Мемлекеттік тіл қоғамды біріктіруші фактор бола ала ма?
Мемлекеттік тіл қоғамды біріктіруші фактор бола ала ма?
1,188
оқылды
Абай Құнанбайұлы өзінің 6 қара сөзінде бірлік жайлы сөз ететіні бар. «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ой­лай­ды: бірлік – ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, ата­сы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың ба­сы – осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдай­дан тілейді, әйтпесе Құдайдан тіле­ме­йді, шаруа іздемейді» деп жа­зыпты Абай. Сырт көзге бір мақалды ғана талдағандай көрінгенмен, хакімнің бұл тұжырымы ел ішіндегі береке-бірліктің қайнары қайда жатқанын көрсететін болса керек. Әдетте мамырдың басында тойланатын «Қазақстан халқы бірлігі күні» мейрамы қарсаңында «ел ішіндегі татулық пен бірліктің ұстыны қандай, қазақстан­дықтарды қандай күш топтастырып тұр?»дейтін сауалға жауап іздейтініміз бар. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстанның түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті ғұмыр кешіп, елдегі тыныштық пен берекенің сақталып тұруының өзіндік сыры бар сияқты. Әлбетте елдегі тыныштыққа мемлекеттік саясаттың да ықпалы болғаны анық. Одан бөлек, көңілі кең қазақ ұлтының да мінезі әсер еткен секілді. Содан соң түрлі этнос өкілдерінің қазақ жерінде бейғам өмір сүру мүмкіндігінің сақталуы да тыныштықты сақтаудың бір кепіліне ұқсайды. Әйтеуір қалай болғанда да, Қазақстан ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты сақтай білді. Дегенмен қазақстандықтарды қазір қандай құндылық топтастырады дегенге үңіліп көруге тырыстық. Өйткені жаһан­дағы саясат қысқа күнде қырық құбылған қазіргі заманда елдегі тыныштықты сақтаудың маңызы зор. Жалпы, әлемдік тәжірибені пайым­дасақ, ел халқын топтастыра алатын бір­неше құндылық бар екенін көреміз. Бі­рінші – тілдік фактор. Кез келген мем­ле­кеттің ресми жиналыс-жиындары, комму­никациясы мемлекеттік тілде жүргізіледі. Егер мемлекеттік тілді білмесең, жұмысқа орналаспақ түгілі нан сұрап жей алмайсың. Бұған Еуропа елдерінде де, басқа құрлық­тарда да мысал көп. Айтпақшы, біз «көп­ұлт­тымыз» деп мақтанамыз-ау, бірақ біз­ден де көп ұлыстар бір ортада бас түйістіріп, бірге өмір сүріп жатқан елдер де жеткілікті. Францияда 180-нен, Түркияда 140-тан астам ұлт бар, Еуропа елдерінің қай-қай­сының да жағдайы осы. Ал Ұлыбританияда 1 мыңға жуық ұлт өкілі тұрады, тек Англия­ның бір өзінің тұрғындары ғана 300 тілде сөйлейді деген дерек бар. Бірақ бұлардың бәрі өздерін «британдықпыз», «фран­цузбыз», «түрікпіз», тағы сол сияқты өздері­нің тұрғылықты мемлекеттерінің төл ұлты­ның атауымен атап, сол елдердің мемле­кеттік тілінде сөйлейді. Олардың барлығын біріктіруде тілдің рөлі өзге факторларға қарағанда басым екені байқалады. Екінші – діни фактор. Бұл, негізінен Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман елдеріне тән. Онда мемлекеттік саясат ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90 пайызы дін тақырыбына арналатынын біреу білсе, біреу білмес. Үшінші – ұлттық фактор. Жапония, Армения сияқты ел тұрғындарының 97-98 пайызы өз ұлт өкілдері, мемлекеттің саяса­ты таза ұлттық мәдениет пен құндылық­тарды басшылыққа алып құрылған. Төртінші фактор – азаматтық фактор. Мұндай мысалды АҚШ-тан, Израильден көруге болады. Америкалықтардың қай-қайсы да «біз – ұлы мемлекеттің азама­тымыз», «біз әлемдегі ең демократиялы елде тұрамыз», «біз патриотпыз» деп – «ағы», «қарасы», «сарысы» – бәрі желпініп жүреді. Олардың бәрі өздерін біртұтас мемлекеттің азаматы ретінде сезінеді. Айта берсек, мұндай мысал көп. Тек біз сөз еткен факторлардың Қазақстан қоға­мындағы рөлі қандай екенінен тоқталсақ, көкейде жауабы жоқ сауал көбейе түсетін сияқты. Айталық, қазақстандықтарды мемле­кеттік тіл қаншалықты біріктіреді? 