Ресейге жан-жақтан салынған санкциялардың әсері блогерлерге қатты тиіп жатқанға ұқсайды. Олай дейтініміз, көрші елде Instagram желісі бұғатталғалы блогерлер мен эксперттер бізге көптеп ағылып жатыр. Бірі отандық блогерлермен коллаборация жасап, курс әзірлесе, енді бірі қолдау қызметінің рөлін атқарып, өнімдерін ұсынып жүр. Халықаралық төлем жүйелерінің де бұғатта екенін ескерсек, табыс табу үшін олар қазақстандық әріптестерімен берік байланыс орнатуға тырысып жатыр. Бұған дейін ресейлік блогерлердің кәсібилік тұрғысынан біршама алда екенін мамандар айтып жүрген. Олай болса, отандық блоггиң саласына шапағатын тигізіп қалуы да мүмкін секілді. Мұндай тенденцияның қандай жағымды тұстары бар? Бізге тигізер зияны бар ма? Осы тақырыпты талдауға тырыстық.
Көршілер қолдау қызметін ұсынып жатыр ма?
Сөз басын нақты мысалдардан бастайық. Аудиториясы 1,7 миллионға жететін, 19 жастағы Мерей Әбілова (Instagram: abilovva_m) жақында жаңа курсын бастады. Қыздарға сәнді киіну, имидж қалыптастыруды үйрететін онлайн курсының атауы – Profashion. Блогерлер қазір инфобизнеске әбден үйреніп алғанын ескерсек, эксперт ретінде кіммен байланыс жасап, қалай әзірлесе де жарасады. Мысалы Мерей сұлулық жөнінде сарапшы қылып ресейлік Карина Нигайды (Instagram: karina_nigay) бекіткен. Келісім кезінде ұсыныс қай тараптан болғанын ол жерде болмаған соң біз нақты айта алмаймыз. Бірақ Қазақстанға арнайы келіп, біздің блогерлермен танысып жүргеніне қарағанда көрші елдің fashion-блогері бізге «құда түскен» сыңайлы. Курста әдеттегідей бірнеше тариф бар. Бағасы 19 900 теңгеден бастап 54 900 теңгеге дейін. Құжаттарына көз салғанымызда, оператор ретінде Нигай Карина Витальевна ЖК мен Әбіл ЖК көрсетілген. Ал оферта шартын қарасақ, ресейлік тарап — орындаушы, қазақстандық тарап тапсырыс беруші екенін көре аламыз. Жалпы алғанда, ресейліктерден қолдау қызметін алу тәжірибесі кейінгі саяси жағдайдан бұрын да кездескен. Дегенмен енді бұл тәжірибе тіптен көбейетінге ұқсайды. Айтпақшы, блогердің өзімен тілдескіміз келіп, директорына хабарласқан едік. Дегенмен жауап ала алмадық. Неге олай деп отырмыз? Өйткені ресейлік блогерлердің басты табыс көзі Instagram желісі болып келді. Елде бұғатталғанымен, VPN арқылы ештеңе болмағандай әлі де парақшасын белсенді жүргізіп жатқандар жетерлік. Десе де, табыстың, аудиторияның азайғаны анық. Сондықтан көрші елдерге тәжірибе алмасу мақсатында өнім ұсынуы — заңдылық. Мәселен, 605 мың оқырманы бар әрі әнші, әрі блогер Damelya Sweet (Instagram: damelya_sw_) жақында Контент-BOSS онлайн курсының басталатынын жариялады. Курста блогердің өзінен бөлек бірнеше эксперт бар. Атап айтқанда, беларусьтық видео және фотоконтент маманы Илья Фатих, ресейлік контентмейкер Александр Полярский, қазақстандық SMM-маман Іңкәр Әбілдаева, отандық дизайнер Амалик Байғанышева курсты жасауға атсалысқан. Екі түрлі тариф бар, бағалары — 14 900 теңге және 19 900 теңге. Курс бағасы теңгеден бөлек, рубльмен де көрсетілген. Бұдан байқайтынымыз – аудитория ауқымы ресейліктерді де қамтитыны. Жалпы алғанда, қазақстандық блогерлердің бүкіл ТМД елдерінен оқырманы бар. Сол себепті аса таңғалуға келмес.Байкоттың керегі бар ма?
