«Көктөбеге» Мемлекеттік Ту орнатылды
«Көктөбеге» Мемлекеттік Ту орнатылды
606
оқылды
Түркістан облысының Кентау қаласында 25 метр биіктікке Мемлекеттік Ту орнатылды. 1 мамыр мерекесіне орай аймақтағы шаһарда «Көктөбе» демалыс орны пайдалануға берілген. Жалпы құны 100,367 млн теңге болатын жоба аясында 25 метр биіктікке Мемлекеттік Ту қойылған. Қастерлі рәміздің жан-жағы абаттандырылып, орындықтар, көлік тұрағы мен қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнекамералар орнатылды. «ҚазАқпараттың» хабарлауынша, іс-шара барысында Кентау қаласының әкімі Рашид Аюпов, қалалық мәслихат хатшысы Талғат Балабиев және ақсақалдар көпшілікті мерекемен құттықтады. Жалпы, «Көктөбе» аймағы қала көшелерімен есептегенде 540 метр биіктікте орналасқан. Сол тұстан қаланың барлық аймағын еркін тамашалауға болады. Бүгінгі таңда, қала әкімдігі тарапынан демалыс аймағының маңайына мейрамхана, қонақ үйлер салуға инвесторлар тарту жұмысы жүргізіліп жатыр.