Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы Қазбек Майгельдинов Президенттің референдум өткізу туралы ұсынысы саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды екенін айтты.
Қазбек Өмірзақұлы Президенттің бастамасымен 2019 жылдан бастап елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізілгенін айтты. Осы уақытқа дейін Президент ұсынған төрт саяси реформалар пакеті Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында жүзеге асырылған.
«16 наурыздағы жолдауында Мемлекет басшысы саяси реформалардың жаңа пакетін ұсынған болатын. Соның нәтижесінде Конституцияға 33 өзгерту енгізу туралы бастама айтылды. Бұл өзгерістер негізінен Қазақстанның әрбір азаматының мемлекеттік басқаруға қатысу үлесін арттыру үшін жасалуда. Сондықтан да аталмыш өзгерістерді референдум арқылы енгізу көзделіп отыр» – деді Қазбек Майгельдинов.
Саясаттанушының пікірінше, мұндай референдумды өткізу – бұл Қазақстан үшін суперпрезиденттік басқарудан ықпалды парламенті бар республикаға өтудің басты қадамы деп есептеуге болады.
«Бұл референдум саяси жүйені жүйелі түрде қайта құру үшін өте маңызды. Өйткені аталмыш өзгерістер еліміздегі сайлау жүйесі, президент өкілеттілігін шектеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды нығайтуға, сонымен қатар адам құқықтарын сақтау мәселелеріне бағытталған. Соның ішінде адам құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Конституцияға жаңадан екі бап қосылады. Олар: Конституциялық сот туралы және Адам құқықтары бойынша өкіл туралы. Ендігі таңда конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы конституциялық құқығы бұзылған жағдайда өтініш бере алады» – деп түсіндірді Қазбек Майгельдинов.
Оның сөзінше, елімізде жүргізіліп жатқан сяси өзгерістерді Мемлекет басшысының қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру мақсатында жасалып жатыр.
«Бұл саяси реформалар Жаңа Қазақстан – Екінші республика ұғымының негізін құрайды деуге болады. Өйткені суперпрезиденттіктен президенттік республикаға өту – бұл Бірінші республикадан Екінші республикаға өту деп қабылдануы қажет» – деді саясаттанушы.