Ержан Алаштуған – мінезді ақын. Оны өлеңдерінен де байқауға болады. Оған өткен жылы «Жалғыз аспан» өлеңдер жинағы үшін «Алаш» сыйлығы берілді. Алаштуғанның есімі өлеңсүйер қауымға жақсы таныс. Айналасы да оны ерекше бағалайды. Рас, біраз уақыт оқырманнан жырақтап, қоғамдық ортадан тыс қалды. Оның себебі бар ма? Біздің ақынға қойған ең алғашқы сауалымыз да осы болды. – Ержан, ХХ ғасырдың 90-жылдары жарқ етіп көріндіңіз де, ұзақ уақыт оқырманнан «жасырын» қалып қойдыңыз. Шын мәнінде, біз сізді жоғалтып алдық. Жеке себебі болды ма? – Әдебиетке ерте араласып, ерте танылғаным рас. Құйындай құйқылжыған құбылмалы уақытта өз отыма өзім өртеніп кеткенім де рас. Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығына Алматыдағы Республика алаңында әскери парад өткізуге қатысты биліктің шешіміне наразылық танытқан топтың ұйымдастырушысы ретінде маған екі жыл шартты жаза белгілеу туралы сот үкімі шыққаннан кейінгі өмірім шым-шытырыққа толы «туындыға» айналды. Аталған жағдайдың артынан Алланың жазған жолынан ауытқуға да ұрындым, адам баласына тән тентіреулер мен пендәуи адасуларға да бой алдырдым. Жоғалып кетуімнің себебі – осы... Бұл бақытсыз баянды ешқашан жасырған да емеспін. Тағдырын таңдап алған ешкімді білмейді екенмін... – «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған», – дейді Қадыр ақын. Қоғамнан біраз бөлектеніп қалуыңыздың сыры мінезде жатқан жоқ па? – Мінезімнің мақтадай жұмсақ, жібектей жайлы емесінен хабары бар адамдар кек сақтамайтын кешірімшіл қалпымды да білсе керек. Атқан таңмен, батқан күнмен таласып, Жаратқан Жаппар Иемізден күнде кешірім сұрап жүріп, кімге өкпе артып, кімге кектенгендеймін?! Жалындаған жастыққа жарасымды от мінез орта жолда орынсыздау көрініп, көп мінездің сүйкімсіз де сүреңсіз сипат алып, томпақтау табылар, тәкаппар танылар тұстары да аз емес. Еркіндік пен еркелікті шатастырмайтын шама-шарқымыз бар – бұл күні. Ордадан шеткері, ортадан тысқары жүретін жалқылығыма қарамастан, Тәңір туындысының қай-қайсысымен де тіл табысарлық табиғатым тағы бар. Ендеше мінезге қатысты сұрақты күн тәртібінен алып тастаймыз, сірә. – Тіршілікте ақынның досы да, жауы да – өзі. Кейде бұл өлең әлемі тым жат, жабырқау көрінбей ме? – Жоқ, жабырқау көрінбейді. Бәлкім, бұл таза менің ғана көзқарасым болар... Бірақ өзі де екіұдай ойларға омалып, еңірегенде етегі жасқа толып отырған оқырманның алдынан аңырап ақын шықса, азынаған адам азан-қазан, у да шу қоғам, астан-кестен дүние болмай ма?! Өз басым жылауық һәм жылымық өлең атаулыны қабылдай алмаймын, күйреуік күй кешірер «әдебиетке» жаным қас! – Ақынның насихатшысы – өзі. Бұрын оқырман ақынын іздейтін еді, қазір керісінше ақын оқырманын іздеп жүр. Аудиторияны табу қиын ба? – Қиын емес. Мүмкін қиын да шығар... Іздеп көрмеппін. Жалқының жазған жырын жалпы жаратпаса, жазғыруға бола ма?! Өз елінде өгейлікпен өмірін өткеріп, өз қоғамына жат болған қаламгердің қарасы көп, баршаға мәлім бұл – трагикомедия. Өлеңім көпшіліктің көңілінен шықпаса, азшылықтың жанына жақпаса, өз сөзім – өзімдікі, өз обалым – өзіме. Алғашқы ақын емеспіз, ақырғы да... – «Рух» тақырыбын жиі жазасыз. Неге? – Табиғатыма жақын тақырып шығар. Тағдырымды жасаған да, сан сынақта сындырмаған да Рух қана, шынтуайтында. Өлтірмейтін де, өкіндірмейтін де – сол. Доспамбеттің дүр дүниесін дос тұтқан жанға тым түсінікті-ақ айтпағым. Адамды аздырмай, затын адам етіп тұратын тұғырлары Ар, Үміт, Сенім ғой... Олардың да азығы – Рух жыры. Ата балаға, халық билікке, құл құдайына сенуден қалып, үміт үзген кісі кісәпірленіп, «адамилаулар» арзандаудан да, азғындаудан да арланудан