Қазақтардың «мемлекет құрушы халық» рөлі бар. Ел иесі ретінде қазақтарға ел іргесінің сөгілмеуі, бірлікке селкеу түспеуі, тұрақтылықтың шайқалмауы үшін тарихи жауапкершілік жүктеледі. Елімізді мекен еткен әрбір диаспора өкілі де жауапкершілік арқалауы керек. Әлем бүлініп жатқанда, біз бөле-жарылмауымыз қажет. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясындағы талқылауды осылай түюге болады. Құрылтайда Президент Қ.Тоқаев сөз сөйлеп, Ассамблея қызметінің басымдықтарын айқындап берді.
Сессия жұмысына Парламент депутаттары, орталық меморгандар басшылары, өңірлердің әкімдері, Ассамблея мүшелері, аймақтық және республикалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, саяси партиялар, діни бірлестіктер, ҮЕҰ, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ 425 ҚХА мүшесі қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ҚХА сессиясын «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» қарсаңында өткізу игі дәстүрге айналғанын және мұның символдық мәні бар екенін атап өтті.
– Бірлік, татулық және бейбітшілік – мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезіндік. Қазір қатерлі күндер артта қалды. Сол кезде қандай қауіппен бетпе-бет келгенімізді уақыт өткен сайын ұғына түсеміз. Шын мәнінде, біз мемлекеттілігімізді жоғалтып ала жаздадық. Халқымыз қаңтар қасіретінен сабақ ала білуі керек. Енді ондай жағдай қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әлемде жаңа сын-қатерлердің туындауына түрткі болған геосаяси ахуалдың ушығып тұрғанына тоқталды. Оның пікірінше, мұндай жағдайда еліміздің азаматтық бірегейлігін нығайтып, отаншылдық рухты көтеруге баса мән беру керек.
– «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Бұл ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Ол Ассамблея «құрылған уақыттан бері азаматтық бірлікті нығайтуға елеулі еңбек сіңірді» деп бағалады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқарады. Сессияның міндеті – Ассамблеяның саяси жүйені реформалау ісіндегі орны мен рөлін анықтау, оны ары қарай дамытудың бағытын белгілеу. «Біз әртүрліміз – біз теңбіз» қағидаты саяси жаңғырудың іргелі компоненті деген пікірді ұстанамыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметінің үш негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Біріншісі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі ҚХА рөлін күшейту.
– Ассамблеяның Мәжілістегі квотасының жойылуы демократиялық сайлау стандарттарының сақталуына қатысты бірқатар мәселенің күн тәртібінен түсуіне септігін тигізеді. Ассамблеядан ұсынылған сенаторлар жалпыұлттық интеграция мен этномәдени әралуандылық негізінде Қазақстандағы этникалық топтардың мүддесін тиімді қарастырады. Мұндай модель халықаралық тәжірибеге және Қазақстанның парламенттік жүйесінің ерекшелігіне сай келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ҚХА-дан Сенат депутаттығына ұсынылатын үміткерлерді таңдаудың тиімді әрі ашық рәсімдерін әзірлеу қажет екенін нықтады. Бұл мәселенің бәрі «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңартылған заңда көрініс табуы тиіс.
– Партиялық және сайлау жүйелерінің реформасы барлық азаматтың сайлау үдерістеріне қатысуы үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Іс жүзінде тұтас сайлау ландшафтын қамтитын жаңа партиялар пайда болады деп болжануда. Партиялық тізім, сондай-ақ бірмандатты округтер бойынша үміткерлерді сайлау Қазақстанның этникалық әралуандығын шынайы көрсетеді. Сонымен қатар этносаралық факторды саясиландыруға және бұл тақырып бойынша арандатушылық сипаттағы пікірталастарға да мүлде жол беруге болмайды, – деді ол.
Қ.Тоқаев бұл бағытта Ассамблея тарапынан түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуі қажет екенін баса айтты.
– Елімізде тұратын барлық этнос өкілінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өзін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі, – деді ол.
Ақпараттық жұмыстарды күшейту және Ассамблеяның қоғамдағы әлеуетін арттыру мәселесі – «екінші басымдық» ретінде аталды. Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымынша, еліміздің әрбір азаматы жұртшылық алдына шыққанда ұлттық мүдде мен қазақстандық патриотизм қағидаттарын басшылыққа алуы керек.
– Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да! – деді ел Президенті.
Мемлекет басшысы алуан түрлі мәдениетімізді танытатын бірегей ақпаратты кеңінен таратуға, ауқымы кеңейіп келе жатқан қазақтілді аудиториямен тығыз жұмыс істеуге шақырды. Оның пікірінше, Қазақстанның дамуына өзге этностардың қосып жатқан үлесі туралы мемлекеттік тілде айту өте маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін БАҚ-қа қолдау көрсетіледі.