Миллиардтар қайда: Жібек жолындағы жөнсіз тірліктер шешіле ме?

Жібек жолы

Елорданың тап іргесінде орналасса да, қарапайым игіліктерге қол жеткізе алмай қараң қалған ауылдардың қарасы азаймай тұр. Түтін саны ай сайын емес, күн сайын күрт көтеріліп келе жатқан бұл ауылдардың билікке айтар назы басым. Басқасын былай қойғанда, тіршілік үшін ең қажетті жарық пен судан және жолдан тарыққан жұрт Президент Тоқаевқа дейінгі биліктің барлық сатысына шағымданған. Алайда миллиардтаған қаржы «игеріліп» жатса да, жоғарыдағы жауыр мәселелердің түйіні шешілмей тұр. Бюджеттің бүйірінен бөлінген қомақты қаражаты «желге ұшқан» ауылдардың бірі – Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы...

Ресми деректер бойынша, бұл ауылда қазір 10 500 адам болса, ал шын мәнінде халықтың саны 24 мыңнан асып жығылған. Алайда ауызсу, жарық пен жолдан жұрдай қалған. Бір қызығы, әлеуметтің ащы жанайқайына себеп болған бұл салаға бюджеттен қомақты қаражат бөлінбеген емес, бөлініпті. Тіпті, ауылдың тұтастай түлеп, жарығы самаладай, жолдары тақ­тайдай, суы бұлақтай болатындай етіп миллиардтаған қаржы құйыл­ған. Алайда тартыла бастаған құ­бырлар толық төселмей, асфальт жол салынбай, жарық желілері тар­тылмай, орта жолда тоқтап қал­ған. Ал миллиардтаған қаражаттың арты құмға сіңген судай болып «құрғап» кетіпті...

Қыруар қаржы текке кетті

Ауыл тұрғындары жергілікті атқарушы биліктен бастап облыс әкімдігі, прокуратура, ішкі мем­ле­кеттік аудит сияқты тиісті орган­дар­дың табалдырығын талай тоз­дырған. Ал жақында ауыл белсен­дісі, белгілі заңгер Әлібек Алмабаев өзінің Facebook әлеуметтік парақ­шасында Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу де жариялапты. Ауыл белсендісімен біз де тілдесіп, мән-жайға қа­нықтық.

«Қазір жергілікті аудандық про­куратура, сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызмет, ішкі мемле­кеттік аудит сияқты басқа да тиісті органдар тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жерде қомақты сомада бюджет қаражатының жым­қырылып, сыбайлас жемқор­лық қылмысының болғаны анық. Оған тексеріс барысында бізге жеткен деректер толық дәлел бола алады. Жүргізілген жұмыстардың жартысы да орындалмаған. Ал бюджеттің бүйірінен бөлінген қаражаттың тұтамдай-ақ бөлшегі қалған. Ал ол қаражаттың біздегі жоғарыда аталған мәселелерге жетпейтіні айтпаса да түсінікті. Жергілікті билік тағы да бюджетке емініп, қаржы сұрайды. Мен бұл мәселені толықтай Президент Тоқаевқа бейнеүндеу түрінде жа­рияладым. Бұған арнайы құралған комиссия кешенді тексеріс жүр­гізбесе болмайды», – дейді ауыл­дың белсенді тұрғыны, заңгер Әлі­бек Алмабаев.

Ауыл белсендісінің жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша алған нақты деректері сұмдық. Мәселен, 2018 жыл­ғы 3 қазанда Жібек жолында су құбыр­ларын тарту үшін №64 келісім­шарты жасалған. Мердігер «Ком­би-строй-1» ЖШС болыпты. Шарт­тың құны 568 759 500 теңгені құраған. Нысан 2019 жылғы 30 қазанда аяқталуы тиіс болған. Сол сияқты 2018 жылғы 24 қазанда электр желілерін тарту үшін №67 келісімшарт жасалған. Мердігер «Дорстройтрест» ЖШС. Шарттың құны 1 038 128 000 теңге. Электр же­­лілері араға жыл салып 2019 жылдың 30 қазанында аяқталуы тиіс еді. Бұған қоса, 12.12.2018 жылы ауылда көше жолдарын салу үшін №77 келісімшарт жасалған. Мердігер «МСК» ЖШС. Шарттың құны 2 257 920 000 теңгеге жетіп жығылған. Нысан 2019 жылдың 1 қарашасында-ақ пайдалануға берілуі тиіс болыпты.

