыттыра алмады. «Индустриалды аймақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Бақытжан Қалымбек жолайрықтардың кептелісті азайтудағы дәрменсіздігін олардың кейбірінің дұрыс жоспарланбауымен байланыстырады. «Алматының кептелісін азайтуға байланысты бірнеше ұсыныс айтқанмын. Бірақ оған құлақ асқан пенде жоқ. Мәселен жолайрықтарды салуды әуелі көлік жүктемесі ең көп көшелерді анықтаудан бастау керек екенін айтқанмын. Бұл ұсынысымды да ешкім құлаққа ілмеді. Нәтижесін көрдіңіздер», – дейді ол.«БАКАД» пен метро бәрін шеше ме?
Ал қала әкімдігі тұрғындарды бұл мәселеге оптимистік көзқараспен қарауға шақырады. Әкімдік кептелісті азайту үшін түрлі жобаны қолға алумен келеді. Солардың бірі һәм бірегейі «Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы» жобасы. Жауаптылар жергілікті халық арасында «БАКАД» аталып кеткен жобаның кептеліспен қоштасуға ықпал ететініне сенімді. Ресми статистикаға сүйенсек, дәл қазіргі уақытта Алматыға күн сайын таңертең іргедегі Қаскелең мен Талғар аудандарынан 270 мың көлік кіреді екен. Оның 160 мыңы қала көшелері арқылы шаһардың екі қанатында жатқан екі ауданға бағыт түзейді. Яғни, Талғардан шыққан көлік Қаскелеңге бару үшін Алматыға кіріп-шығады. Қаскелеңнен Талғарға бет алғандар да осы маршрутпен жүруге мәжбүр.Көшені ұзартып, кеңейтпек
3 ай бұрын Алматы қаласы әкімі қызметіне кіріскен Ерболат Досаевтың кептелісті реттеуге қатысты өз жоспары бар екен. Қала әкімдігіндегілердің хабарлауынша, бұл мәселені шаһардың жаңа басшысы қала ішіндегі көшелерді ұзарту мен кеңейту арқылы шешуге ниетті. «Қазір қала көшелеріндегі кептеліс пен артық жүктемені азайту мақсатында ұзындығы 65 шақырымды құрайтын 275 көшені ұзарту мен кеңейту жұмыстары қолға алынып жатыр. Соның ішінде бүгінге дейін Момышұлы көшесінен ары қарай Абай даңғылын, оған қоса ұзындығы 2 шақырымды құрайтын Алатау көшесін Сәбденов көшесінен бастап Райымбек даңғылына дейін ұзарту жұмыстары аяқталды. Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшелерінің қиылысындағы көлік жолайрығы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары бітті. Эстакада және барлық бұрылыс жолдары бойынша көлік қозғалысы ашылды. Сонымен қатар ұзындығы 6,4 шақырым болатын Абай даңғылы, Саин, Әуезов көшелерін ұзарту жалғасуда. Оған қоса, жақын күндерде ұзындығы 5,5 шақырым болатын Төле би көшесін ұзарту басталды. Сондай-ақ Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі, Құлжа тасжолы мен Бұқтырма көшесінің қиылысы, Сайын мен Мөңке би көшесі аумақтарында 3 жолайрықтың құрылысы жүріп жатыр», – дейді қалалық мобильділік басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Абжахан. Қалалық әкімдік алдағы 2 жылдағы шаһардағы бірнеше негізгі көшені ұзартуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қаланың бас жоспарына сай Рысқұлов даңғылы Оңғарсынова көшесінен қала шекарасына дейін, Жұбанов көшесі Момышұлы көшесінен бастап қала шекарасына дейін және Қажымұқан көшесі, Назарбаев даңғылы Сейфуллин даңғылына дейін ұзармақ. Қазір Салалық басқарма жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуге кіріскен. Бюджеттен қаржы бөлінсе, көшелерді ұзарту жұмыстары 2023-2024 жылдары жүргізілмек. Қысқасы, алматылықтардың бас ауруына айналған көлік кептелісінен біржола құтылу үшін әлі де бірнеше жыл керек сияқты. Ал әкімдік тарапынан жүргізіліп жатқан көшелерді кеңейту мен ұзарту жұмыстары бұл мәселені түбегейлі шеше алмасы анық.Алматы қаласы