Тепкіш тәуіп

Тепкіш тәуіп

Қазіргі заманда ештеңеге таң қалуға болмай қалды. Таң қаламын дегендердің өзі оңбай қалды. Жаңа заман тәуіптері шықты. Бр тәуіпті көрдік, көрдік те, тірідей өлдік. Сыр­қаты сыздаған, махаббатқа қызбаған келіншекті шал­қасынан жатқызып қойып, аяқтарының үстіне отырып алып, балтырын уқалаған көргенсіз, жүрген жеріне көк шөп түгілі, жоңышқа да, арпа–бидай да шықпайтын тәуіптің көкейінде не жатыр? Бір тәуіп болды. Тараздан ғой деймін. Сырқатты сиыр сүтіне шомыл­дырса, ауруынан айығып кетеді екен, жасы ұзарып, көзі қыза­рып, жүзге де жетеді екен. Бірақ, қандай жынысты болса да, өзі шомылдыратын көрінеді. Ал, енді, бұдан қандай ой бөлінеді? – Сырқатым мазалап жүр. Интернеттен көрдім, керемет тәуіп бар екен, соған барып қайтсам деймін, сен серік болып жүрші, – деген соң, Қызылордадағы тәуіпті іздеп бардық. Тәуіпке кезеке тұрған­дар көп екен. Менің де көріне салғым келіп, тезекке емес, кезекке тұрдық. Бір кезде құрбымның кезегі келді. Ілесіп мен де кірдім. – Сен кімі боласың? –деп сұрады шоқша сақалы бар тәуіп. Тесірейіп. – Құрбысы едім. – Сыртта күтіңіз. – Жоқ, қасында болғым келеді. – Өзің де көрінгің келе ме? – Ия. Бір кезде, ол құрбымды шөкелетіп отырғызып қойды. Бірдеңелерді, шамасы құран болса керек, түсініксіз, сыбырлай оқып болды да, қамшыны жерге сілтеп қалды. Менің қорыққаным соншалық, далаға ытқып шықтым. Қайта кірсем, құрбымды тұрғызып қойыпты. Теріс қаратып. Не істегелі жатыр екен? Құдайым–ау, бекер келіппіз ғой! Ақшасын айтсаңшы, алдын ала алады екен! – Жын–шайтандар, кет, кет! –деді де, құрбымның құйрығына бір тепкені. Ол емес, мен ыңқ ете қалдым. Ойбай–ай, сиыр тепкендей, алдына албасты жеткендей болды ғой! Тағы тепті. – Сіз не істеп жатырсыз?–деп сұрады құрбым жалынышты үнмен. – Емдеп жатырмын. – Теуіп те емдей ме екен? – Жын–шайтандар денеңе кіріп алған. Олар айқайлағаннан қорықпайды. Осылай теуіп шығарамын. Ал, омыртқа жарығын үй жағдайында осылай емдейді. –деді тәуіп. – Ақшамды қайтарыңыз! – Шайтандар возврат қылмайды... Енді менің ашуым келді. Қалшылдап кеттім десем де болады. – Сіз қандай тәуіпсіз?–деп сұрадым мен. – ҚЗТ–мын. – Ол немене? – Қазіргі заман тәуібі. – Қазіргі заман Алдар көсесі екенсіз! Біз сізді полицияға береміз. Адам емес екенсіз! – Адам емес, тәуіппін. – Сіздейлер ақша жасау үшін арын сатады. – Сенбесеңдер, өздерің біліңдер, мен жалған тәуіп болсам, астанадан келіп, тепкізіп кетпейтін шығар? Құрбым екеуміз шығып кеттік. Полицияға арыз жазғымыз келген. Бірақ, құрбым көнбеді: «Құрысыншы, соған кеткен ақша садаға. Дуалап, бірдеңе етіп жүрер!» –деді. Содан бері, тәуіп атаулыға сенбейтін болдым. Тәуіп дегенді еститін болсам бар қой, артымнан бір тебетіндей, ұшып тұрамын. «Аңқау елге арамза молда» демекші, ау, ағайын, көздерің ашылатын кез болды ғой, баяғы он тоғызыншы, жиырмасыншы ғасыр емес қой, тепкіш тәуіптерге алданып жүрмеңдер, шындығы осы, шиқылдап тұрып, күлмеңдер!

Ақмарал ӘБДІҚЫЗЫ