1995 жылы қабылданған Конституцияда қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде танылған. Орыс тілі – мемлекеттік тілмен қатар рес­ми түрде қолданылатын тіл мәртебесіне ие болған-ды. «Тіл туралы» заңның 4-ба­бын­да: «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемле­кеттік тілді меңгеру – Қазақстан Рес­публикасының әрбір азаматының па­рызы» деп жазылғаны тағы бар. Қазақ­стан­дықтардың қазақ тілін білуін міндет­тейтін мұндай тармақ 2009 жылы көпшілік талқылауынан өтіп бекітілген «Ұлт бірлігі» доктринасында да бар. Олай болса, біздің жағдайда халықты топтастыратын ең маңызды фактордың бірі – мемлекеттік тіл. Бірақ әзірге бұл міндетті ресми тіл атып келеді. Орыс тілі күллі этнос өкілі тұрмыстық деңгейде де, ресми қатынас­тарда да кеңінен қолданатын тіл қызметін атқарып тұр. «Қазақстан» деген атаудың өзі халық­аралық терминде «Қазақ елі» дегенді біл­діреді. Одан бөлек, мемлекетке өз атауын берген, төл халқының саны 73 пайызға жуық­таған қазақ жұрты тұрғанда диас­по­раның тілі (18 пайыз) елді біріктіруші фак­тор бола алмайды. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік және қоғамдық қаты­настардағы маңызына, шаруашылық салаларындағы атқаратын функциясына басымдылық берілуі тиіс. Әрине, мемле­кеттік тілдің Қазақстан халқын топтас­тырудағы маңызды факторға әлі айнала алмай тұрғанына қазақ ұлтының да белгілі бір жауапкершілік арқалайтыны анық. Тіл жанашырлары баяғыдан-ақ Мем­лекеттік тіл туралы жаңа заң керек деп зар қылып келеді. Бірақ әзірге ол ниет нәти­жесіз. Ал қолданыстағы «Тілдер туралы» заңның шикілігі туралы ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Біріншіден, бұл заңның өзі жетілмеген, екіншіден, оның атқару меха­низмдері қалыптаспаған. Өйткені «Тіл туралы» заңның қай тармағын алып қара­саң да, «мемлекеттік тілмен бірге ресми тіл қатар қолданады» деген жолдардан аяқ алып жүргісіз. Осыдан кейін ешкімнің жанын қинап, қазақша үйренбесі анық. «Тіл туралы» заңның 24-бабында «…тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі… заңға сәйкес жауапты болады» десе, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 75-бабында «айлық есептік көрсеткіштің бестен жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салу…» делінгеннен басқа ештеңе жоқ. Сондай-ақ Тіл заңының 23-бабында тілдерді дамытуда «мемлекеттік тілге басымдық беріледі» десе де, мемлекеттік мекемелерде, керісінше ресми тілге басымдық беріп қойған. Сондай-ақ «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптер, мамандықтар және лауазымдар тізбесі заңмен бел­гіленеді» деген тармақ тек қағаз жүзінде қалған. Мұндай талап әлі күнге қандай да бір заңмен бекітілгенін естіген емеспіз. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтын әрлі-берлі ақтарып, мұндай «кәсіптер», «мамандықтар», «лауазымдар» тізімін мүлдем таппадық. Тек «Б» корпусы санатына жататын қызметкерлерден мемлекеттік тілде тест алу қарастырылған. Бұл санатқа аудан әкімдерінің орын­басарлары, ауыл әкімдері мен басқарма басшылары кіреді. Бірақ олардың қазақ тілінен тесті қалай тапсырып жүргені белгісіз. Ал олардың арасында мемлекеттік тілді білмейтіндер көп. Дегенмен бірте-бірте мемлекеттік тіл қазақстандықтарды біріктіретін факторға айналатынына сенгіміз келеді. Ал қоғамды топтастыратын өзге фак­торларға келсек, Қазақстан жағдайында діни және ұлттық фактор қатты рөл ойнай қоймайды. Өйткені Қазақстан зайырлы мемлекет, әр ұлттың өз салт-санасын сақтап, азаматтардың қалаған конфес­сияны ұстануына мүмкіндік жасалған. Ата Заңымыздың 19-бабында: «Әркім­нің ана тілі мен мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шы­ғармашылық тілін еркін таңдап алуға құқы бар» делінген. Осылайша, түрлі этнос өкілінің құқысы сақталуына кепілдік беріп отыр. Демек, ұлттық фактордың да қо­ғамды біріктірудегі рөлі тым жоғары емес. Иә, бәлкім діни тұрғыда ислам және пра­вославиенің қоғам мүшелерін белгілі бір мақсатқа топтастыруы мүмкін. Бірақ елдегі тыныштықты сақтауда дін мәселесі қосалқы фактор ғана болып тұр. Жалпы, қазақстандықтарды не бірік­т­і­ретіні жайлы сөз еткенде біржақты жауап беру қиын. Сөз басында айтқаны­мыз­дай, қазақ халқының мінезі, дүниета­нымы, түрлі этнос өкілдерінің бір-біріне құрметі, мемлекеттің барлық азаматқа тең мүм­кіндік жасауы әрі этникалық азшылықтың мәдениеті мен тілін сақтауға қолғабыс ету, түрлі институт қызметін пайдалану тәрізді факторлар елдегі тыныштықтың сақта­луы­на ықпал еткен сыңайлы. Тіпті, ХХ ға­сырдың отызыншы-қырқыншы жылда­рын­дағы ортақ қасіретке, қуғын-сүргінге, тұтас халықтарды жер аударуға, идео­ло­гияға негізделген бастамаларға қатысты естеліктер де қазақстандықтарды біріктіретін сыңайлы. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ынтымақ пен бірліктің ұстынын Абай айтқан «ақылға бірлік» қалыптастыратынын байқатады.