Өңірдің әр баласы дарынды болуы тиіс
Өңірдің әр баласы дарынды болуы тиіс
649
оқылды
Биыл Республикалық пәндік олимпиаданың қорытынды кезеңінде Маңғыстау облысының командасынан 91 оқушы білімін сынап, оның 9-ы алтын, 15-і күміс, 20-ы қола медаль алды. Жалпы командалық есепте «НЗМ» ДББҰ, Алматы қаласы, Нұр-Сұлтан қаласы, Ақтөбе облысы және Республикалық білім беру ұйымдарынан кейінгі орыннан көрінді. Мұндай деңгейден көрінуде «Дарын орталықтарының еңбегі де елеулі екені анық. Біз Маңғыстау облысы «Дарын» қосымша білім орталығы директоры Несібелі Қыдырғалиқызын әңгімеге тартқан едік. Білім беру саласы күн сайын өзгеріске ұшырап жатыр. Бұрын білім беру кеңістігінде басты бағыт қатарында ерекше дарынды балаларды анықтап, олардың қабілетін одан әрі шыңдай түсу болса, қазір баланы дарынды, дарынды емес деп бөлмей, керісінше олардың талантын ашу маңызды. Өмір сүруге қажетті ең маңызды қасиеттерді де игерту – мұғалім мақсаты. Сол себепті Маңғыстау облыстық «Дарын» қосымша білім  орталығы аймақтағы әрбір баланың жеке ерекшелігін анықтауға жұмыс жасауды қолға алыпты. – Біздің мақсатымыз – Маңғыстаудың әрбір түлегін мектептен өмір сүруге қажетті құзыреттіліктермен шығару. Оқушылардың бойында дарынды қасиетті қалыптастырушы факторларға жеке тоқталғым келеді. Дарынды балалармен жұмыс саласындағы 10 жылдан астам уақытта дарындылықты қалыптастыруда неге мән беру қажеттігін саралай түстім: Бастысы, біз дарындылық тек олимпиада немесе ғылыми жобалар сайысы арқылы өлшенетін стериотип дегеннен арылуымыз қажет. Жалпы оқушының дарынды болуы, оның жеке ерекшеліктерінің ашылуы үшін бірінші кезекте мектептегі білім беру кеңістігі дұрыс болуы маңызды. Оның ішінде баланың мектепке үлкен ынтамен келуі, мектебіне, мұғалімдеріне деген сүйіспеншіліктің болуы сияқты философиялық факторлардан инфраструктуралық әлеуетке дейін әсер етеді, – дейді орталықтың басшысы. Соңғы уақытта жиі көтерілетін мәселенің бірі – мектептегі білім беру сапасы. Мемлекеттік білім беру стандартындағы әр пәннің сапалы болуын қамтамасыз етпей, дарындылықты дамыту мәселесін көтеру дұрыс емес деп ойлаймын. – Дарындылық фундаменті – мектептегі негізгі пәндердің сапалы өтуінен басталады. Бұл ретте, мектептердегі әдістемелік бірлестіктердің жұмысын жандандыруды қолға алу қажет деп есептеймін. Әдістемелік бірлестік – пән мұғалімінің шындалуына, тәжірибе алмасуына, өзінің сұрақтарына жауап алатын шығармашылық территория. Өкінішке орай, әдістемелік бірлестіктердің отырыстары формальды кейпінде өтуде. Осы сәтті пайдалана отырып, мектеп директорлары мен әдістемелік бірлестіктердің жетекшілеріне бірлестік жұмысының қайта жандануына әрекет жасауға шақырамын. Бірлестіктің отырысына әдіскерлер немесе ардагер ұстаздардың қатысуын да дәстүрге айналдыруға болады, – деп білім сапасын көтерудің бір тетігін атады ол. Яғни әдістемелік бірлестік – мұғалімдердің трансформациясының фабрикасына айналуы тиіс. Бүгінде педагогтер қоғамның дамуына сай болуы аса маңызды. Мұны Несібелі Қыдырғалиқызы да қуаттап: – Қоғам өте қатты жылдамдықпен дамып жатса, ұстаздардың оған еруінде мәселелер бар деп ойлаймын. Мұғалімнің шеберлігі – біліктілік арттыру курстары, тәжірибе алмасу алаңдары, семинар, вебинар және конференцияларға қатысу арқылы толығады. Сол себептен, әріптестеріміз өзін-өзі дамыту парадигмасы аясында көп жұмыс жасау керек. Ол  үшін қашықтықтан ұйымдастырылатын курстардан бастап, офлайн өтетін іс-шаралар жеткілікті. Дарындылықты қалыптастырушы факторлардың қатарына – мектептегі тәрбие жұмысының да үлесін атап айтқан жөн. Біріншіден, әр баланың кем дегенде бір секциямен, үйірмемен,  қосымша біліммен қамтылуын қамтамасыз ету. Екіншіден, оқушының жеке хоббиінің дамуына жағдай жасау, оны өзіндік қызығушылықтарын қанағаттандыруға бағыттау. Үшіншіден, іс-шаралардың сапалы өтуіне бақылау жүргізу керек, – деді. Жалпы «Мектеп жүрегі – мұғалім» десек, педагогтердің білікті, білімді, белсенді болуымен қатар, заманауи білім дағдыларын игеріп, ақпараттық коммуникациялық технология қолдана алуы міндет. Несібелі Қуатова өңірдің әрбір мұғалімінің кәсіби дамуына мониторинг жүргізуді ұсынып отыр. – Маңғыстау облысында мықты мұғалімдер аз емес. Олар түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының қазақ тілі мұғалімі Валентина Әбдіхалық, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр мектеп-лицейінің мұғалімдері тарих пәнінің мұғалімдері Алия Қадірова, Бауыржан Айманов, Білім-инновация лицейінің химия пәнінің мұғалімі Бахдәулетұлы Ибрахим, Ақтау қаласы Ф.Оңғарсынова атындағы №29 мектебінің география пәнінің мұғалімі Дина Бегейбай, Мұнайлы ауданы №3 мектебінің география пәнінің мұғалімі Қуат Байназаров, Жаңаөзен қаласы Жаңаөзен мектеп-лицейінің география пәнінің мұғалімі Шынар Менкеева, Ақтау қаласы IT  лицейінің география пәнінің мұғалімі Людмила Рябова, Маңғыстау ауданы Онды орта мектебінің қазақ тілі мұғалімі Күнімкүлді Санжанова ерекше атап өтер едім. Мұғалімдердің тынымсыз еңбегі - өңірдің өз рекордының жаңаруына алып келді. Нақтырақ айтсам – биылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша  республикалық олимпиададан облыс оқушылары 44 медалді иеленді. Сапа бойынша өңір көрсеткіші республика көлемінде алтыншы орында. Бұл көрсеткіш былтыр он екінші орында еді, – дейді орталықтың басшысы. P.S.: Жапонияда жер қойнауындағы қазба байлықтарынсыз-ақ дамыған елдердің алдыңғы қатарында. Израильдің даласы құм-тасты бола тұра жоғарғы технологияларды қолдану арқылы табысқа жетіп отыр. Әрине, мұның бәрі адам капитал сапасының нәтижесінде орын алуда. Ал, адам капиталын қалыптастырып, дамыту ұстаздардың қолында. Ендеше, өтпелі кезеңде ұстаздарға мол жауапкершілік жүктеліп отыр. Ал, жауапкершілікті қаншалықты сезініп отырғандығын пәндік олимпиаданың қорытынды көрсеткішінен көруге болады.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