Ресейлік эксперттердің бізге келу тенденциясына қатысты пікір де сан түрлі. Мысалы, Naiza Media коммуникациялық агенттігінің басшысы Назира Қайымова бұл бәсекені арттырып, сапаны жақсартады деген пікірде. «Ресейлік блогерлермен тікелей жұмыс істеп көрген жоқпыз. Дегенмен кейінгі кезде көптеген іс-шараға қатысып, араласып жатқанын көріп жүрміз. Естуімше, дизайнерлер, продюсер сынды эксперттер қазақстандықтардың жұмысын алып жатыр. Сәйкесінше, тапсырыс берушілер ресейліктер жұмысты жақсырақ істейді деп соларға беріп жатса керек. Аталған тенденцияның жаман тұсы осы деп ойлаймын. Десек те, бұл бәсекелес орта қалыптастырады. Осының арқасында отандық мамандардың сапасы жақсарады деп ойлаймын. Ал енді геосаяси жағдайға байланысты ресейліктерге байкот жариялау жөн емес сияқты. Cancel culture, яғни қандай да бір қателік жасаған адамды қаралап, жан-жақтан шағымдану деген бар. Былай қарасаңыз, ресейлік блогерлер соншалықты жаман нәрсе жасаған жоқ. Олардың әрқайсысының соғысқа қатысты позициясы да белгісіз. Сол себепті оқырмандарына оларға қарсы қою керек емес деп есептеймін», – дейді ол. Отандық эксперт Эльвира Ерғалина қазақстандық мамандар ақпаратты ағылшын тілінен тікелей алатындай деңгейге жетіп, орысшадан бас тартуына біраз уақыт керек дейді. «Әрине, «орысша контент тұтынбаймыз» деп ұрандатуға болар еді. Дегенмен қазақы аудиторияда қамтылып жатқан ақпарат сол ресейліктерден алынады. Яғни, қазір бізде қай салада болсын басым бөлігі білімді ресейліктерден алады, солардың нарығына қарайды. Олар біздің жолбастаушымыз секілді. Неге олай? Себебі бізде ағылшын тілін жетік білетіндер аз. Қызбалыққа салынып, ресейліктерге байкот жарияласақ, жаңарған ақпаратты қайдан аламыз? Ағылшыннан алу үшін мамандардың тіл үйренуіне уақыт керек болады. Осындай ньюанс барын ескеру керек. Өз ойым, алдағы уақытта ағылшын тіліне басымдық бере бастау қажет. Біздің эксперттерге жағымсыз тұсы — бұрын ана жерден аударып, мынаны әдемі сөзбен жеткізе салып, өнім ұсынатын болса, қазір бәсеке күшейді. Ал тұтынатындарға жағымсыз тұсын айтар болсақ, егер ақпаратты орысша алса, ана тілінде болмағандықтан, оны сіңіріп, қабылдау үшін біраз қиналуы мүмкін. Бірақ бұл отандық эксперттерге — мүмкіндік. Клиентті сақтап қалу керек болады. Әрі фильтрден өтіп, діңгегі мықтылар қалады», – дейді Ерғалина. Инфобизнес нарығына шекара қою да қиын. Өйткені онлайн ортада шектеудің болғаны ойға қонымсыз. Дегенмен ресейлік эксперттерге елге келіп өнімін ұсынып қана қоймай, алдағы уақытта аудармашылар тартып, қазақша ұсынатын болса, өте жақсы бастама болар еді. Оны да уақытында көре жатармыз.