Өңірлік дамудың өзекті мәселесі көп
Өңірлік дамудың өзекті мәселесі көп
© коллаж: Елдар Қаба
194
оқылды
«AMANAT» партиясының ХХІІІ кезектен тыс съезінде көтерілген мәселелердің бірі саяси ұйымның жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру болатын. Өйткені олардың кейбірі бірінің қызметін бірі қайталаса, енді біреулерінің нәтижесі төмен. Сол себептен қоғамдық кеңестердің саны ықшамдалып, құрамы жаңарды. Кеше Өңірлік даму бойынша республикалық қоғамдық кеңес жаңа құраммен алғашқы жиын өткізді. Жиынды Парламент Мәжілісінің де­пу­таты, қоғамдық кеңестің төрағасы Әмір­хан Рақымжанов жүргізді. Оған он­лайн байланыс арқылы барлық өңірдің өкіл­дері қатысты. Төраға көтеріліп отыр­ған мәселенің маңызына назар аударта ке­ле, бірінші сөз кезегін Индустрия және инф­рақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевқа берді.

Инженерлік желіге қосу ісі құрылыс қар­қынына ілесе алмай жатыр

Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы елі­мізде 151,2 мың тұрғын үй (17,1 млн шар­шы метр) пайдалануға берілген. Оның ішін­де мемлекеттік инвестициялар есе­бінен 30,1 мың отбасы әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілсе, «Отбасы банк» АҚ-на 18,4 мың жеңілдікті қарыз берілген. Тұрғын үй құрылысына 2,4 трлн теңге ин­вестиция тартылды. Бұл алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 19,1 пайызға артып, бар­лық өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемінің өскені байқалады. Оның көш­басында Шымкент қаласы (156%), Қара­ғанды (125,2%), Павлодар (122,8%) об­лыстары тұр. «Қажетті инфрақұрылымның және жер телімінің тапшылығына байланысты 2022 жылы тұрғын үйді іске қосудың жос­парлы көрсеткіштерін 18-ден 15,1 млн шар­шы метрге дейін төмендету жоспар­лан­ды. Яғни, биылдан бастап біз жер ре­сурс­тарын тиімді пайдаланып, көше-жол желісін дамыту және қоғамдық кеңіс­тіктердің сапасын арттыру мақсатында «шар­шы метр құрылысын көбейту прин­ци­пінен» жайлы өмір сүру ортасын қа­лып­тастыруға көшуді жоспарлап отыр­мыз», – деді вице-министр. Еркебұлан Дауылбаев мұны құрылыс қар­қынды салынғанымен, оған инф­ра­құрылым тарту жағы кешеуілдеп жат­қа­нын, тіпті жаңа ғимаратты инженерлік же­ліге қосу жылдарға созылып кететінімен түсін­дірді. Осыған орай 2025 жылға дейін жеке тұрғын үй құрылысына арналған 235 мың жер учаскесін қажетті инфра­құры­лым­мен қамтамасыз ету жоспарланған. Сондай-ақ кейінгі жылдары құрылыс нысандарының сапасына айтар арыз-ша­ғым артқан. Енді құрылыстың ашықтығын қамтамасыз ету және бақылауды күшейту мақсатында жыл соңына дейін «Е-Құры­лыс» ақпараттық жүйесі толық пайда­лану­ға берілуі тиіс. Өткен жылдан бері осы жүйеде МСҚБ (мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылауы) органдарының есеп­тілікті тапсыру процесі мен бақылау теті­гін автоматтандыру басталды. Оның айтуынша, министрлік құры­лыс­­ты бақылауды күшейту және сапасын арт­тыру үшін біз мемлекеттік бақылауды жос­парлаудан бастап, пайдалануға беруге дейін­гі құрылыс процесінің барлық цик­лін қамтитын заңнамалық түзетулер дайын­­даған. Осыған байланысты құры­лыс жобаларының сараптамасы негізінде қала құрылысы сараптамасы институтын енгізу мәселесі қарастырылып жатқан көрі­неді. Бұл шарт аумақтарды салу кезін­де тұрғындармен келісілмеген «шикі» жоспарларды бекітуге мұрша бермейтін болады. Бұдан бөлек, құрылыс циклінің бары­сы тұрақты түрде мемлекеттік бақы­лау­мен қамтылмақ, сондай-ақ мем­ле­кеттік сәулет-құрылыс бақылау ор­ган­дары объектілерді пайдалануға қа­был­дау процесіне қатысады. Бұл жайтты қоғамдық кеңестің төра­ға­сы Әмірхан Рақымжанов та растады. Ол қазір Мәжіліс қарауына тұрғын үй құры­лы­сына қатысты заң жобасы түскенін, ол қызу талқыланып жатқанын, егер Парла­мент­те жобаның осы нұсқасы қабыл­да­на­тын болса, онда қолданыстағы заңға 300-ге тарта өзгеріс енгізілетінін айтты.

