Өскемендегі спорт нысандарының қатары тағы бір ғимаратпен толықты. Кеше облыс орталығында үстел теннисі орталығы ашылды.
Спорттық нысан барлық әлемдік стандартқа сәйкес келеді, жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды өткізуге қауқарлы. Елу сегіз үстелі бар орталықта болатын сайыстарды 300-ге жуық көрермен тамашалай алады. «Мұны орталық қана емес, теннис сарайы десе де болады. Алдағы уақытта бұл жерде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаты сияқты жоғары деңгейдегі сайыстарды өткіземіз деп ойлаймын. Білікті бапкерлер тартамыз. Ең бастысы, спорттық нәтиже емес, саламатты өмір салтын ұстану. Енді Өскеменде нағыз спорттық кластер пайда болды, қала тұрғындарының кәсіби және әуесқой спортпен айналысуға мүмкіндігі бар. Саламатты өмір салтын насихаттауға, біздің облыста үстел теннисін дамытуға, танымал етуге ықпал ететін және спорттың осы түрінен болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге мүмкіндік беретін заманауи үстел теннисі орталығының ашылуымен баршаңызды құттықтаймын», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов үстел теннисі орталығының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде.
Үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абылғазиннің айтуынша, елімізде алты үстел теннисі сарайы бар. Өскемендегі теннис орталығы солардың ішіндегі ең үлкені. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту жайын үнемі айтып жүреді. Мұндай орталықтар елімізде көп болуы керек деп ойлаймын. Бұл теннис орталығының ерекшелігі, медициналық қызмет көрсетуге мән берілген. Әрине, алда ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біз өз тарапымыздан бапкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесеміз», – дейді ол.
Шығыс Қазақстан облыстық үстел теннисі федерациясының президенті Александр Тойбазаров орталықта бір мезетте 220-250 адам жаттыға алатынын айтады. Бірінші қабатта кез келген тұрғынға дайындық жүргізуге арналған 40 үстел, екінші қабатта жарыстар өткізілетін 18 теннис үстелі қойылған. «Мұнда жас ерекшеліктеріне қарамастан, спортпен айналысуға болады. Тренажер залы дене қыздырудан бастап төзімділікті арттырып, түрлі бағытта шеберлікті шыңдауға мүмкіндік беретін жабдықтармен қамтылған», – дейді Александр Тойбазаров.
Шығыс Қазақстан облысы