қалған қор заманда қоғамға қорек болар, рауан құяр басқа не бар?! – Әлем әдебиеті сіздің екінші тынысыңызды ашты. Әлем жазушыларының өмірі сізге жақын ба? Бұл бейтаныс әлем сізді неге қызықтырды? – Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын Республикалық мектеп-интернаттағы балалық шағымда да, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде өткен студенттік кезде де шет мемлекеттер әдебиеттерінің үздік үлгілерімен орыс тілінде танысуға мәжбүр болдым. Өзіміз бұған намыстанатын едік. Көркем аудармаға айрықша назар аударуымыз да сол кезде басталды. Менде «әлем әдебиеті» деген түсініктен гөрі «ұлттар әдебиеті» ұғымы таразы басын тартып кете береді. Сол ұлттар әдебиетіне кейінгі жылдары көп көңіл бөліп, 50 ұлттың 100-ден астам ақынының шығармаларын ана тілімізге аудару бақыты маған бұйырды. «Қазақ әдебиеті» апталығы «Алпауыт ақындар», «Жаһан жыры» айдарларымен біразын жариялап жүр. «Жұлдыз» журналының Нобель сыйлығын иеленген қаламгерлердің шығармашылығына арналған «Жұлдызды жамбы» айдары да теңдессіз поэтикалық туындыларға биыл жол ашып берді. Алла қаласа, «Жаһан жыры» атты 3 томдық антология да жарық көрмек. Қазақтың ұл-қызы Нишапури мен әл-Маариді, Вийон мен Мистральді, Сенгор мен Маррейді қазақша оқып жатса, күні ертең төл әдебиетімізге олжа салар оғландар адамзатқа ортақ қазынаға айналған шаһқар шығармаларға қанығып, өзгелерден оқ бойы озық тұрған шайырлардың бал бастауларынан қанып ішсе, ғажап емес пе?! Болашағына алаңдайтын дәулеттер көркем аударма ісін жіті қадағалайтыны соншалық, өзге тілден өз тілдеріне 100 кітап аударса, ұлттық әдебиеттерін бес-алты есе көп мөлшерде шет тілдеріне тәржімалап жатады. Біз де «әдеби импорт», «әдеби экспорт» атты түсініктерді танып, көркем аударманың күңгірт келешегін реттеп, қаламгердің мәртебесі мен кітап шығару ісіне қатысты заңды шұғыл түрде қайта қарамасақ, мына мәселелерге жиынтығымен мемлекет арнайы айналыспаса, рухани экспансияның тұрақты нысанасы бола бермекпіз. Бойымызды сол сорақы күйге әбден үйретіп, қалыпты жағдай қабылдайтынымыздан қорқамын. – Олжас Сүлейменовті аудару екінің бірінің қолынан келмейді. Қадыр ақынның аудармаларын білеміз. Сіз де соңғы кездері аудармамен айналысып жүрсіз. «Рух, мазмұн, стиль сақталған» деп Олжас ақынның өзі риза болыпты. Олжасты таңдауыңыздың себебі бар ма? – «Бүкіләлемдік қазақ» атанған атамыздың шығармашылығы мен үшін телегей теңіз, ай, ақзер аспан секілді алып ұғым. Осынау шексіздіктің ана тіліміздегі сапалы аудармасын жасауға ниетім ауды. Бағзыдан жеткен баба жырдың жаңғырығы бөтен тілде жарқырап, мирасқор тілде жадау тартып тұрса, жаныңызға батпай ма?! Ұрпақтар игілігіне жарату үшін бар мұрасын аудара алсақ қой... – Кітап оқып қоймай, жинаумен де айналысатын көрінесіз. Үйіңізде 124 мыңдай кітап қоры бар екен. Оның бәрін қай уақытта жинап үлгердіңіз? – Кітап жинауды бала күнімнен ғадет қылып, ғұмырлық серігіме айналдырғанымды білетіндер қазақы қалыппен көбейтіңкіреп айтса керек. Қазір ондай қор жоқ қолымда. Ең қажетті 12 мың кітапты алып қалып, басқасын әртүрлі оқу орнына, мекемелерге таратып бергенмін. Кітапханамның көп бөлігін өз ауданыма тарту еттім. Әу бастан атамыздан аз кітап қалмаған еді мұра болып. Мәдениет ошақтары жаппай жабылып, кітапханалар қаңырап қалғанда негізгі кітап қорын жинақтап алғанмын. Одан бөлек, бірнеше жыл бұрын бір белгілі қаламгер дүниеден озып, ұлы мен келіні 7 мыңнан астам кітабын қоқысқа шығарып тастағанда, түгелдей тасып әкеліп, шала байып қалғаным бар-ды. Жақындарым да ұдайы кітап сыйлайды, бақытым шығар. – Әңгімеңізге көп рақмет!
Әңгімелескен Айым БЕКТҰР