Бағдарламаға енген ауылдар болашағынан үмітті

Міне, екі жылдан астам уақыт бойы рес­­­­публикада «Ауыл – ел бесігі» бағдарла­ма­сы жүргізіліп келеді. Бұл жоба «AMANAT» партиясының Жол картасына ен­­гі­зілген. Сол арқылы ауылдықтардың өмір сүру жағдайын жақсартып, әлеу­меттік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру, мемлекеттік қызметтер мен әлеу­меттік игіліктердің қолжетімділігін арт­­тыру, тұрғындардың жайлы өмір сүру ор­тасын қалыптастыру мақсат етілді. Республика аумағындағы 6,2 мыңнан ас­там ауылдың 3,5 мыңы болашағынан үміт күттіретін елді мекен ретінде осы бағ­­дарламамен қамтылды. Мұнда Қазақ­стан­дағы жалпы ауыл халқының 90 пайызы тұра­ды. Бұл жөнінде Ұлттық экономика ви­це-министрі Азамат Амрин мәлім етті. «2025 жылға дейін 3,5 мыңнан астам ауыл­ды жаңғырту үшін республикалық жә­не жергілікті бюджеттерден 126,3 млрд тең­ге бөлінетін болды. Осы қаражатқа 1 мың­нан астам жоба іске асырылып, 480 ауыл­­да 1,7 мың шақырым автомобиль жол­­­д­ары, 1,3 мың шақырым инженерлік же­­лілер және 302 әлеуметтік нысан жаң­ғыр­­тылады»,– деді вице-министр. Оның айтуынша, 2019-2021 жылдар ара­­лығында ауылдық жерлерді дамыту үшін мемлекеттік және жекеменшік ин­вес­­тицияның есебінен 1,2 трлн теңге ин­­вестиция тартылған. Алдағы 4 жылда та­­ғы 1,3 трлн теңге бөлу қарастырылған. Со­­ның 670 млрд теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағ­­дарламасы бойынша берілмекші. Мемлекет басшысының тапсырма­сы­на сәйкес, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­­берінде әлеуметтік инфрақұрылымды да­мыту бойынша батыс және оңтүстік об­­лыстарға 27,4 млрд теңге сомасында қара­­жат бөлу көзделген. Осы қаражат есе­­бінен салынатын, жаңғыртылатын жә­­не жөнделетін әлеуметтік нысандар – мек­­теп, аурухана, мәдениет үйі, спорт ны­­сандары және тағы басқа объектілер ірік­теліп алынды. Биылға арналған респуб­ли­ка­лық бюджетті нақтылау шеңберінде қар­жы бөлу мәселесі Парламент Сенат­ы­ның қарауында жатыр. Жалпы, 3,5 мың ауыл­ды жаңғырту бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы­ның 274 тармағы Үкіметтің тұрақты ба­қы­лауында тұр. Жиналыс барысында АШК Қазақ­стан­дық іскерлік кеңес төралқасының тө­ра­ғасы Арман Евниев, Ауыл аумақтарын тұрақты дамыту қоры жанынан құрылған өңірлік даму бағдарламасының жетекшісі Фатима Герфанова, тағы басқа лауазым ие­лері сөз сөйлеп, өз ойымен бөлісті.