Күні кеше Қаржы мониторингі агенттігі 1,1 млрд теңге бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен «Зекет» қорының қамқоршылар кеңесінің мүшелеріне іздеу салды. Былтыр да қор директорының садақа есебінен отбасы мүшелеріне жоғары айлық тағайындап, жеке қажеттілігіне жаратып келгені белгілі болып еді. Осыған орай белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлынан мәселенің анық-қанығын сұрадық.– «Зекет» қорының қаржысын әркім иемдене берсе, халықтың қорға деген сенімі азаймай ма?
–Иә, көп жағдайда садақаны мешіттегі имамдарға сеніп тапсырамыз. Ал садақа бергеннен кейін ол қаржының ары қарай қайда кеткеніне алаңдамаймыз. Мешіт өзіне аударылған садақаны ашық хабарлап, электронды түрде адамдар бақылай алатындай мүмкіндік жасауы керек. Сонда халықтың да сенімі артады. Жылына қанша қаражат зекетке түседі, оның қаншасы мешіттің жоқ-жітігіне жұмсалады, қаншасы кедейлерге берілді? Мұны білуге садақа берген жанның қақысы бар. Бұл ақпараттар ашық болмай, осылай жалғаса берсе, зекет беруге күмән туындайды. Салдарынан әр адам өз айналасындағы мұқтаждарға ғана көмек қолын созып, мешітке мүлдем садақа бермейтін болады.
– Шыны керек, қор қызметтеріне мемлекеттік құқық қорғау органдары өз бетінше тексеріс жүргізе алмайды, жеке азаматтардың құқығы бұзылған жағдайда арыз негізінде ғана қаралады. Ендеше елден жинаған қаржының сұрауы қайда?
– Жалпы, Діни басқарма жеке діни бірлестік болып саналады. Заңнама бойынша, діни бірлестік пен мемлекеттің ісі бір-бірінен бөлінген. Дін ісіне мемлекет, мемлекет ісіне дін араласпайды. Сондықтан да діни мекемелерге қайырымдықтан келіп түскен қаржыны Есеп комитеті, Қаржы мониторингі агенттігі тексере алмайды. Түскен ақшаның сұрауы жоқ болған соң діни мекемелерде жеке адамдардың пендешілік әрекеттері болуы әбден мүмкін. Әрине, діни адам болған соң қор басшылары мен қызметкерлерінен үлкен жауапкершілік күтеміз. Соңғы болған оқиғалардан діни орындарда әртүрлі ниеттегі адамның жұмыс істейтінін көрдік. Енді осыдан кейін мешітке, «Зекет» қорына қойылатын талаптарды күшейтуіміз керек. Елімізде 18 конфессия, 4 мыңға жуық діни ұйым бар. Оларға аударылатын қаржы қайда кетіп жатыр? Мұның барлығы адамның жеке қызығушылығы ғана емес, қауіпсіздік мәселесіне де қатысты. Сондықтан діни мекемелер түсетін миллиардтаған қаржыны ашық жариялап отыруы керек. Садақаны сұрауы жоқ тиын-тебен көрмегеніміз жөн. Өйткені еліміздегі мұсылмандардың жартысы пітір ретінде 500 теңгеден берсе де, бұл қыруар қаржы. Ал қайырымдылықтың есебін беруге имамдар дін өкілі ретінде өздері мүдделі болуы тиіс. Ол үшін діни бірлестіктер садақаға, зекетке, пітірге, мешіттің қажеттілігіне, қайырымдылыққа деп жеке-жеке есепшот ашып, қанша адамға үй алып бергенін жариялап отыруы керек. Сонда халықтың сенімі артады.
– Кейде дүкенде тұратын көп жәшікті «Зекет» қоры емес, алаяқтардың орнатқанын естіп жатамыз. Осындай жәшіктерге тиын-тебен салу дұрыс па? Мұның сауабы садақа бергенмен бірдей ме?
– Дүкендердегі мұндай жәшіктерде көп қаржы жиналады деп айта алмаймын. Бірақ көп түкірсе – көл. Енді мұндай жәшіктерді тек «Зекет» қоры емес, медреселер мен баласына жәрдем сұраған мұқтаждар да қоя алады. Оның ішінде бір қалаға жүздеген жәшік қойып, пайда тапсақ дейтін алаяқтар да бар. Қазір адамдардың қулығына құрық бойламайды. Ауру баланың атын жамылып, кем-кетіктің жағдайын пайдаланып, әлеуметтік желіде де ақша жинайтындар көбейіп кетті. Сондықтан зерттемей, сұрамай, әйтеуір садақа беруіміз керек деп сала беру дұрыс емес.
– Негізі, зекет берудің шарты қандай?
– Зекет, садақа, пітір, фидияның діндегі үкімі кедей-кепшік, жарлы-жақыбайларға арналған. Кез келген қоғамда басына іс түскен, жетім-жесір, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ адамдар болуы мүмкін. Сол үшін зекет беретін адамдардың да деңгейі бар. Біріншісі, күнкөрісінде қиындығы бар мұқтаж адамдар. Екінші, сапарда жолда жүрген жандар. Қазақ жолаушыға үйіне жеткенше көмектескен. Үшінші, қарызы барлар. Төртінші, ілім іздегендер. Оқу ақысын төлей алмай, көпбалалы отбасылардан шыққан азаматтар болса, зекет беріледі. Бесінші, зекет жинайтын мешітке, қорға беруге болады. Бірақ оларға күмән болмауы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!