Өскеменнің іргесіндегі Лесхоз, Шмелев Лог және Степное ауылдарының тұрғындары жуықта сол аумаққа жақын орналасқан шошқа фермасының қоршаған ортаны ластап жатқанын айтып, басқа жаққа көшірілуін талап еткен еді. Осыдан бір-екі күн бұрын облыс орталығының жүзге тарта тұрғыны қаланың шет жағына салынады деп жоспарланған шошқа соятын цехтың тұрғызылуына қарсылық білдірді. Ашық дерек көздеріне сүйенсек, шаһардың өндірістік аймағында бой көтермек қасапхананың қуаттылығы сағатына 240 бас малды союға мүмкіндік береді. Ал өнімдері Қытайға экспортталмақ. Жоба операторы – Eco Meat Vostok Ltd компаниясы. Шығыс Қазақстан облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының сайтындағы ақпаратта мал сою орны Машиностроителей көшесінде орналасуы мүмкін деп көрсетілген болатын.
Цехтың салынуына үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізуді мақсат еткен тұрғындар қоғамдық тыңдау өтетін жерге келді. Бір қызығы, қоғамдық тыңдау болады деп белгіленген орын қуықтай ғана пәтер болып шықты. «Көзбояушылық деген осы ма? Осындай қоғамдық тыңдау бола ма? Мұндай жағдайларға талай рет куә болдым. Ұйымдастырушылар бір мекенжайға шақырады, ал қоғамдық тыңдау басқа жақта өтіп жатады. Содан кейін «болды, бәрі жақсы, ешқандай қарсылықсыз өтті» деп есеп береді», – дейді Арматура ықшамауданының тұрғыны Екатерина Солдатова.
Жиналғандар шағын пәтерге сыймағандықтан, ұйымдастырушылар қоғамдық тыңдауды далада өткізуге мәжбүр болды. «Біз шошқа соятын цехтың құрылысына түбегейлі қарсымыз. Егер цех салынса, қоршаған орта ластанады, сасық иістен көз ашпайтын боламыз. Ауаға зиянды газ бөлінеді. Ең бастысы, ол аумақта тұрғын үйлер орналасқан. Біз қала шетінде мұндай нысанның тұрғызылуын қаламаймыз» деді тұрғындар бірауыздан.
Ал жоба жетекшісі, ресейлік кәсіпкер Андрей Чистюхиннің айтуынша, бұл жерде Қазақстанда бұрын-соңды салынбаған, барлық халықаралық стандартқа сай келетін ең ірі ет өндіру кешені тұрғызылады. Мұндай кәсіпорын Ресейдің өзінде жоқтың қасы. «Кәсіпорын ашылған кезде 500 адам жұмыс істейді. Толық қуатына кіріскенде 2 мың адам еңбек етеді. Орташа жалақы 300 мың теңге болады. Цехты қалаға жақын жерге салғымыз келгені, инфрақұрылым дайын. Өйткені бұл – өндірісті аумақ. Экологияға, қоршаған ортаға ешқандай зиян келмейді. Қалдықтар жабық күйінде сақталады. Ешқандай да жағымсыз иіс болмайды» деді кәсіпкер. «Егер Ресейде мұндай керемет кәсіпорын болмаса, сол жаққа неге салмайсыздар?» деп жоба жетекшісіне қарсы сұрақ қойған тұрғындар өз ұстанымынан таймайтынын, дегеніне жетпей қоймайтынын шегелеп айтты.
Шығыс Қазақстан облысы