  • Иә, берілуі тиіс болған. Бірақ жүргізілген тексеріс қорытындысы бюджеттің миллиардтаған қаржы­сының текке кеткенін айғақтайды. Дәл қазіргі уақытта келтірілген деректер бойынша, электр желілері үшін бөлінген қаржыдан тек 102 миллион, жолдан 633 млн теңге ғана қалған. Ал ауыл Нұр-Сұлтан­ның дәл түбінде тұрса да, жарығы мен суы аса қымбат болып, мүшкіл жағдайға түскен. Ал жүргізілген мем­лекеттік аудит қорытындысы жаға ұстатарлық статистиканы жайып салды. Оған сәйкес, Жібек жолындағы ауызсу бойынша
    5 432,9 мың теңгенің, жарық бо­йынша 479,5 мың теңгенің жұмысы орындалмағаны анықталған. Одан кейін болған заңбұзушылықтар бойынша қайта тексеріс барысын­да мердігер компаниялар кемші­ліктерді түзетіп, 5 912,5 мың теңге сомасының орындалған жұмыс актілерін ұсыныпты.

«Электр желілері тартылмаған соң мұнда қазір әркім қолынан кел­генін істеп жатыр. Дәл қазір ша­мамен 200-ден астам КТП қо­йылған. Ал жарықтың тарифі 22 теңгеден 42 теңгеге дейін жетеді. Өз басым ай сайын тек жарық үшін ғана 60-80 мың теңгеге дейін төлеймін. Ал ауызсу мен жол тура­лы әңгіме тіптен басқа. Ауыл бел­сенділері мәселені митингте кө­термек болған. Бірақ оған ешкім шықпады. Шыққан бір белсенді көлігінде басқа жаққа шаруалары­мен кетіп бара жатқан жерінен ұсталып, 150 мың теңгеден астам айыппұл салып жіберді. Ал өзім бір аптадан бері үйқамақта отырмын. Үйден шықсам болды, қолымды қайырып алып кетеді», – дейді Әлібек Алмабаев.

Түйінді мәселенің мән-жайын алдымен Аршалы ауданының әкім­дігінен анықтамақ болып, ау­дан әкімі Айдар Баймановпен тілдестік. Әкімнің ақталмақ болған сөзінен сиырқұйымшақтанған мә­селенің жуық арада шешілмейтінін анық байқадық.

«Ауыл жолдарын салуға «МСК» мердігер компаниясына бюджет­тен 2 млрд 257 миллион теңге бө­лінген. Дәл қазір 623 миллион тең­гесі қалды. Осы жылы 228 млн теңгеге жөндеу жүргізуге қаржы бөлінді. Жарық бойынша «Дор­строй­трест» компаниясына 1 млрд 38 млн теңге бөлінген. Дәл қазір 101 млн теңгенің жұмысы қалды. Екі компанияның да са­лық ко­митеті есепшоттарын жа­уып тастаған. Әкімдік қаржыны бөлуге дайын. Тек компаниялардың есеп­шоты ашылса, қаржыны ауда­рып, жұмысты жалғастыратын бо­ламыз. Ауызсу мен жол жобала­ры қатар салынғандықтан, кедер­гі­лер туындап, жоба уақытында аяқталмай қалған. Әрі бұл жобалар кезінде ауданда бол­ған да жоқпын. Қазір «Байсын А» мердігер ком­паниясы жұмыс іс­теп жатыр. Жо­баға бюджеттен 46 млн және Ұлттық қордан 419 млн теңге бө­лінді. Өкінішке қарай, судың кө­лемі жеткіліксіз бо­лып­ты», – дей­ді аудан әкімі Айдар Байманов.

Әкімнің айтуынша, елордалық ауылдарға бірнеше жаңа жоба қатар жүріп жатыр. Мәселен, тек жол бойынша ғана Жібек жолында 3 жоба бар. Биыл ғана жолға ғана 5 млрд 833 млн теңге «АБК Автодор НС» компаниясы жол салуға тағы да кіріскен. Ал көршілес Жалтыр­көл ауылында 2 млрд 118 млн тағы да жолға жұмсалады екен.

P.S.

Сонымен, бюджеттің бүйі­рін миллиардтап «сорған» Жібек жо­лының жыры бітпей тұр. Ал тиіс­ті органдардың жауабы ауыл тұр­­ғын­дарының көңілін көншітпейді. Сон­дықтан мәселе Мемлекет бас­­шысы­ның тікелей бақылауымен құрылған комиссия арқылы шешімі табыл­ма­са, басқа амал қалмаған сияқты.

Ақмола облысы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.